Елімнің ерлік жолы

Елімнің ерлік жолы
ашық дереккөз
Елімнің ерлік жолы

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты облыстық патриоттық әндер байқауы өтті. Байқауды «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Камал Нарбатыров сөз сөйлеп ашып, Тәуелсіздік терең тағылым екенін айтып, үміткерлерге сәттілік тіледі. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің мәжіліс залында өткен шараға 13 талапкер қатысып, елге деген сезімдерін асқақ әндермен, сырлы сазбен жеткізді. Шарада қазақ, өзбек, түрік, грек, күрд, қарашай, еврей ұлтының мәдени орталықтары белсенділік танытты. Грек ұлтының өкілі Ангелина Поберезкинаның, қарашай ұлтының өкілі Азрет Хуртуевтың, түрік ұлтының өкілі Мамедали Аббасовтың өнерлеріне көпшілік құрмет көрсетті. Қазылар алқасының шешімімен Абай атындағы Жамбыл педагогикалық колледжінің студенті Сымбат Төребекова байқаудың жеңімпазы деп танылды. Сымбат орындаған «Гүлстан – Қазақстан», «Құсни Қорлан» әндері тыңдарманның жүрегін тербеді. Жүлделі екінші орындарды Жамбыл медициналық колледжінің студенті Аяжан Орынбасар мен Абай атындағы Жамбыл педагогикалық колледжінің студенті Мөлдір Төлебекова өзара бөлісті. Үшінші орынға «Әулиеата» қазақ мәдени бірлестігінен қатысқан «Арман» дуэті, күрд мәдени бірлестігінің өкілі Делихан Осман және Абай атындағы Жамбыл педагогикалық колледжінің студенттері Ілияс Қаһарман мен Асыл Жомартов дуэті лайық деп танылды. Байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлерін облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Нұралы Абдуллаев пен қытай мәдени бірлестігінің төрайымы Галина Воробьева марапаттап, диплом және бағалы сыйлықтар тапсырды.

Есет досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар