«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бүгінгі студент – ертеңгі маман

Бүгінгі студент –  ертеңгі маман
ашық дереккөз
Бүгінгі студент – ертеңгі маман

Облыста Студенттік құрылыс және жастар еңбек жасақтарының штабы құрылып, жаз шыға олардың өңіріміздің түкпір-түкпірінде еңбек дүбірін қыздырып келе жатқанына он жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт аралығында 7 мыңнан аса студент еңбекке араласса, 2014 жылы 400-ден, былтыр 300-ден астам жас құрылыс алаңында еңбек етіпті. Бірақ, олардың еңбекке араласу қарқыны жылдан-жылға құлдырап, биыл күрт азайған. Тараз қаласы бойынша – 40, Талас, Меркі, Сарысу секілді бірқатар аудандарда 50-ден астам ғана жас еңбекке тартылған. «Ornau construction», «Сапар консалтинг», «Агроспецстрой», «НИК-Тараз», «АрайСтройМаркет», «Тараз құрылыс Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде жұмыс істеген 93 адамның жатын орны мен ас-ауқаты, жол шығыны мердігерлер есебінен өтелген. Өңірлік коммуникация-лар қызметінде өткен «Еңбек жастары – ел болашағы» атты брифингте «Жасыл ел» еңбек жастары облыстық штабының жетекшісі Қайрат Меклисов осы туралы мәліметтер бере отырып, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Оның айтуынша, студенттік құрылыс жасағындағы жастар санының төмендеуіне облыс аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының аздығы ықпал еткен. – Студенттер құрылыс жасағы жастарды еңбекқорлыққа баулып, қоғамдық ортаға бейімдеумен қатар, жүктелген міндетке жауапты болуға тәрбиелейді. Оларға құрылыс компаниялары 40-50 мың теңге аралығында жалақы төлейді. Бұл студенттерге бос жүргеннен гөрі тиімді. Дегенмен, кейбір құрылыс компанияларының студенттерді жұмысқа алғаннан гөрі олардың орнына кәсіби маманды жұмысқа тартқанды ыңғайлы санайды. Мұндай жағдайда, облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы олардың басшыларымен тікелей байланыс орнатып, бізге көмегін тигізген кездері болды, – дейді Қайрат Меклисов. Жұмыстан тыс уақытта студент жасақтары мен белсенді жастар арасында әртүрлі мәдени іс-шаралар мен спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып тұрады екен. Бұл олардың рухани тәрбиесін дамытып, өзара достық қарым-қатынас орнату мен еңбекке деген құлшынысын арттыратын көрінеді. Сонымен қатар, алдағы уақытта маусымдық жұмыстар мен сенбілікке жастардың белсене араласуын насихаттайтын 15 минуттық фильм түсіріп, жергілікті телеарналардан көрсету жоспарланыпты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар