қызылша жинауға шықты
Облыста қант қызылшасын өсіруге қолайлы ауданның бірі – Байзақ. Биыл ауданда қант қызылшасы 1360 гектар алқапқа өсірілді. Бүгінде оның 70 пайызы жиналған. Дегенмен, соңғы апталарда күн жауын-шашынды болуына байланысты бейнетпен өсірілген тәтті түбірді тез жинап алу қажет-ақ. Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев күн сайын қызылша алқаптарын аралап, ондағы науқан барысын тікелей бақылауында ұстап отыр. Аудандық мекемелердің қызметкерлері қызылша жинасуға көмекке келді.
Олар жұмысты «Талап» шаруа қожалығынан бастады. Мұның себебі де жоқ емес. Биыл 110 гектар алқапқа қызылшаның тұқымы Израильден әкелініп, егіліп, өсірілген. Оның 30 гектарының өнімі жиналыпты, түсімі гектарына 600 центнерден айналуда. Бұл күні Мұратхан Жүнісәліұлы да аяғына керзі етік киіп, қызылшаның түбін шауып, жинауға көмектесті. Ол алқап басында қызылшаның терімінде жүрген еңбеккерлермен де емен-жарқын әңгімелесті. Көмекке келгендердің көңіл-күйі көтеріңкі. Олар «Қызылшашылар жырын» әуелете айтып, терген тәтті түбір әп-сәтте-ақ тау-төбе болып үйіліп те қалды.
Ұзақ жылдан бері қант қызылшасын өсірумен шұғылданып келе жатқан қожалықтың төрағасы Мауыт Фазуловтың да көңіл-күйі көтеріңкі. Себебі, биыл да қызылшадан шаш-етектен пайдаға кенелудің алдында тұр. Қызылшаға мемлекет тарапынан бөлініп отырған субсидия көлемі жаман емес, әр гектарына 50 мың теңгеден қарастырылған. 3ауытқа жеткізілген әр тонна тәтті түбірге өкімет 2250 теңгеден қаржы төлеп, тыңайтқышқа кеткен шығынның да 70 пайызын мемлекет жабады. Мауыт Фазулов келесі жылы қызылша алқабын 200 гектарға жеткізуді көздеп отыр.
Қызылша қазығына 80 адам жұмысқа тартылыпты. Олардың орташа айлық табысы 70 мың теңге көлемінде. Жалғас Тәжімұратов бірнеше жылдан бері осы «Талап» шаруа қожалығының маусымдық жұмыстарына атсалысып жүргенін, күніне 2 мың теңгеден табыс табатынын айтады. Терімші Әлия Мақашева да еңбектің наны тәтті екенін, осы жұмысымен-ақ отбасын асырап отырғанын жеткізді. Қызылша алқабының басында аудан әкімі Мұратхан Шүкеев БАҚ өкілдеріне жұмыс барысы жөнінде қысқаша айтып берді. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 игі шара» аясында мемлекеттік қызметкерлер бір күнгі еңбек күндерін алқап басында өткізіп, шаруа қожалықтарына күзгі жиын-терін жұмысына көмектесуге арнап отыр. Мақсат – өнімді қар астында қалдырмай түгел жинап алу. Аудан бойынша барлық қызылша алқабында жиын-терінді апта ішінде аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Тәтті түбірдің әр гектарынан түсетін орташа өнім 400 центнерден кем болмайды деп күтілуде, – деді ол.
Байзақ ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді