«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы 2001 жылдан бері жемісті жұмыс жасап келеді. Біздің басты мақсатымыз – агроқұрылымдардың техникалық паркін жаңарту және қаржыландыру көздерін қолжетімді ету, сонымен қатар, облысымыздың көлемінде инвестициялық жобаларды іске асыру. Несие алушыларға төлем қабілеттілігі және қамтамасыз етілгендігі тұрғысында талаптар қоямыз. Осыған сай келетін шаруаларды қаржыландыруға дайынбыз. Бүгінгі таңда басты бағытымыз ауыл шаруашылық техникасын қаржыландыру болып табылады. Бұл ең қолжетімді несие саналады. Яғни лизинг бағдарламасы бойынша кез-келген ауыл шаруашылық техникасын алуға мүмкіндік бар. Шаруаларға қойылатын басты шарт – техниканың қажеттілігі және қажеттіліктің дәлелділігі. Ауыл шаруашылық техникасын қаржыландыру мерзімі – 5-7 жыл. Егер техника құны 25 миллион теңгеден асатын болса, ілінбелі-аспалы техника 7 жылға, өздігінен жүретін техника 10 жылға дейін қаржыландырылады. Алғашқы жарна – 15-25 пайыз (отандық комбайндарға алғашқы жарна 10 пайыз көлемінде). Пайыздық мөлшерлемесі – 19 пайыз. Кепілдеме қажет емес. Лизингке рәсімделген техниканы жылына бір рет міндетті түрде сақтандыру керек. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылық техникасын қаржыландыру қарқынды жүзеге асуда. 2013-2015 жылдар аралығында «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның облыстық филиалы барлығы 450 данаға жуық техника сатып алатындарға қаржы бөлді. Филиалымызға техника алуға шаруалар облысымыздың барлық аймақтарынан келуде. Оларға барлық ақпаратты қолжетімді, түсінікті түрде жеткізу – біздің басты міндетіміз. Сондай-ақ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ 14 инвестициялық бағытта қаржыландыруды да жалғастырып келеді. Мәселен, тамшылатып суару жүйесі облысымызда 2014 жылдан бері қарқынды қолданысқа енуде. Бұл технологияның артықшылықтары өте көп, оның ішіндегі ең бастылары – суды үнемдеу технологиясы және өнімділіктің көрсеткіштерін ұлғайту мүмкіндіктері. Лизингтік жүйемен қаржыландырылатынын да еске саламыз. Мерзімі – 7 жылға дейін, пайыздық мөлшерлемесі – 6 пайыз. Алғашқы жарна көлемі – құрал-жабдықтың құнына шаққанда 15 пайыз көлемінде. Тамшылатып суару жүйесі орнатылатын жер міндетті түрде кепілге қойылады (кепілдік құны төмен немесе жоғары болуы міндетті емес). Жаңбырлатып суару жүйесі де облысымызда өсірілетін дақылдардың өнімділігін көтеру үшін қолданылады. Көбіне жемшөп өндіруді дамытуға пайдаланылады. Бұл жұмыстар да лизингтік жүйемен қаржыландырылады. Мерзімі – 7 жылға дейін. Алғашқы жарна көлемі құрал-жабдық құнының 15 пайызына тең. Кепілдеме қажет емес. Пайыздық мөлшерлемесі – 6 пайыз. Бүгінгі таңда облысымызда «ҚазАгроҚаржы» арқылы 3 интенсивті бақ қаржыландырылды. Олардың өз қуаттылығына жетуін күтудеміз. Енді қаржыландыру шарттарын нақтылап қарастыратын болсақ, бұл жұмыстар төрт кезеңді қамтиды. Біріншісі, көшеттерді сатып алуды қаржыландыру, қарыз мерзімі – 7 жыл. Пайыздық мөлшерлемесі нақтылануда, келпілдік қажет, жеңілдік кезеңі – 2 жылға дейін. Екіншісі, тамшылатып суару жүйесін лизинг арқылы қаржыландыру. Лизинг мерзімі – 5 жыл, алғашқы жарна – жалпы құнының 20 пайызы, пайыздық мөлшерлемесі нақтылануда, жеңілдік кезеңі – 1 жылға дейін, кепілдік – жоба жүзеге асырылып жатқан орын. Үшіншісі, айналым қаражатын толықтыруға қарыз (шпалерлер орнатуға және тағы басқа) қарыз мерзімі – 3 жыл, пайыздық мөлшерлемесі нақтылануда, жеңілдік кезеңі 2 жылға дейін кепілдік қажет. Ал төртінші кезеңі, бақты күтуге арналған ауыл шаруашылық техникасының лизингі. Лизинг мерзімі – 5-7 жыл, пайыздық мөлшерлемесі нақтылануда, алғашқы жарна – техника құнының 15-25 пайызы, жеңілдік кезеңі – 1 жылға дейін. Негізгі төлемді жылына бір реттен кем емес, пайыздық үстемені тоқсанына бір рет төлеп қарызды қайтаруға болады. Асыл тұқымды мал шаруашылығын ұйымдастырудың басты мақсаты – асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының басын көбейту. Асыл тұқымды деп саналатын малдың міндетті түрде осыны дәлелдейтін куәлігі болуы тиіс. Қаржыландыру барысы бірнеше кезеңге бөлінеді. Егерде малды ұстауға арналған қора-жайды салу немесе оны күрделі жөндеуден өткізу керек болса, бұл мақсатқа қаржылай несие беріледі. Құрылыс-құрастыру жұмысын қаржыландыру шарттары: қаржыландыру мерзімі – 10 жылға, жеңілдік кезеңі – 2 жылға дейін кепілдеме қажет. Қаржыландыру тек инвестициялық жобаның аясында жүргізіледі. Яғни «ҚазАгроҚаржы» арқылы тек құрылыс-құрастыру жұмыстарына ғана қаражат алу мүмкіндігі жоқ. Малды лизингке рәсімдеудің мерзімі – 7 жыл, жеңілдік кезеңі 3 жылға дейін. Кепілдеме – қора-жайдың кепілдемесі және жобада жайылым ретінде қолданылатын жер үлестері. Айта кетер жайт, лизинге берілетін малды сатушы «ҚазАгроХолдингі» арқылы қаржыландырылған болуы тиіс. Тауарлы сүт фермасы үшін құрылыс-құрастыру жұмыстарын қаржыландыру шарттарының бәрі бірегей. Малды лизингке рәсімдеудің мерзімі – 5 жылға, жеңілдік кезеңі – 2 жылға дейін. Кепілдеме – қора-жайдың кепілдемесі және жобада жайылым ретінде қолданылатын жер үлестері. Лизинге берілетін малды сатушы «ҚазАгроХолдингі» арқылы қаржыландырылған болуы тиіс. Құрал-жабдықты лизингке қаржыландыру мерзімі – 10 жылға дейін. Алғашқы жарна көлемі – құрал-жабдықтың құнынан 15 пайыз. Кепілдемеге құрал-жабдық орнатылатын ғимарат және сол ғимарат орналасқан жер учаскесі беріледі. Жеңілдік кезеңі – 2 жылға дейін.
Нұрдәулет ТІЛЕУБАЕВ, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бас маманы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді