Өңірлік коммуникациялар қызметінде Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев өзі басқаратын ауданда Тәуелсіздік жылдарында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Мұратхан Жүнісәліұлының айтуына қарағанда, аудан ел егемендік алған 25 жылдың бедерінде дамудың қарқынды жолына түскен. 1999 жылы ауданның бюджеті 1,2 миллиард теңгені құраса, бүгінгі таңда ол 7,3 есеге өскен. Яғни 8,8 миллиард теңгеге жеткен. Бұл – түгін тартсаң майы шығатын өңір. Сондықтан да мұнда агросектордың жыл өткен сайын дами түсуі – қалыпты құбылыс. Осы мерзімде ет, сүт өндіру едәуір артқан. Ал аудан бойынша 1991 жылы тіркелген шаруа қожалықтар саны бар болғаны 44 болса, қазіргі кезде 2773 екен. Ауданның демографиялық ахуалы 1991 жылы 54928 тұрғынды құраса, 1999 жылы 68796-ға жеткен. Бүгінде мұнда 99828 адам тұрады. Яғни халық саны 1991 жылмен салыстырғанда 45,1 пайызға артқан. 2001 жылы 43 ауылдың 5-еуі ауызсумен қамтылса, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 15 ауылға жетіп отыр. 1991 жылы ауданда «көгілдір отынмен» қамтылған елді мекендердің саны 6 ауыл болса, ағымдағы жылы ол көрсеткіш – 22. – Адам денсаулығы қашанда басты назарымызда. Айталық, 1990-1991 жылдары Байзақ жерінде 9 дәрігерлік амбулатория жұмыс жасайтын. Қазіргі көрсеткіш 17 дәрігерлік амбулатория мен 6 фельдшерлік-акушерлік және 18 медициналық пунктті құрады. Жыл соңына дейін Бурыл ауылында 40 адамға арналған емхана құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілмек. Бұл жұмыстардың барлығы да Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асып келеді, – деп өзі басқаратын аудандағы берекелі тірлікті сөз еткен Мұратхан Шүкеев спорт, мәдениет, білім, автомобиль жолдары саласында қол жеткізілген жарқын жетістіктерді де атап өтті. Жалпы, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, грек-рим күресінің шебері Жақсылық Үшкемпіров туған ауданда бүгінгі таңда Гузалия Гафурова (каратэ-до), Асланбек Шымбергенов (бокс) секілді талантты спортшылар өсіп келеді. Аудан басшысы осы өрендердің болашақта жасындай жарқырайтынына сенім білдіріп отыр. Түйіп айтқанда, бірлігі мен тірлігі жарасқан Байзақта берекелі жұмыс жеткілікті.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді