Мектептерде соңғы қоңыраудың соғылғаны кеше ғана сияқты еді. Сынаптай сырғыған уақыт тез өтеді. Араға апта салып, бітіруші түлектердің көңілдерін күпті еткен Ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін кезең де келіп жетті. Кеше елімізде мектеп бітірушілердің білімін аттестаттайтын сынақ басталды.
Бұл күні өңіріміздегі 10 ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пунктінде 3441 оқушы тест тапсырды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырованың айтуынша, алғашқы лектегілердің 147-cі «Алтын белгі» төсбелгісіне, 52-сі үздік аттестатқа үміткер екен. «Жалпы, облыста ҰБТ үш лекте өтеді. Аудандар мен Тараз қаласындағы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде орналасқан пункттерде 4 маусым күні, ал Тараз мемлекеттік педагогикалық институтындағы пунктте 6 маусымда аяқталады», – деді Жәмила Елеуқызы. Тараз қаласының мектеп бітірушілері ТарМУ-дың базасында орналасқан пунктте тест тапсыратыны белгілі. Алғашқы лекте 22 мектептің 887 түлегі сынаққа қатысты. Былтырғыға қарағанда шамалы артық. Бірақ, бұл тестке қатысушы талапкерлердің саны артты деген сөз емес. Мұның мәнісін мемлекеттік комиссияның төрағасы, ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков былай түсіндірді: «Жылда үш лекте өтетін, әрқайсында 700-ден астам оқушы тест тапсыратын. Биылғы тапсырушылар екі лекке бөлінді. Тест тапсыруға өтініш білдіргендер жалпы бітірушілердің 75 пайызын құрайды. Бірінші күні 887, екінші лекке 900-ден астам оқушы түсіп отыр. Талапкер саны артқан соң аудиторияларды да көбейттік. Былтыр он бір аудитория пайдаланылса, биыл резервтік үш аудитория аштық. Біздің тарапымыздан тиісті шаралардың бәрі жасалды. Аудиторияларда түгелдей бейнебақылау камералары орнатылған. Кіреберіске үш монитор қойдық. Сол жерден ата-аналар балаларының тестті қалай тапсырып жатқанын бақылап, көре алады». Пунктке кіреберіске металл іздегіш қондырғы қойылған. Ұл-қыздарды бастан-аяқ тінтіп, тексеруге жол берілген жоқ. Десе де, түлектердің қобалжып, абдырауына байланысты бірді-екілі қиындықтар да тумай қалмады. Табан астында рұқсатнама қағазын, жеке куәлігін жоғалтып алғандар да кездесті. Бірақ, бұл мәселе жедел шешімін тауып жатты. «Жеке куәлігі болмаған жағдайда туу туралы куәлігін көрсете алады, себебі рұқсатнама қағазында суреті жапсырылған, соған қарап тексеріледі. Ал рұқсатнама қағазын жоғалтса, салыстыру ведомості бар. Жеке куәлігіне қарап салыстырып, түлек тестке қатыстырылады. Бүгін екі түлек осындай кедергілерге кезіккен, дегенмен, дер кезінде ол мәселелерді шештік. Екеуі де уақтылы аудиторияларына кірді», – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Маржан Қожаева. Жастардың көңілі алаң, бір үміт алға жетелесе, көкейдегі күдік те байыз таптырмай тұрғаны анық.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді