Бүгінде қазақ химия ғылымының төрінде отыр
Талас ауданының топырағы талай-талай ақын-жазушыларды, әнші-күйшілерді, ғалым-ұстаздарды дүниеге алып келген қасиетті де киелі жер. Сол дархан өңірдің дарынды перзенттерінің бірі – Алматы технологиялық университетінің ректоры, химия ғылымдарының докторы, академик Құралбек Құлажанов. Құралбек Сәдібайұлы да балалық бал дәуренін қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өткізіп, өзінен үлкендердің ақыл-кеңесі мен жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп өседі. Әсіресе, асқақтаған асқар тауы болмаса да табиғаты тамаша Үшарал деген жердің қайталанбас сұлулығын шынайы көңілмен сезініп, Талас өзенінің жағалауында арманын ұштап, даланың жыңғылы мен жидесін аралап, жусаны мен изенін кешіп, бұйра-бұйра ақшағыл құмының құпиясын көкірегіне құйып өскен. Әрбір адамға өскен орта мен ағайын-туыстың, әке-шешенің ықпалы зор болады. Сәдібай ақсақал ауыл-аймаққа аса қадірлі, қарапайым шаруа иесі еді. Ауылдың биі болмаса да билер түсетін үйлердің бірі болатын. Жаны жайсаң, ақ көңіл кісінің есімі ауылда әлі күнге ілтипатпен аталады. Әке-шешесі көп үміт күткен Құралбек сенім үдесінен шығу үшін жастайынан жақсы істерге үйір, еңбекқор болып өсті. Ағасы Тұрарбекке ілесіп, бір тыным таппайтын. Үй шаруасына да көмектесіп, ертелі-кеш мал жайғап, сабағын оқып, бәріне де үлгеретін. Мектепте де жақсы оқыды. Әсіресе, химия пәніне көбірек көңіл бөлетін. Бір құдіретті күш химияға деген құштарлығын арттырып, болашақта осы мамандықты кәсіп ететініне көзін жеткізгендей еді. Солай болды да. Құрекеңнің мектептегі оқуы, балалық шағы сол тұста еш пендеге жеңіл тимеген соғыстан кейінгі жылдармен тұспа-тұс келді. Бала болса да ел басына түскен ауыртпалықты сезінген ол қайта қайсарлана түсіп, болашағына үлкен үмітпен қарайтын еді. Онжылдықты ойдағыдай бітіргеннен кейін өзі армандаған Қазақтың С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби) мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түседі. Ол жылдары химия факультетінің деканы, қазақ еліне танымал, үлкен ғалым, жоғары оқу ісінің білікті ұйымдастырушысы, көрнекті тәрбиеші-педагог, көптеген ғалым-химиктердің ұстазы Батырбек Ахметұлы Бірімжанов болатын. Ғылымнан өз жолын іздеген талантты жастарға ұстаз көмегін аямайтын. Сол жастардың алдыңғы қатарында сезімтал, дарынды жас Қ. Құлажанов та бар еді. Факультет басшылары оның ғылымға деген аса зор қабілетін байқап, университетті бітірген бойда кафедрада стажер-зерттеуші қызметіне қалдырып, бір жылдан соң «Химиялық кинетика және катализ» мамандығы бойынша аспирантураның күндізгі бөліміне бекітеді. Сөйтіп, Құрекең ғылым жолына біржола бет бұрды. Уақытының көбін кітапханада өткізіп, көп оқыды, көп зерттеді. Химияның қиын реакцияларын күн сайын тәжірибеден өткізді. Тынымсыз еткен еңбек өз нәтижесін берді де. 1972 жылы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, ғылыми атаққа ие болды. Құралбек Сәдібайұлының барлық ғылыми еңбектері органикалық катализ, тамақ өндірісі, химия технологиясы, сонымен бірге химия пәнін оқыту әдістемесі сияқты іргелі және қолданбалы зерттеулерге арналған. Ол өзінің ғылыми жұмыстарын органикалық нитроқосылыстарды тотықсыздандыру кинетикасы мен механизміне катализаторлардың, еріткіштердің және сол қосылыстардың құрылым табиғатының әсерін бақылаудан бастайды. Осы зерттеулердің нәтижесінде шикізаттың толық түрленуі кезінде жоғары шығымдағы мақсатты өнімді алуға мүмкіндік беретін катализаторды таңдауды ғылыми түрде негіздеп, тотықсыздандыру үдерісін жүргізудің тиімді жағдайын анықтайды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Құралбек Құлажановты Алматы технологиялық институты қызметке шақырады. Отыз жылдан астам уақыт бір орында тапжылмай еңбек етіп келе жатқан Құрекең қатардағы оқытушылықтан ректорлыққа дейінгі дәрежеге жетті. Әрине, мұндай биік асуға жету оңай емес. Ол үшін білімділік пен білгірлік, ұйымдастырушылық қабілет пен ақыл-парасат, алымды мінез керек екендігі белгілі. Құрылғалы бері институт атанып келе жатқан бұл оқу орнының университет мәртебесін алуына қол жеткізді. Қазіргі таңда Алматы технологиялық университеті Қазақстандағы белді де беделді жоғары оқу орындарының бірі болып саналады. Мұнда республикамыздың түкпір-түкпірінен келген сан мыңдаған шәкірттер білім нәрімен сусындаса, оларға мыңға жуық ұстаз дәріс береді. Қ. Құлажанов басшылық қызметін атқара жүріп, ғылыми жұмыстарын да бір сәт назардан тыс қалдырып көрген емес. Соңғы жылдарда алдын ала белгіленген реакция өнімдерін алу мақсатында поли және бициклды көмірсутектерді, нитроароматтық және арилацитилендік қосылыстарды ықпалды түрде өзгертетін ұтымды және нәтижелі катализаторларды зерттеуге байланысты жаңа ғылыми бағытты дамытып, одан ойдағыдай нәтижеге қол жеткізіп келеді. Бұл катализаторларды ракеталық қатты отындардан бөлінетін сутекті өзара байланыстыру үшін пайдалануға болады. Әсіресе, мұның қорғаныс өнеркәсібіне аса қажетті заттар екені белгілі. Міне, осыдан-ақ Құрекеңнің химия саласындағы өзіндік қолтаңбасын тануға болады. Ол тәуелсіз елімізде жоғары мектептің әдістемелік мәселелеріне де жеткілікті көңіл аударумен келеді. Сондай-ақ, ол жоғары білімді оқыту үрдісінің теориялық және әдістемелік мәселелерінің зерттеушісі болып табылады. Оның химия саласында республикамызда тұңғыш рет қазақ тілінде «Аналитикалық химия» деген екі томдық оқулығы жарық көрді. Бұл – химиялық, технологиялық жоғары оқу орындарында, факультеттерінде оқытылатын негізгі пәндердің бірі. Профессор Құралбек Құлажанов – жоғары оқу орындарында химия пәнін оқытудың әдістемесіне арнап көптеген оқулықтар мен ғылыми мақалалар жазған адам. Оның жетекшілігімен жеті адам ғылым докторы, сегіз адам ғылым кандидаты атағына ие болды. Бүгінде Құралбек Құлажановтың басқаруымен Алматы технологиялық университеті өзі қатарлы оқу орындарының ішіндегі жетекші университетке айналды. Ол жаңа заманның өндірісіне қажетті сұраныстарды зерделей келе өндірістің даму бағытын ыждахатпен бақылап, оған қандай және қанша маман керектігін алдын ала болжап, біліп отырады. Қазіргі кезде Алматы технологиялық университеті өндіріс саласы үшін орта кәсіби білім бойынша – он жеті мамандық, бакалавр бағытындағы жоғары білім бойынша – жиырма екі мамандық, магистрлік бағдарламамен оқыту бойынша – он тоғыз және (РҺД) докторантура мамандықтары бойынша – он бір мамандықтарына сәйкес кадрлар дайындайды. АТУ басшылығы университет бітірушілердің жұмысқа орналасуына ерекше көңіл бөледі. Бұл мәселе – бүкіл республика көлемінде әлі шешімін таппай келе жатқан ең күрделі мәселе екені белгілі. Осыны ескере отырып, ректор Қ. Құлажанов өз бастамасымен АТУ-да жас мамандарды жұмысқа орналастырумен айналысатын арнаулы қызмет бөлімін құрды. Осы орайда Құрекеңнің азаматтық белсенділігі туралы айта кету де артық болмас деп ойлаймыз. Ол өзі туып-өскен Үшарал, Түгіскен ауылдарына қолынан келген көмегін аяп қалған емес. Жыл сайын тұрмысы төмен отбасыларына азық-түлік өнімдерімен қарасуды әдетке айналдырған. Түгіскен ауылына мешіт салдырып, ауыл тұрғындарының имандылыққа бет бұруына дәнекер болды. Биыл жүз орындық балабақша салдыртып, барлық қажетті дүние-мүлкімен ауылдың меншігіне өткізуді жоспарлап отыр. Ауылдан шыққан білімді жастарды университетке тегін түсіріп, бүкіл шығынын өз мойнына алады. Ал өнер адамдарына, кейбір жетім-жесірге жасап жүрген қамқорлығы қаншама десеңізші?! Міне, мұның өзі ауылдықтар үшін зор қамқорлық емес пе? Қазір жоғарыда атап өткен екі ауылдың тұрғындары өз түлектерінің ықылас-ниетіне дән риза. Азаматтықтың лайықты үлгісін көрсетіп жүрген жанның бірі десе де болады. Осындай ер көңілді, жаны жайсаң жомарт жандар арамызда көп болса жоқ-жітіктердің жағдайы жақсарып, адамдар арасындағы асыл қасиеттер жоғалмас еді деп ойлайсың.
Үшаралдан Түлеп ұшқан жігіт ең, Ата-анаңның Армандаған үміті ең. Ойсыздарға ой салам, – деп келесің, Әттең, дүние-ай, өмір ғой бұл – бірі кем! Ғылым жолы Қиынырақ өзгеден Мақсатына Жету керек көздеген. Қилы-қилы қызықтары өмірдің Болашаққа үмітіңді үзбеген.
Бала кезден Жомарт жүрек атанып Үлкендерден Үнемі алғыс, бата алып. Бар қазақты бөлмейтінің алалап, Пейіліңнен көрінгендей ап-анық.
Туған жерге Жиі мойын бұрасың. Қант-шәйін Жеткізіп те тұрасың. Жоқ-жітікке түсіресің Күн – көңіл Жалғастырып ата-баба мұрасын.
Ұстазысың Шәкірттердің мыңдаған. Білім беріп Жылдар бойы тынбаған. Азаматсың ардақ тұтқан қауымы Өнегелі істеріңді қолдаған.
Жан екенсің Бұл өмірге шын ғашық Жарқылдай бер Жанарыңнан мұң қашып. Із қалдырып биігінде білімнің Арманыңа түгел жетіп, шыңға шық!
Еліміздің Еркін ойлы ұлысың Қажымайтын Қайраткердің бірісің. Ұсақталған кездеріңді көргем жоқ Тумысыңнан тұлғалысың, ірісің.
Көркем дүние Бөленіп тұр көк түске Ұста жолы Жетелейді текті іске. Кісіліктің туын биік көтеріп, Құтты болсын келген тойың – ЖЕТПІСКЕ!
Қайырбек АСАНОВ, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді