Саят МОМБЕКОВ, Тамды ауылдық округінің әкімі.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерейлі табыстармен қарсы алу – баршамыздың абыройлы міндетіміз. Ол үшін Елбасы алға қойған міндеттерді, Үкімет қабылдаған бағдарламаларды орындауға ұжымды ұйыстырып, ел байлығын еселеуге үлес қосу керек. Әсіресе, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында атап көрсетілгендей, азық-түлік қауіпсіздігін жасауға үлес қосу – ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің басты міндеті. Тамды ауылдық округі – мал және егін шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 27547 гектарды құрайды. Оның ішінде суармалы егістіктің көлемі – 613, шабындық – 8105, жайылымдық – 18829 гектар. 2016 жылдың статистикалық мәліметтеріне сүйенетін болсақ, ауылда 272 отбасында 1595 адам тұрады. Ауылда Қойгелді атындағы орта мектеп, 75 балаға арналған «Ақниет» балабақшасы, ауылдық дәрігерлік амбулаториясы, Мәдениет үйі, кітапхана және «Қазпошта» бөлімшесі, темір жол стансасы мен ауылды ауызсумен қамтамасыз ететін «Аян-әлі Сауда» ЖШС мекемелері тұрғындар үшін қызмет көрсетуде. Ауыл шаруашылығы саласында ілгерілеушілік байқалуда. Осы бағытта ауылдағы шаруашылық иелері мемлекеттік әртүрлі бағдарламалар бойынша жеңілдіктерді пайдаланып, кәсіпкерлік желісін кеңейтуде. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Жұлдыз» шаруа қожалығы – 30, «Төребек-талы» шаруа қожалығы – 190, «Ұлан» шаруа қожалығы 45 бас мүйізді ірі қара және жеке кәсіпкер «Сейдалиева Айгүл» 4 бас асыл тұқымды бұқа сатып алып, қоғамдық табынға қосып, мемлекеттен бөлінген субсидияға қол жеткізуде. «Құлан» бағдарламасы аясында несие алған «Асхат» шаруа қожалығы да жұмысын жемісті атқаруда. 2016 жылы «Алтын асық» бағдарламасы аясында қой-ешкі сатып алу үшін «Қыдырбек» шаруа қожалығы 4 миллион 560 мың теңге және «Уақ» шаруа қожалығы 10,0 миллион теңге көлемінде несие алып, шаруашылықтарын дамытуда. «Ұлан» шаруа қожалығы аталған бағдарлама аясында «Әулие-Ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне құжаттарын тапсыруда. 2015 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 1 жеке кәсіпкер 2 миллион теңге көлемінде несие алған болса, 2016 жылдың 6 айында 3 азамат 9 миллион теңге несие алды, (Айткүл Сақтапова мал өсіруге 3 миллион теңге, Қыдырбек Нұрдан мал өсіруге 3 миллион теңге және Жасұлан Сейдуалиев жылқы өсіруге 3 миллион теңге), 3 азамат әрқайсысы 6 миллион, 6 азамат әрқайсысы 3 миллион теңге көлемінде несие алуға ниет білдіріп отыр. Бүгінгі күнгі ауылдық округ бойынша 1663 бас мүйізді ірі қара, 1030 бас жылқы, 24521 бас қой-ешкі, 1200 үй құсы бар. Шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындарының малын емдеу, ветеринариялық-сауықтандыру және диагностикалық жұмыстардың кешенді іс-шара жоспары толығымен атқарылуда. Аудан әкімі Болат Рысмендиев халық алдындағы есеп беру кезінде округ аумағында орналасқан «Тамды» су қоймасына су реттегіш дамбы соғып беруге және Қойгелді орта мектебінің спорт залын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға қаржы бөлу мәселелерін шешуге уәде еткен болатын. Бүгінгі күнде аудандық бюджет есебінен су реттегіш дамбы соғу үшін 7,7 миллион теңге бөлініп, «Севолана» ЖШС жұмыс жүргізуде. Спорт залға жоба-сметалық құжат дайындауға 5,8 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылуда. 2015 жылға аудандық бюджеттен «Өңірлерді дамытудың жол картасы» бағдарламасы бойынша «Жастар» саябағын абаттандыру жұмыстарына 1421,7 мың теңге қаражат және Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті абаттандыруға 2198,7 мың теңге қаражат қарастырылып, жұмыстар толығымен жүргізілді. 2016 жылы Мәдениет үйінің қоршауын ағымдағы жөндеуден өткізуге 1482,0 мың теңге қаражат бөлініп, жұмыс толық аяқталды. Былтыр Тамды ауылы тұрғындарын қысқы-көктемгі су тасқыны кезіндегі қауіпсіздігін күшейту мақсатында Тамды өзенін жөндеуге және «Қойгелді – Қаратау» бағытындағы 2 километр тасжолын асфальттауға 51,0 миллион теңге және ауызсу қоймасының қоршау жұмыстарына 2,7 миллион теңге бөлініп, қаралған қаржы толық игерілді. Ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында ауызсу құбырын дезинфекциялау жұмыстарына 500 мың теңге қарастырылды. Округ аумағында орналасқан «Talas Investment Сompany» ЖШС-ның бас директоры Бақтияр Алдашовтың демеушілігімен 2016 жылы «Тамды» су қоймасынан тартылған 2 километр «Бертан» каналын тазалау жұмыстары жүргізілді. «Жамбыл Недр» ЖШС-ның директоры Асхат Іңкәрбековтің көмегімен ауыл жастарына шағын футбол алаңын соғу үшін жерді тегістеу жұмыстарына демеушілік жасағаны және ауыл халқын тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткендері үшін тұрғындардың алғысы шексіз. 2010 жылы ауылдың Құрметті азаматы, кәсіпкер Жұмахан Танкебаевтың демеушілігімен Тамды ауылының тұрғындары үшін 120 келушіге арналған «Тәңкібай ата» мешіті пайдалануға берілген еді. Сол азамат бүгінгі күнде ауыл спортын дамытпақ ниетпен жастарға шағын футбол алаңын соғып беру жұмыстарын қолға алуда. Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы №438 Жарлығымен бекітілген жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасына сәйкес, ауылда жергілікті қоғамдық қауымдастық ұжымы құрылған. Қауымдастық төрағасы – Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы Сламбек Тілегени ағамыз. Осы қоғамдық қауымдастықпен тығыз байланыста бірлесіп жұмысты атқарып келеміз. Ауылдағы барлық жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде. Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесіне орай, арнайы іс-шаралар жасалынған. Соған сәйкес, сенбі сайын мәдени және спорт шаралары өткізілуде. Тәуелсіздік қаһармандарын, еңбек озаттарын насихаттап жұртқа үлгі етудеміз.
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді