Бұл да біз білмейтін заңдылық шығар, азды-көпті, өмірдің ешбір сәті қайталанбайды. Қайталанса да дәл сол қалпында емес. Өзіңде де, айналаңда да көзге көрінер-көрінбес, көңілге білінер-білінбес, әйтеуір бір өзгерістер болған. Өткен сәтті тұтастай, айнытпай елестете де алмайсың. Он рет ойлан, жүз рет толған, бәрібір... Мұндайда кісіге көмекке келетін нәрсе – фото, кино, видео секілді бейнелеу құралдары көрінеді. Мәселен, мына бір сурет. 1994 жылдың ерте көктемінде түсірілген. Әлдихан екеуміз. Екеуміз де мәз боп күліп тұрмыз. Таза, риза көңіл күлкісі... Шіркін-ай...
Арғынбай БЕКБОСЫН.
Олай болатын да жөні бар-ды. Мен Жуалы, Жамбыл, Байзақ аудандарынан Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, өзім он жылдай басқарған «Ақ жол» газетінің редакциясына талай-талай ыстық-суықты бірге бастан өткерген әріптестермен қоштасқалы келгем. Оған дейін орныма болатын адам жөнінде облыстың сол кездегі әкімі Өмірбек Байгелдимен арада біраз әңгіме болған. Ол кісіге бірден бірінші орынбасар Әлдихан Қалдыбаевты ұсынғам. Әріптесімнің әбден лайықтылығын, өмірбаяны арқылы да дәйектегем: Қазақ мемлекеттік университетінен кейін әр мезгілде аз ғана уақыт Арал жақта мұғалім, әскердегі қызмет, өзіміздің облыстық радиода тілші, облыстық партия комитетіндегі нұсқаушылық жұмысты қоспағанда, өмірінің негізгі бөлігі бұрынғы «Еңбек туы» – «Ақ жол» атты газетте әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бірінші орынбасары ретінде өтіп келе жатса, осы ұзақ мерзімде журналистік қабілетімен, адами тұрғыдан алғанда жоғары пайым-парасаттылығымен танылған. Шебер жазушылығы және бар. Басшы болуға қажетті байсалдылық, жауапкершілік, талапшылдық секілді қасиеттер де бұл азаматтан молынан табылады... Осылайша облыс әкімінің өкімімен, облыстық мәслихаттың қолдауымен Әлдихан кейін өзі зейнеткерлікке шыққанға дейін он жылдай атқаруына тура келген редакторлық қызметке тағайындалған-ды... Мына суретте көрініс тапқандай, көңілімізде титтей де көлеңке жоқ-ты. Екеуміз де өз өміріміздің жаңа, абройлы белесіне көтерілгендей күйде едік. Алда жаңа мақсат, жаңа арман... Құдайға шүкір, сондағы үміт-тілектің баршасы болмаса да, басым көпшілігі жүзеге асқандай. Ең бастысы, арада өткен қым-қуыт мезгіл азаматтық ар-намысқа, кісілік келбетке қылау түсірген жоқ. Қызмет өз алдына ғой, шығармашылық шаруалар да жақсы жеміс беріп жатты. Әлекең негізгі жұмыстан қолы босаған соң қаламынан әңгіме, хикаяттар бірінен соң бірі туындап, кітаптары шығып тұрды. Әсіресе, «Фолиант» дейтін баспадан төрт томдығының шығуы аса қуанышты оқиға болды. Тек, әттең... жасампаз өмірдің осындай ақбурыл әдемі ағысына оқыстан келген ауыр дерт тосқауыл қоймағанда... Сол тосқауылмен Әлдихан өзінің алып тұлғасындағы қажыр-қайратын, қайсар мінезіндегі ерік-жігерін, өмірге деген құштарлығын жұмсай ұзақ алысты. Амал не... Әлдиханды ақтық сапарға аттандырғанымызға да жылға жуықтапты. Бірақ мен үшін, бүкіл үзеңгі жолдастары, көп-көп ізбасар іні-қарындастары үшін оның орны толымсыз, бос тұрғандай көрінеді де тұрады. Кей-кейде «Біз кімді жоғалттық?» деген суық сұрақ көлденеңдейді де, көл-көсір жауап нөпірі топырлайды: – Біз елімізге шығармашылығы арқылы жақсы танымал болған Әулиеатаның үлкен азаматын жоғалттық; – Біз қазақ балалар әдебиетінің аса көрнекті өкілін жоғалттық; – Біз облыс баспасөзінің беделді басшыларының, жас журналистердің өнеге тұтатын ағаларының бірін жоғалттық; – Біз, әсіресе, балдырған – балауса көрермені көп дарынды драматургты жоғалттық; – Біз өмірдің қандай бір құбылуында да қасыңнан табылатын досты жоғалттық; – Ал әулеті, немере-шөберелері аса мейірімді әке, атадан айырылды... Амал не, өмір заңы осындай ғой. Көнесің, көндіреді... Мұндайдағы көңілге медеу-мият – бақилық болған кісінің мына жалған дүниеде қалдырған ізгілікті іздері. Ал Әлдихан іздері мейлінше бедерлі. Басқасын айтпағанда сонау студент кезінде жазып, жарқ етіп көзге түскен әңгімесі – «Көк дөңгелегінен» бастап, кейінгі «Мен апамның баласымын» романына дейінгі шығармаларын қамтитын том-том кітаптары – халқына, оның жас өркеніне мұра етіп қалдырған жаһұттай жарқ-жұрқ етер асыл қазынасы... Осы ретте мына бір жағдай ойға оралады. Өмір бойы балаларға білім, адамгершілік тәрбиесін берумен айналысқан ұлағатты ұстаз алдынан қанша шәкірт өргізер еді? Жүздеген, тіпті, мыңдаған... Ал адалдықты, мейірімділікті, шыншылдықты, отаншылдықты, имандылықты, әділдікті, батылдықты, сұлулықты... насихаттайтын Әлдихан шығармаларынан сан жылдар, тіпті, ғасырлар бойы үлгі алатын толқын-толқын жас қауым мыңдап емес, миллиондап саналар-ау. Ендеше осының өзі-ақ жазушыға өлмес өмір, баянды бақыт сыйлаған боп шықпай ма?.. Солай дейік. Сөйте отырып іштей «Жаның жәннатта болсын, бауырым!» деп тілейсің... Ал мына көзге ыстық, жүрекке жылы суретті көрген сайын «Шіркін-ай, сол бір кез қайта оралар ма еді!..» деп қиялдап, армандап та кетемін. Пендешілік қой...
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді