жолың болсын, жолаушы
Айтжан ЖҰМАБЕКОВ, облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы.
Қазақстан 2020 жылы көлік логистикасы дамыған озық 40 елдің қатарына кіруді көздейді. Макроөңірлер «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде құрылатын біртұтас көліктік, логистикалық және коммуникациялық құрылым аясында бірігулері тиістігі Елбасының халыққа Жолдауында да атап өтілгені белгілі. Осыған байланысты жасалып бекітілген еліміздегі жол-көлік саласының инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына сәйкес облысымыз аумағында таяу жылдар ішінде 10 автостанса, 10 жолаушыларға қызмет көрсету пункті және 79 такси тұрағын салу жоспарланған. Міне, осы бағдарлама аясында Тараз қаласында да жаңа автостанса және Б.Момышұлы ауылында жолаушыларға қызмет көрсету пункті пайдалануға берілді. Жаңатас қаласы мен Мойынқұм ауылындағы автостансалар қайта жаңартылды. Ал Аса ауылында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан мұндай нысанның ағымдағы жылы пайдалануға берілуі күтілуде. Қаратау қаласы мен Қордай ауылында да автобекеттер салуға жер телімдері бөлініп беріліп, оның жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Ал қазір өңірімізде 1 автовокзал, 8 автостанса және 1 жолаушыларға қызмет көрсету пункті жұмыс істейді. Бүгінгі күні 23 тасымалдаушы мекеме барлығы 161 бағыт бойынша 1145 автобуспен қызмет көрсетуде. Міне, осы істің сапалық деңгейін көтеру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2011-2015 жылдар аралығында 551 жаңа автобус сатып алынды. Олардың қатары жыл басынан бері 21 бірлікке артты, таяу күндерде тағы да 45-ін сатып алу күтілуде. Өңіріміздегі 373 елді мекеннің 335-іне автобус қатынасы орнатылып, көлік қатынасымен қамту көрсеткіші 89,81 пайызды құрап отыр. Облыстық бюджеттен субсидияланатын әлеуметтік маңызы бар қала маңындағы «Жамбыл – Жаңатас», «Шу – Отар, «Шу – Мыңарал» бағыттары бойынша пойыздар қозғалысы және «Тараз – Жайлаукөл», «Шу – Шығанақ – Мыңарал» автобус бағыттары орнатылып, Бел, Хантау, Қияқты, Шығанақ, Бурылбайтал, Жайлаукөл, басқа да елді мекендер қоғамдық көліктер қатынасымен қамтылды. Тағы бір айта кетерлік жай, жолаушыларды тасымалдау барысында автобустарды бақылап отыру үшін түрлі бағыттардағы 1095 автобусқа GPS трекерлері орнатылды. Қалалық бағыттарда навигациялық бақылау жүйесін пайдалану нәтижесінде бағыттан ауытқу, уақтылы жүрмеу, кестелердің жабылмауы және тағы басқа барлығы 839 кемшілік анықталды. Осыған байланысты тасымалдаушы мекемелерге шаралар қолданылды. Облысішілік бағыттарда қызмет көрсететін тасымалдаушы мекемелердің қолданыстағы заң және келісімшарт талаптарының орындалуына басқарма мамандары тарапынан тиісінше бақылау жүргізіліп, барлығы 335 кемшілік анықталды. Бұл тұрғыда 22 ескерту беріліп, орын алған олқылықтар түзетілді. Сондай-ақ, заңсыз такси мен тұрақты емес тасымалдаушылардың жұмысын тоқтату мақсатында облыстық прокуратура, жол полициясы және көліктік бақылау инспекциясы мамандарымен бірлесіп, рейдтік тексерістер жүргізілді. Нәтижесінде, жүргізушілерге 72 хаттама толтырылып, айыппұл салынды. 2015 жылы жобалық құны 1,8 миллиард теңгені құрайтын Тараз әуежайының жолаушылар терминалына қайта жаңарту жұмыстары жүзеге асырылды. Сөйтіп, оның жалпы пайдалану аумағы 3400 шаршы метрден 6038 шаршы метрге ұлғайтылды. Болашақта мұнда қосымша халықаралық және ішкі әуе бағыттарын ашу жоспарлануда. Мұның барлығы да ел игілігін еселеудің қамы, Тәуелсіздігіміздің жемісі екені анық. Алда атқарылар іс, ауқымды жобалар көп-ақ. Оның бәрін де ауызбіршілікпен біріге, күш жұмылдыра отырып еңсеретін боламыз.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді