Бізде малы көп, малшысы да бар адамдар жеткілікті бірақ олар «жұмыссыз» ретінде есептелуде

Бізде  малы  көп, малшысы да  бар адамдар жеткілікті  бірақ олар «жұмыссыз»  ретінде есептелуде
ашық дереккөз
Бізде малы көп, малшысы да бар адамдар жеткілікті бірақ олар «жұмыссыз» ретінде есептелуде

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биылғы жылға қаралған 10,3 миллиард теңгенің 8 миллиард теңгесі республикалық бюджет есебінен бөлінген. Бүгінгі күнге дейін жоспардағы 6579,9 миллион теңгенің 5658,6 миллион теңгесі игерілген. Бағдарлама аясында 4029 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар болса, жұмыссыздардың саны – 2228. Бағдарламаға қатысушылардың ішіндегі 286 адам табысы аз азаматтар санатында. 5790 адам бағдарлама арқасында жұмысқа орналасса, олардың 75,1 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл жөнінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы және қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын саралау мақсатында өткен аппараттық кеңес отырысында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков баяндады. – Бағдарламаның бірінші бағыты, яғни инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша 430 жобаға 6364,7 миллион теңге қаралып, есепті мерзімде бөлінген 4967,1 миллион теңгенің 81,5 пайызы игерілді. Оның ішінде 2 миллиард теңге Үкіметтің арнайы қоры есебінен беріліп, жоспарланған 349 жобаның барлығына конкурс жарияланды. Конкурс өткізілген 318 жобаның 63-інде жұмыстар басталды. Барлық жобалар бойынша 2495 жұмыс орындарын құру жоспарланған. Қазіргі таңда 1594 азамат жұмысқа орналасты. Оның 58 пайызы – жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа тұрғандар. Жұмысқа орналасқан азаматтардың 59,5 пайызының міндетті зейнетақы жарналары аударылған. Бірақ, осы мәселе бойынша сала ісін кері тартып отырған бірқатар аудандардың ішінде Меркі ауданының көрсеткіші 5,3 пайыз ғана. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша Мойынқұм ауданында 25 адам несие алған болатын. Бірақ, әлі күнге дейін олардың бірде-бірінде жұмыс орны ашылған жоқ. Негізінен, бір несие алушыда кемінде бір қосымша жұмыс орны ашылуы тиіс. Ал Меркі, Талас, Жуалы, Шу аудандарында бұл талаптардың орындалуы көңіл көншітпей отыр, – деген ол бағдарламаның үшінші бағыты бойынша кездескен кемшіліктерге де тоқталды. Кәрім Нәсбекұлы аталған бағдарлама аясындағы орын алған кемшіліктердің Жорабек Баубековтің жұмысты дұрыс үйлестіре алмауынан орын алғанын атап көрсетті. – Өңірімізде өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтушылардың саны 156 мыңнан асып кеткен. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Жұмыс жүйелі жүруі үшін кез-келген іске бес жылдық, бір жылдық, алты, тіпті бір айлық жоспар құрылуы қажет. Сіз қазір әр ауданның кемшілігін жіпке тізгендей, баяндамаңызды сырғытып оқып шықтыңыз. Кемшілікті болдырмау үшін жұмысты жандандыруға деген құлшынысты сіздің бойыңыздан көріп отырған жоқпын. Қай ауданда қанша тұрғын бар? Қанша адам жұмыспен қамтылып, қаншасы жұмыссыз отыр? Олардың арасында жастардың саны қанша деген секілді нақты мәліметтер беретін дерекқор әлі күнге дейін жасалмаған. Себебі, кейбір тұрғынның бағымында әжептәуір мал басы мен оған қарайтын малшысы бар. Бірақ, олар жұмыссыз ретінде есептелуде. Оларды анықтап, заң жүзінде шаруа қожалық немесе жеке кәсіпкерлік ісіне көшіру уақыты жетсе де, мәселеге көз жұма қараймыз. Бір жарым ай бұрын берілген тапсырма сол қалпында орындалмаған. Тағы бір мәселе, баяндамаңызда мүмкіндігі шектеулі жандар туралы бір ауыз сөз айтпадыңыз. Жиынға дайындықсыз келгенсіз. Ең болмаса өткен жолғы сессия отырысы мен берілген тапсырмалардан нәтиже шығаруыңыз керек еді. Бұл – жұмысқа салғырт қарау деген сөз, – деді облыс әкімі. Сонымен қатар, өңір басшысының инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және аймақтарды дамыту бойынша қай ауданда қанша жоба жүзеге асырылуы тиіс, қаншасы нақтыланғаны жөнінде бейнебайланыс арқылы қойған сауалдарына бірқатар аудан әкімдері жауап бере алмады. Қысқы маусымға дайындық жұмыстары бойынша баяндаған облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй басқармасының басшысы Ерік Көшербаевтың айтуынша, қысқы жылыту маусымына облыстағы нысандар 99 пайыз дайын екен. Барлығы 462 жылыту қазандығының 454-і қысқа сақадай сай. Десек те, Талас ауданындағы 5 балабақша мен 3 мектептің қазандығы дайын болмай шықты. Бұл іске оларды газға ауыстыруға байланысты тендердің кеш өткізілуі қолбайлау болған. Қазіргі таңда бұл жұмыстар аяқталуға жақын. Тараз, Жаңатас қаласында жылу беру, су және кәріз жүйелерін жөндеу, ауыстыру бойынша келісімшартта көрсетілген мерзімге сәйкес күздің соңғы айына дейін жалғасатын жұмыстар бар екені айтылды. Тараз қаласындағы 1469 көп пәтерлі тұрғын үйдің алтауы жылу көзіне жақын арада қосыла алмайтын секілді. Ерік Әубәкірұлының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күнге дейін бюджеттік мекемелерге қажетті 67,2 мың тонна отынның 65,5 мың тоннасы жеткізілген. Жылыту маусымына операторлардың дайындығын қамтамасыз ету бойынша әр ауданнан бірнеше оператор оқытылған. Жылу, суық су, ыстық су, газ, жылу есептегіш құралдарының орнатылуы бойынша, жылу, электр қуатын тарататын мекемелердің дайындығы бойынша туындап тұрған мәселе жоқ екен. Әйтсе де, Кәрім Нәсбекұлы әр аудан мен шағын қала басшыларынан осы күнге дейін келіп түскен қатты отынның көлемін сұрап біліп, өңірдегі жанар-жағармай қорын еселеу үшін және қатты отын тапшылығын болдырмау үшін Жамбыл ауданындағы «Аманкелді мұнай өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасасуды тиісті мамандарға жүктеді. Сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне қысқы маусымға дайын болуды тағы да пысықтап, өңір бойынша жылу беруді 15 қазанды күтпей-ақ бастай беру керектігін қадап айтты.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар