«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауылдастарға – ақысы, ағайындарға – табысы

Ауылдастарға – ақысы,  ағайындарға – табысы
ашық дереккөз
Ауылдастарға – ақысы, ағайындарға – табысы

Жуалының картобы жайлы әңгіме қозғалса, Керімқұл Бегалы туралы міндетті түрде айтылады. Оның себебі жоқ емес. Қазір аталған ауданда картопты көп өсіретін шаруашылықтың бірі – аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалы басқаратын «Зылиха» шаруа қожалығы. Біз алқап басындағы қызу еңбектің үстінен түстік. Картоп қазу, жинаумен мұнда шамамен 55 адам шұғылдануда. Қожалықтың басшысы науқандық жұмысқа жергілікті тұрғындар күшін жұмылдырып, өнімді жауын-шашынға ұрындырмай, жылдам жинап алуды көздеуде. Бұл – ұзақ жылдардан бері қалыптасқан үрдіс. Терімшілердің әрқайсысына күн сайын 2 мың теңгеден төленеді және 15 келі картоп береді. Әр жұмысшы маусым ішінде 5-6 қап картобын қысқа қамдап алады екен. Мұндағы молшылыққа көз салып тұрып, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей...» деген Абайдың даналығын өмірдің өзінен көргендей болдық. «Зылиха» шаруа қожалығы 25 адамды тұрақты, 65 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Қожалық биыл 100 гектар алқапқа картоп еккен. Соның әр гектарынан 250 центнерден өнім жинауды межелеп отыр. Өнімнің шығымдылығы көз қуантады. Агроқұрылымда өзге де дақыл түрлері өсіріледі. Жоңышқалығы және бар. Кәрекең биыл 10 миллион теңгеге жаңбырлатып суару қондырғысын сатып алыпты. Заманауи технологияны пайдаланудың тиімділігі мол. Қожалықтың 7 трактор және автомашинасы тоқтаусыз жүріп тұр.

Олардың картоп сақтайтын қоймасында да қарбалас тірлік. Осында 16 адам маусымдық еңбекпен қамтылған. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы облыстық филиалы арқылы қол жеткізген 20 миллион теңге несиеге алынған, көліктен түсірілген картопты жылжытып, жинап, сұрыптап, қойманың төріне тасымалдап жеткізетін голландиялық қондырғы жұмыс істеп тұр. Оның бір өзі бірнеше адамның жұмысын атқарады. Дегенмен, адам араласпай іс бітпейді. Екі кісі желідегі картоптың кесілген, шірігенін оқшаулап тұрады. Бұл технологияның көмегімен ірісі – сақтауға, майдасы тұқымдыққа іріктеледі. Мұнда картоп сақтауға арналған осындай екі қойма бар. Әрқайсысының сыйымдылығы 650 тоннаға есептелген. Оларды түгел аралап көрдік. Керімқұл осы салада элиталы тұқым шаруашылығы құрылса деген ойын айтып қалды. Тіпті, бұл іс өзіне жүктелер болса, сапалы картоп тұқымын дайындауға әзір екенін айтты. Сапалы тұқым отырғызған шаруашылықтың өнімі ірі әрі мол болмақ.

– Кезінде осы 1300 тонналық қоймада сақталатын өнімді қайдан жинаймыз деп ойлаушы едік. Енді осыларға картобымыз сыймай жатыр. Егістіктің көлемін біз біраз уақыт бұрын едәуір ұлғайтқанбыз. Бұл елге – жұмыс, өзімізге пайда әкелді. Қалай болғанда да картоп тұқымын дайындаумен арнайы айналысатын шаруашылық керек. Мысалы, біз бүгінгі таңда оны Голландиядан, Ресейден сатып алуға мәжбүрміз. Егілетін бағалы дақыл тұқымын жиі жаңартып отырмаса болмайды. Ауданда кейбір шаруашылықтар сапасыз тұқым егіп, мардымсыз өнім алып отыр. Төрт тонна тұқым отырғызып, алты тонна өнім алатындар бар. Обал емес пе? Агротехникалық талаптар сақталса, жер жомарт. Төккен тері ақталатын болса, еңбекке ұмтылатындар аз емес. Менің көзімнің жеткені – еңбек еткеннің еңсесі биік, – деді «Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі Керімқұл Бегалы. Өзі еңбекқор, өзі халық қалаулысы, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл азамат Керімқұл Бегалының биыл да мерейі үстем болып, еңбегі жанайын деп тұр.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар