«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Меніңше, Сен киелісің, келер ғасыр, Өйткені, киелі сан – жиырма бір»

«Меніңше, Сен киелісің, келер ғасыр, Өйткені, киелі сан – жиырма бір»
ашық дереккөз
«Меніңше, Сен киелісің, келер ғасыр, Өйткені, киелі сан – жиырма бір»
дарынды ақын, сазгер Тынышбай Рахымның 70 жылдығы салтанатты іс-шарамен аталып өтті «Қадамыңа деші, дос, жыр гүлдегір...» Екі айналып келмейді бұл күнгі өмір. Не айтады екен дегендей, құлақ түріп, Елеңдейді еміне дүлдүл көңіл!.. Елім десе қашаннан Ер еңселі, Тасиын деп тұрғандай өлең селі. Қанат жая қуансам, адал досым, Шаттығымның төрінен көрем сені, – деп ақтарыла жырлаған, қарымды қаламгер, арқалы ақын, сезімтал сазгер Тынышбай Рахым тірі болғанда мерейлі жетпіс жасын тойлап, өнерсүйер елімен есептік кездесуін өткізіп, өзі өмір бойы жырына қосқан Жаңатасына ат басын бұрар еді-ау. Аудандағы талай іс-шара «Сарысу – сая мекенім» атты Тынышбайдың туындысынсыз өтпейді. «Өлеңге ғана бағынған ақын» атты еске алу кешінің де сол әнмен басталғаны Тынышбай шығармаларының мәңгілік мұраға айналғанын айшықтап тұр емес пе? Сарысулықтар Тынышбайын әбден сағынып қалған екен. Межелі уақытта Жаңатастағы Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінің залы көрермендерге лық толды. Алдымен көрермен қауым Тынышбай Рахымның өнері, өмір жолы туралы түсірілген деректі фильмді тамашалады. Таңдайына өлең ұя салған ақынның жалынды жырларын тыңдап, сырлы сазға толы әндерімен құлақ құрыштарын қандырды. «Алтын қордан алынған бұл фильм Алматы қаласындағы өнер кештерінің бірінде түсірілген», – деді ақынның ұлы Таңат. Жаңатастағы Бүркітті орта мектебінде сегізінші сыныпты тауысқан соң кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, механизатор мамандығын алған бозбаланың көкірегін күй кернеп, жүрегі жырға толып, поэзияның ауылына қарай жетелеген. Алғаш «Жаңатас көктемі» деп туған жерін өлеңмен өрнектеген Тынышбайдың кейінгі өмірі Жамбыл мәдени-ағарту училищесін бітіріп келген соң, өзі оқыған мектепте ән сабағының оқытушысы болып басталғаннан осында бала күнгі махаббаты Қарашашпен жарасқан күндермен жалғасып, өмірінің соңына дейін әр алуан оқиғалармен ұштасты. Аудандық Мәдениет үйі халық театрының өнерпаздары қойған қойылым ақын өмірінің сол бір кезеңдерінен сыр шертті. – Тынышбай досым, Кеңшілік, Шөмішбайлар өзгелерге ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы бар, өлеңге өте кірпияз қарайтын даралар ғой. Мақтанбайтын, тасымайтын, жасымайтын сал-серінің сарқыты болатын. Өмірден досқа адал, бауырмал қалпынан айнымай өтті. Ол атақты іздеген жоқ, атақ-даңқ оны іздейтін. І.Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты атанды. 1996 жылы «Дүлдүл көңіл» деген кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Әлдекімдер бөгет жасады. Бірақ, Тынышбай оған шорт сынған жоқ. Жырын өндірте жазып, әнін әуелете берді, – дейді ақынның замандасы, белгілі ақын Серік Тұрғынбеков. Еске алу кешіне келген өзге де азаматтар Тынышбай туралы естеліктерімен бөлісті. 1971 жылдың 3 қаңтары күні Мұқағали Мақатаевпен танысып, ақиық шайырды өзіне ұстаз тұтқан Тынышбайда талайдың тұсауын кесті, рухани ұстазына айналды. Осылайша «Он сегіз – гүл дәурені», «Қаратауым – ақ отауым», «Жиырма бес – жыр дәурені», «Көкірегім – гүл сандық», «Қобызым – абызым», «Бұлбұл жүрек», «Өмірбаян», «Алтайдан сәлем», «Дүлдүл көңіл» сияқты біріне-бірі ұқсамайтын жыр жинақтарын халқына мол мұра етіп қалдырған ақын өлеңдері әлемнің ондаған тіліне аударылыпты. Сазгер ретінде жүрегін жарып шыққан әндері бейнетаспаға жазылды. Оның біразын сол күні кеште өнерпаздар шарықтата шырқады. Бұл күні аудан әкімдігі ақынның жары Қарашашқа сый-сияпат та жасады. Өз кезегінде Қарашаш Ахметова өткен күндер жайында, ақынның болмысы хақында сыр шертті. Тынышбай ақын ХХІ ғасырды көрген жоқ. Бірақ, жаңа ғасырға арнап 1996 жылы «Сәлем хат» жазып кетіпті. Сәлем хат... Дей көрмеші: «Бұйым ба бұл?» Соқпасын Ел күтпеген құйын, дауыл, Меніңше, Сен киелісің, келер Ғасыр, Өйткені, киелі сан – Жиырма Бір. Айтқаны – адамға сын, заманға – шын, Арманы – Алатаудай адал да шың, Күндіз ой, түнде түсі Елбасының, Жеткізу Елін Аман Саған, Ғасыр! – деген екен ақын отты жырында. Ақынның арманы орындалып, биыл ел егемендігінің ширек ғасырын ел болып тойлағалы отырмыз. Аузы дуалы, сөзі уәлі ақын да Тәуелсіздік арқылы жұртымен жыр болып, ән болып қауышты. Шын өнер өлмейді деген осы.  

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар