«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

АҚҚУ ҰШЫП КӨЛІНЕ КЕТТІ, СҰҢҚАР ҰШЫП ШӨЛІНЕ КЕТТІ

АҚҚУ ҰШЫП КӨЛІНЕ КЕТТІ,  СҰҢҚАР ҰШЫП ШӨЛІНЕ КЕТТІ
ашық дереккөз
АҚҚУ ҰШЫП КӨЛІНЕ КЕТТІ, СҰҢҚАР ҰШЫП ШӨЛІНЕ КЕТТІ

Көктемде ме екен, дәл қай кез екенін ұмыттым, редакциямызға Талас ауданының Үшарал ауылында тұратын ақсақал Сәти Сайлыбаев келді. Кезінде біз сияқты қолына қалам алып, аудандық газетте тілші болған, одан кейін мемлекеттік қызметке ауысқан ағамыз ауылдық әкімдіктегі лауазымды қызметінен зейнетке шығыпты. Бізге келгендегі бар бұйымтайымы – өмірден ерте өткен бір замандасы жайлы жазғанын жарыққа шығару екен. 58-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8f 669Әңгіме үстінде Сәкең берісі облыс, әрісі республикаға танымал әнші Алтынбек Оразбековтің аты ұмытылып бара жатқанын айтты. Алтекеңді мен де жақсы білетінмін. Ол аудандық мәдениет бөлімінің басшысы ретінде әртістерін ертіп, мен журналист ретінде қосшы боп Сарыарқа жайлауына бірге сапар да шеккенбіз. Асқақ үнін сахнадан да, дастарқан басынан да, тіпті, телестудияда қарама-қарсы отырып та тыңдағанмын. Өйткені, тоқсаныншы жылдардың басында облыстық телеарнада тілші болып жүрген кезімде Алтекең туралы арнайы хабар жасап, телеэфирден ән шырқатып, облыс көрермендерінің құрметіне бөлегенім бар. Бірақ телеархив сақталмағандықтан, Алтекең жайлы ол «алтын қорды» таба алмаймыз. Бірақ келбеті, күлкісі, «Шаманы» шырқаған кездегі шамырқанып кететін арқалы сәттері көз алдымда тұр. Алтекең өмірден өткенде «Жас Алаш» газеті арқылы алты алашқа хабар айтып, өкінішке толы мақала да жазғанбыз. Содан не керек, Сәкең екеуміз Алтекеңді еске алып, салтанатты жиын өткізу туралы ой тастау үшін мақала жазуға келістік. Мен оны орынбасарларым арқылы Талас ауданындағы меншікті тілшімізге тапсырдым. Көп ұзамай ол мақала да жарыққа шықты. Ұсынысымызды қолдап, пікірімізді іліп әкеткен өнерпаздардың естеліктері де жарияланды. Айтпағымыз, жақында Үшарал ауылында Алтекеңнің әруағын құрметтеп, өшпес өнерін насихаттау барысы жайлы өнер басқосуы өтті. Айтуларына қарағанда, таластықтар әнші Алтынбек Оразбековтің құрметіне ән мен жыр, күй мен би дестелерінен тұратын есте жүрер үлкен салтанатты жиын өткізбекші. Алтекеңнің өнері Алашқа ортақ. Сарғайған қолжазбаларымды ақтарып отырсам, Алтекеңді сонау 2000 жылы жоқтап отырып жазған мақаламыз көзімізге оттай басылды. Мынау – сол...

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Әулиеатаның ән деп туған белгілі екі Алтынбегі бар еді. Біреуі – қара Алтынбек. Екіншісі – сары Алтынбек. Аттас әншілердің тегі де ұқсас. Қара Алтынбектің тегі – Оразбеков, сары Алтынбектің тегі – Қоразбаев. Қарасының әншілігі мықты, сарысының сазгерлігі басым. Екеуі де өнер жолын Жамбыл жырлап, Кенен ән салған кең қолтық даланың тауы мен тасын домбыраның күмбір-күмбір үніне бөлеп қатар шықты. Халыққа қатар танылды. Сонау жетпісінші жылдары Жамбыл облысының атын әлемге танытқан атақты «Алатау» деген ән-би ансамблі болатын. Оның «Алатау» әнімен басталатын ғажайып концерттері аға буынның әлі есінде. Оның белгілі үш әншісі де (трио) көрермен көңілінде. Сол «үштіктің» де алғашқы қарлығаштары осы Алтынбектер еді. Қанаттары қатая келе тағдыр соқпағы Алтынбектердің жолын бөліп-бөліп жіберді. Қара Алтынбек «өнерімнің қадірін түсінетін халық ауылда жүрсем де бағалайды» деп, туып-өскен ауылына кетті. Алматы тұрғай, Тараздың өзін тәрк етті. Өнер бәйгесіндегі мансапты мансұқ етіп, шалғайдағы Талас ауданына келіп елдегі еңбек торыларының біріне айналды. Қара Алтынбек өзінің «тірі» екенін анда-санда саңқылдаған үні арқылы облыстық, республикалық телеарналардан және жиын-тойлардан бір білдіріп қоятын. Ондайда Алтынбек Оразбековтің даусын сағынатын жұрттың құлағының құрышы қанып, бір жасап қалатын. Әншінің даусымен бірге шарықтап отырып «Шіркін, ауылдағы күйкі тірлікті тастап Алматыға, «Қазақконцертке» кетіп қалғанда, ендігі...» деп қиялдап отыратын тілектестері Қазақстан­ның қай бұрышында да аз емес еді. Ауылдың аты – ауыл. Қазақтың ішінде тынжысы бар балаларының бәрі баспана таппай қаңғып жүрсе де, Алматыны барып сағалайтыны тектен-тек емес. Орыстың қайсар қаламгері Шолохов пен Астафьевтің тағдыры екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді. Әсіресе, қазақтың. Сазгерлігі басым сары Алтынбектің де «Сағындым Алматымды» деп, жүріп-жүріп қырықтың қырқасына келгенде Алатаудың бөктеріне аттануы да сол өнердегі өзінің үлесі үшін өзі күреспесе, біреу «мә, Алтеке» деп әкеп бере салмайтынын білгендіктен. Алтынбек Оразбеков болса, коммунистер билеген тұста Талас аудандық мәдениет бөлімін басқарды. Сарыарқаға көшкен малшылар ауылына сапарымыз есімде. Сол кезде елдің өсем, атақ-даңққа бөленем деп жүгіріп жүрген балалары ауданның бірінші, екінші хатшыларымен үзеңгілес болуға (табақтас болуды былай қойғанда) қолдары жетпей жүрсе, Алтекеңнің бастықтардан қашқақтап жүретінін байқап қалдым. Кесірлі хатшылардың қасында өзін тордағы бұлбұлдай сезінетінін де сездім. Қаталдығымен аты шыққан хатшы Алтекеңдей азаматты қазақтың сирек кездесетін талантты перзенттерінің бірі деп құрметтеуден гөрі, дастарқан басында өзінің көңілін көтеріп отыратын сайқымазағындай санайтынын түсініп қалдым. Алтекең ашылып айтпаса да, қас-қабағымен маған осыны аңғартып өткен. Табиғатында жасандылық, жағымпаздық жоқ еді. Біреулерге арман болған мансаптың талантты әншінің тақымында көп тұрақтамағаны да сондықтан. Бұдан кейін ол өзінің туған жері Көкталға кетті. Соңынан Көкталдың бір боз төбесі Алтынбектің Кеңсайына айналды. Таланттың бәрінің ауылда туып, астанада өлмейтінін дәлелдеу үшін әдейі өмір кешкен сияқты. Алтекеңді ойласам, есіме әнші Мәдениет Ешекеев оралды. Мәдениет те өз ауылын тастамаса, Алтынбек те Жамбылды қимады. Екі әнші де алыс-жақындағы жамағатына деген жүрегінің сағынышын жарқын даусымен жеткізді. Ауылда жүрсе де алашқа сыйлы болды. Оның орындауындағы Исаның «Желдірмесі» халықтың санасында Алтынбектің үнімен, Алтынбектің бояуымен қалды. Ән құдіреті әшейіндегі алқам-салқам (қарапайым) Алтынбекті түлкіге түсетін қырандай түлетіп жіберетін. Әншілігіне қоса, орындаушылық шеберлігі де ерекше-тұғын. Қалың қастарын қағып-қағып жіберіп, ұясы үлкен жанарын ойнақшытып-ойнақшытып алып, әннің әуен-ырғағымен қосыла бүлкілдей жөнелгенде, Алтекең ең селқос деген көрерменді де елең еткізетін. Ұйықтап жүретін ағайынды да «ұйқысынан» оятатын. Еліміздің дүлдүлі десе де тақиясына тар келмейтін сол жезтаңдайымыз бүгін ортамызда жоқ дегенде көңіл құрғыр иланбайды екен. Ауылдың аты – ауыл дедік қой. Қазақтың Біржанымен бірге қазақтың әнін де кереге байлап, матап тастаған кешегі көкірегі көр соқырлардың бүгінгі ұқсамасаң тумағыр ұрпақтары жоқ дейсіз бе?! Алтынбек те өзінің өмірден дара өнеріне тән лайықты бағасын ала алмай кетті. Облыстық газеттің соңғы (18 қазан, 2000 жыл) бетіндегі бір бұрышқа шөкімдей ғып берген қазанаманы біреу байқады, біреу байқамады... Қазанама демекші, бұрынғы партия, кеңес органдарында хатшы, төраға т.б. болып қызмет атқарған кісілердің әруағының құрметіне арналған қазанаманы суретімен көреміз. Өмірден осындай да осындай басшы өтті деген өкініш сөздерді оқимыз. Ол сөзге басқарма басшысына дейін «қол қойып», көңіл айтатын дәстүрді де білеміз. Осындай құрмет дүлдүл әнші Алтынбек Оразбеков марқұмның әруағы үшін де артық болмас еді. Өнерімен өрісті елдің шенеуніктері де өздерінің азаматтық деңгейінің өлшемін осындай қаза үстін де үлгі етер еді. Өкінішке қарай, облыс өнерінің жанашырлары үзеңгі жолдастарының бірі Алтынбектей арқалы әншінің өмірден өткенін ән дауылпазының қаралы қазасы ретінде көрсетіп, халыққа көңіл айта алмады. Алтекеңнің отбасына арналған көңіл айту бар да, Алтынбегінен айырылған республика, облыс тыңдармандарының көңілін жұбату бар ғой. Жоғары жақтың «диктовкасын» күтіп отыратын нәрсе ме бұл? Тыйым сап отырған басшы болса бір сәрі. Қазақ Елбасы ғасыр соңын­дағы жылды Мәдениетті қолдау жылы деп жариялап, өнер өлкесіндегілердің көңілін бір көтеріп тастады. Жыл да көңілді ноталармен аяқталғанда жақсы болар еді. Бірақ, өмірдің аты – өмір. Тумақ бар да, өлмек бар. Біреу ерте, біреу кеш дүниеден озады. Қараша қабағын түйіп кеп, «Ақбаянымыз» – Мәдинаны аппақ қарға орап алып кетті. Қырық құбылған қазанда жамбылдықтар қазаққа ортақ Алтынбегінен айырылды. «Аққу ұшып көліне кетті, Сұңқар ұшып шө­ліне кетті» деп, өзімізді-өзіміз жұбатқаннан басқа бізге не қалды?..

Тараз қаласы, 2000 жыл.

Ұқсас жаңалықтар