«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әкесі – директор, баласы – төраға

Әкесі – директор, баласы – төраға
ашық дереккөз
Әкесі – директор, баласы – төраға

«Жасөркен» кеңшарының аты бір кездері алма, жүзім өсірумен дүркіреп шыққанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Өйткені, олардың көпшілігі студент кездерінде «Жасөркеннің» алмасын теруге барған, апталап жүріп жүзімін жинаған. Сол ауылға жуықта жолымыз түсті. Бірден «Айтназаров» шаруа қожалығына атбасын бұрдық. Бұл жерде бізді атадан балаға ауысқан диқаншылық кәсіптің шамамен 120 жылдан бері желісін үзбей, жалғасып келе жатқаны тәнті етті. Бізді сексеннің сеңгіріне жақындаған Сейтбек Айтназаров ақсақал қарсы алды. Аталған қожалықтың да іргенегізін қалаған осы кісі екен. Еңбек жолын тракторшы болудан бастап, он жылдан астам уақыт Жасөркенде жеміс-жидек бригадасының бригадирі ретінде де іскерлік танытқан. ІІІ және ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерінің иегері. Бесжылдық жоспарды төрт жылда орындап, алманың әр гектарынан 110 центнерден өнім алған жылдары да болған. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын бітірген соң, «Аса» кеңшары партия ұйымының хатшысы болады. 160 партия мүшесі бар үлкен ұжымның сауатты саяси басшысы болғанын жергілікті тұрғындар күні бүгінге дейін «жыр» ғып айтады. Сол жылдары аталған кеңшар мемлекетке жыл сайын 10 мың тонна астық, 60 мың тоннадан астам қант қызылшасының тәтті түбірін өткізсе, бұл абыройға Секеңнің де елеулі үлес қосқаны рас. «Бесжылдық» жүзім-жеміс кеңшарының директоры кезінде де бұл кісі басқарған шаруашылық тек үздіктер қатарынан көрініпті. 1991 жылы қолымыз жеткен Тәуелсіздігімізбен бірге қазақ жеріне жаңа леп, жаңашылдық жеткенін Сейтбек қария жұрттан бұрын түсініпті. Алғашқылардың қатарында өзі ашқан шаруа қожалығына биыл 25 жыл толып отыр. Баласы Әлімжан Айтназаров – шаруа қожалығының төрағасы. Өзі балаларға кеңесші. Жұбайы Шәкизада екеуі – он ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ата-ана. Бұл күнде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Олардан тараған 32 немере, 4 шөбере «аталап, әжелеп» үлкен үйді бақыт базарына бөлеуде. Шаруашылықтың 150 гектар жері бар. Оның 45 гектарына арпа-бидай, 8 гектарына жүгері, 32 гектарына жоңышқа егіп, өсіріп отыр. Екі трактор тоқтаусыз жүріп тұр. Ауыл шаруашылығына қажетті басқа да техника мұнда жеткілікті. Шаруа қожалық 7-8 адамды тұрақты, 10 адамды маусымдық жұмыстармен қамтып отыр. Сейтбек ақсақалдың немерелері де егіншіліктің және малдың жағдайын жақсы біледі. Мәселен, Дәулеті – осы қожалықта мал дәрігер, оның келіншегі Ақсырым – агроном. Уақыт ағымына бейімделді дегеніңіз – осы. Қарияның үлкен перзенті Ахметжанның ұлдары Бекжан мен Байзақ та 1 гектар жерге қызанақ, қияр егіп өсіріп, шаш етектен пайдаға кенелуде. Еңбекқор ақсақалдың немерелері де еңбектен қашпайды. – Жүгерінің әр гектарынан 2 тоннадан өнім күтіп отырмыз. Жоңышқаның әр гектарынан 600 түк шөп жинадық. 30 жылқы, 5 сиыр, аздаған ұсақ мал ұстаймыз. Жаздай 25 бие сауылады. Қымызды литрін 400 теңгеден облыстық туберкулез диспансеріне өткерудеміз. Тәулігіне 120 литр қымыз дайындап отырмыз. Қожалықтағы барлық малды қыстан шығынсыз шығаруға жемшөбіміз жеткілікті, артығын сатуға да қол жеткіздік. 15 гектар алма, 2 гектар жүзім, 2 гектар алмұрт алқабы бар. Биыл қант қызылшасын 12 гектарға егіп өсіріп, одан да жақсы өнім күтіп отырмыз. Өнім ойдағыдай болса, көлемін тағы ұлғайтамыз, – дейді төраға Әлімжан Айтназаров. Арғы аталары Майрық – диқаншылық, егіншілікпен бір әулетті асыраған еңбек адамы екен. Майрықтың адал кәсібі ұрпақтарына дарып отырған жайы бар. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалы арқылы қол жеткізген 3 миллион несиеге он жылқы сатып алыпты. Олар жас төлімен көбеюде. Қыс кезінде мұнда жылқы бордақыланады. Бүгінгі таңда аудандағы алдыңғы шаруашылықтың қатарындағы жүрген «Айтназаров» шаруа қожалығының болашағы зор.

Суретті түсірген  Ақәділ Рысмахан.

Есет досалы, «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар