«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шу ауқымды істердің алаңына айналды

Шу ауқымды істердің алаңына айналды
ашық дереккөз
Шу ауқымды істердің алаңына айналды

Ел мерейін өсірген Тәуелсіздік жылдары облысымыздың экономикалық-әлеуметтік салаларында көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Көкейкесті мәселелердің түйіні тарқатылып, өндірістік нысандар, мектеп, балабақша, медициналық мекемелердің қатары көбейе түсті. Ел ішіндегі игі жұмыстар жарасымды жалғасын таба бермек. Тоғыз жолдың торабына орналасқан Шу өңірінде де жүзеге асырылып жатқан игілікті істер аз емес. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ауданға келіп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Облыс басшысымен бірге ауданға облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов және облыстық басқарма басшылары келді.

Кәрім Нәсбекұлы бастаған жұмыс тобы алдымен «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында болды. Бұл болашақ химиялық зауыттар шоғыры ел назарында. Ал келешекте Шу өңірінде 16 зауыт іске қосылса, жаңа өнімдер өндіріліп ел экономикасына қомақты пайда әкелетіні анық. Онда Қазақстанда аз өндірілетін немесе тіпті өндірілмейтін және тиімді экономикалық көрсеткіштерге ие химиялық өнімдер шығарылатын болады. Өндіріс аймағында бүгінде ішкі-сыртқы инфрақұрылым жұмыстары аяқталуға таяп келеді. Бүгінде тұрғын үй кешені, әкімшілік-тұрмыстық корпус елу пайызға аяқталса, кіреберіс бақылау пункті, тұрмыстық қалдықтарға арналған жүйе, электр энергиясымен қамту жұмыстары тәмамдалуға жақын. Сыртқы қоршау 30 пайызға дайын. Сондай-ақ, қазір «Хим плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауыт салу жұмысына кіріскен. Құрылыс жұмысына 400 адам тартылған. Ал жалпы алғанда экономикалық аймақта 550 адам жұмыс істейді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев «Тараз химиялық паркі» АЭА БҚ» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұржан Сұлтаналиевпен кездесу барысында зауыттар төңірегінде шағын кәсіпкерлік желісін іске қосу туралы мәселеге тоқталды. Себебі, алып өндіріс аймағы толықтай іске қосылса, мыңдаған адамға жұмыс орындары ашылып, олардың тұрмыстық қажеттіліктеріне орай кәсіптің түр-түрін дөңгелетіп әкетуге мол мүмкіндік пайда болатындығын еске салды. Осы орайда, аудан басшылығына инфрақұрылымды реттеп, аталмыш мақсаттағы жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды. Облыс әкімінің сапары Шу қаласының орталық қазандығында жалғасып, жылыту маусымына дайындық барысы пысықталды. Ауданда 2016-2017 жылдардағы жылыту маусымына 11463 тонна көмір қажет. Өткен жылдан 436 тонна көмір қалған. Бүгінде облыс бюджетінен 66000 мың теңгеге 5366 тонна көмір сатып алынып, оның 2500 тоннасы жеткізілген. Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің резервінен 65395 мың теңге бөлініп, 12700 теңгеден 5125 тонна көмір сатып алуға келісімшарт жасалуда. Қазір күнделікті орта есеппен 56 тонна көмір жағылуда. Аймақта мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтерген балабақшалар қатары артуда. Облыс басшысы аудандағы жұмыс сапарында аталмыш бағдарлама аясындағы №50 балабақшасының лентасын қиып, ата-аналар мен бүлдіршіндер қуанышына ортақтасты. Үш қабатты 150 орындық «Арайлым» балабақшасының құрылысы өткен жылы басталған болатын. Жобаның жалпы құны 340 миллион теңгені құрайды. Мердігер «Компания Марк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұған дейін қалада 50 және 150 орындық екі балабақша құрылысына қатысқан болатын. Жаңа ғимаратта мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуге қажетті барлық жағдай жасалған. Музыка, спорт залдары, ойын бөлмелері, үш медициналық кабинет, әкімшілік кеңселер, сондай-ақ есік алдында ойын алаңы бар. Облыс басшысы жаңа нысанның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, сыйлық табыс етті. Ол сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты әрі кәсіпкер Ким Никонға алғысын айтып, оның бастамалары басқа бизнесмендерге үлгі болу керектігін тілге тиек етті. Биылғы оқу жылының басында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде Шу қаласында 200 орындық «Әсия әлемі» балабақшасы ашылған. Заманауи талаптарға түгелдей сай келетін осы балабақша жұмысымен де облыс басшысы танысып шықты. Сондай-ақ, сапар барысында Дулат ауылдық округінде 2015 жылы ашылған Ә.Молдағұлова атындағы 150 орындық орта мектептің тыныс-тіршілігі де назарға алынды. Мектептің сметалық құны 549 миллион 548 мың теңгені құрап, облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінген. Бүгінде ауыл мектебінде 127 оқушы білім алуда. Шу қаласының басты қақпасы, яғни темір жол вокзалы төңірегінің жайы көптен бері көпшіліктің көңілін күпті қылған мәселенің бірі болатын. Ал Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында аталмыш алаң жаңа сипат алып, қала тұрғындарын қуанышқа кенелтті. Көлік жолы тақтайдай тегістеліп, «Теміржолшылар» аллеясына дейін тас төсемелермен безендірілді, орындықтар орналастырылып, ауданның «Құрметті теміржолшыларының» есімдері жазылған Құрмет тақтасы ашылды, ескерткіштер жаңартылып, жасыл желек пен жарқыраған шамдар айналаның ажарын аша түсті. Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев пен аудан қонақтары алаңның жаңаша сипатына сүйсініп, ондағы Т.Рысқұлов ескерткішіне гүл қойды. Облыс басшысы алаңда қала тұрғындарымен кездесіп, еліміз тойлағалы отырған Тәуелсіздік мерекесіне табыспен жетуге шақырды. Шу ауданының топырағынан өңірдің, республиканың абыройын асқақтатқан талай даңқты спорт саңлақтары түлеп ұшқан. Еліміздің беделді жаттықтырушылары Юрий Цхай, Құрмаш Қаршығабеков – осы ауданның тумалары. Еңбек жолы Шу ауданынан басталып, қазір Қазақстан Республикасы Бокс федерациясының вице-президенті қызметін атқарып жүрген Юрий Цхайдың ықпал етуімен Шу қаласында ҚР Бокс федерациясының демеушілігімен Шу қаласында «Тарлан» спорт кешені ашылды. Спорттың бокс, дзюдо, ауыр атлетика түрлеріне жеткіншектерді баулып, болашақ чемпиондарды дайындау мақсатын көздеген спорт кешенінің ашылу салтанатына облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы, Юрий Цхай, сондай-ақ Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев пен Рио Олимпиадасының жеңімпазы Данияр Елеусінов қатысты. Бұл – ҚР Бокс федерациясының «Құрылыс» бағдарламасы аясында соғылған алғашқы ғимарат. Кешен екі қабаттан тұрады. Екінші қабатта көлемі 24/36 шаршы метр болатын, ішінде бокстың екі шаршы алаңы қойылған залы және күрестің әр түріне арналған зал, ауыр атлетика залы, жаттықтырушылар бөлмесі орналасқан. Ал бірінші қабатта жаттығу жабдықтары залы, киім ауыстыру бөлмесі, спорттық керек-жарақтар дүңгіршегі, дәрігерлік пункт бар. Сондай-ақ ғимараттың бірінші қабатында 25 орындық жатақхана мен шағын асхана бой көтерген. Ал сыртта қоршалған кіші футбол алаңы, екі жүгіру жолы, сондай-ақ жаттығу құрылғылары орналастырылған. Ғимарат сырты түгелдей қоршалып, айналасы көгалдандырылып, асфальт төселген. Жаңа кешеннің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Ю.Цхай «Осы мектептен Шу ауданының атын әлемге танытатын чемпиондар шықсын» деген тілегін жеткізді.

img_5782 img_5764 img_5711 img_5619 img_5617 img_5594

Шу ауданы.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар