Облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастамасымен өткізілген «Тәуелсіздік – тұғырым, Қазақ хандығы – ғұмырым» атты мәдени-көпшілік іс-шарасы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығын мереке-думанға бөледі. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік бағдарламаларды қала тұрғындары қызыға тамашалады. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов шараға арнайы қатысты. Онда облыстық филармонияның ұлт-аспаптар, облыстық мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығы, облыстық Н.Тілендиев атындағы мектеп- интернаты ұжымдарының домбыра оркестрінің сүйемелдеуімен күй өнерінің ақтаңгері Құрманғазының дауылпаз күйлері төгілді. Байқағанымыз, мұндағы барлық шара халқымыздың салт-санасын, дәстүрін, ұлттық өнерін қамтыды. Қазақ күресінің балуандары Қайсар Ысқақов пен Сұлтан Зарықбай боз кілемде белдессе, Бекнұр Оңласын, Ерасыл Бауыржан асық атудан өзара кім мықтыны анықтады. Аяна Кәрім, Даяна Жәнібек шекемтас ойынының көрігін қыздырды. Жандос Мейрамқұлов төрешілік жасаған тоғызқұмалақ ұлттық ойыны да қызықты жалғасты. Жамбыл ауданы, Өрнек ауылында тұратын құсбегі Бауыржан Ешметовтің бүркіт, қаршыға, тазы әкелгені тараздықтардың қызығушылығын арттыра түсті. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен «Кітап оқы» акциясы өткізіліп, облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы әзірлеген «Шебер қолдар әлемі», «Ертегілер әлемі» көрмесін көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, «Жасай берсін елдігіміз мәңгілік!» атты оқырмандар форумы да өткізілді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі мен көрме залының қолөнершілер, суретшілер көрмесін ұйымдастырып, суретші Қазым Аманқосов, Асан Бейсеновтің туындылары қойылған өнер бұрышы да көпшілік қызығушылығын туғызды. Суретшілер келушілердің портреттерін салып, «Ежелгі Тараз есткерткіштері» қорық-мұражайы дайындаған «Ежелгі Тараз қазыналары» атты көрменің де көрушілері өте көп болды. Қала тұрғындары мұнда археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ежелгі артефактілерді, жәдігерлерді, керамикалық ыдыстарды, талай ғасыр бұрын қолданыста болған тиындарды көріп, таңданыстарын жасырмады. Облыстық кино орталығы «Қазақ фильм» киностудиясының алтын қорынан деректі, көркем фильмдер көрсетіп, Елбасы өмірі мен еңбек жолы туралы түсірілген кинематографтардың туындыларын көрермен назарына ұсынды. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай аталған орталық дайындаған деректі фильм де осынау мереке үстінде көрсетілді. Облыстық халық шығармашылығы орталығы мерекеге келушілер арасында «Ән – көңілдің ажары» атты караокеде ән айту байқауын ұйымдастырды. «Достық үйі» алаңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы ұйымдастырған этномәдени бірлестіктердің мәдени іс-шаралары да өз көрермендерін тапты. Облыстық қазақ драма театры ашық аспан астында «Қыз Жібек» саунд-трек қойылымын тарту етті. Мерекелі думанның бір шетінде кәсіпкерлер әкелген заттар мен түрлі қолөнер бұйымдары сатылды. Бұл шараны облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы ұйымдастырды. Мерекедегі қызық көріністердің бірі айтыс ауылында өтті. Мұнда облысымызға белгілі айтыскерлер өнерлерін ортаға салды. Жас айтыскерлер Нұрлыбек Құрманов пен Дидар Апбасов, Дархан Әбдіманат пен Ернұр Бейсеннің сөз сайыстары көпшілік көңілінен шықты. Сондай-ақ, талай дүлдүл ақындарды тәрбиелеген тәлімгер, айтыстың ардагері Айтмұхамет Исақов пен осы жолдардың авторы арасындағы айтыс ел көңіліне қонды. Әсіресе, ақсақалдар, әжелер және студенттер айтысты қызыға тамашалап, ризашылықпен қолдау білдірді. Қазақтың төл өнері айтысты да облыстық шығармашылық орталығы ұйымдастырды. «Айтыстың жанкүйерлерінің бірімін. Осы айтысты Сарысу ауданынан келіп арнайы тамашаладым. Көңілімнен шықты», – дейді Жаңатастан келген көрермен Медет Аблашов. «Өнер алаңында» облыстық филармония әншілері көпшілікке мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынды. Оңал Азаматова, Ғани Мәтебаев бастаған әншілер іңір түскенше ән шырқады. Мұнда халық әндері, ретро әндер қалықтап, түрлі би композициялары халық назарына ұсынылды. Осылайша, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мереке-думан әдемі өнер кешіне ұласып, қалалықтарға ерекше әсер сыйлады.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді