сүт безі қатерлі ісігіне ота жасалды
Қазақстанда сүт безінің қатерлі ісігі қаупі асқынып тұр. Жыл сайын елімізде 3 мыңнан астам әйел осы ауруға шалдықса, оның мыңнан астамы аталған кесел салдарынан көз жұматын көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дабылы бойынша бұл дерттің кең таралғаны соншалық, бүкіл әлемді алаңдатарлық жағдайға жеткен екен. Халықаралық дәрежедегі маммолог мамандар, Испаниядан радиолог Мая Джугашвили, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері мен барлық облыстың онкологиялық диспансерлерінің бас дәрігерлері Тараз қаласына арнайы келіп, халықтың назарын қатерлі ісік ауруларының алдын алу мен оны ерте анықтау мәселелеріне аудару, әйелдердің өз денсаулығын күтуде сауаттылығын арттыруға ден қоюының мәні осы. Еліміздің бас маммологы Шынар Талаева облыстық онкологиялық диспансерде сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан Шу ауданының 32 жасар тұрғынына өңірімізде алғаш рет ота жасады. Отаның бұл түрі бұрын Алматы, Астана қалалары мен Оңтүстік Қазақстан облысында ғана жасалған болса, сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан тұрғындар ота жасату үшін енді алысқа сабылмайтын болады. Бұл туралы сол күнгі онкологиялық аурулар бойынша еліміздің аурушаңдық деңгейін төмендету және науқасты емдеуде жаңа инновациялық әдіс-тәсілдер қолдану жөнінде өткізілген баспасөз мәслихатында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Диляра Қайдарова мен облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Абай Нұржанов айтып берді. – Облысымызда жыл сайын шамамен 150 адамнан сүт безінің қатерлі ісігі анықталады. Өткен жылы осы сырқаттың кесірінен 87 әйел қайтыс болған еді. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша, облысымыздағы қатерлі ісік аурулары арасында сүт безі обыр ауруы алдыңғы орынға бір-ақ шықты. Өңірімізде алғаш рет ота жасатқан науқастың дерті сүт безі қатерлі ісігінің І және ІІ сатысына жатады. Оның ауруының анықталғанына шамамен 1 айдай уақыт болған еді. Білікті маммолог Шынар Талаева науқастың ісік безінің орнына имплантант қою арқылы отаны сәтті жүзеге асырып, жергілікті дәрігерлермен өз тәжірибесін бөлісті. Ең бастысы – науқастар ота жасату үшін енді өзге қалаға сандалмайтын болады, – дейді Абай Нұржанов. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағындағы «Біз қатерлі ісікке қарсы тұрамыз!» қайырымдылық марафонына 600-ден астам тұрғын белсенді түрде қатысып, акцияны қолдауға келген қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Жанна Орынбасарова тараздықтарды әсем ән ырғағына бөледі.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді