Марат Жұманқұлов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Қазақстанның әлемдік саяси аренадағы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі 25 жыл ішінде еліміз елеулі табыстарға қол жеткізді. Халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарды, әлеуметтік ахуал тұрақтанды. Елбасының алдымен экономика, содан кейін саясат деген ұстанымы өз жемісін берді. Соңғы жылдарда елімізде демографиялық ахуал түбегейлі өзгерді. 1992 жылдан бастап халық саны төмендеген болса, 2000 жылдардың басында жағдай түзелген еді. Жаңа мыңжылдық халқымыз үшін табысты басталды. Экономиканың сан саласында жүргізілген реформалардың әсерінен адами даму индексі біршама жоғарылады. Бұл – еліміздегі әлеуметтік саланың орнықты дамуының көрсеткіші. Демографиялық өсімге елдегі әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығы әсер ететіні белгілі. Ал табиғи өсім денсаулық сақтау саласының тұрақты дамуын көрсетеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 25 жылдың бедеріндегі басты жетістіктерімізді саралап, «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында: «Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы, халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады», – деген еді. Елбасымыз айтқандай, медицинаның арқасында өзара біз күрделі ота жасайтын 20 мемлекеттің қатарына кірдік. Жүрекке жасалатын бір ота 50 мың доллар тұратынын ескерсек, халық денсаулығын сақтау қаншалықты маңызды іс екенін түсінуге болады. 25 жылдың бедерінде өңіріміздің денсаулық сақтау саласы отандық медицинамен бірге өрледі. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауды бастан кешіп, көптеген қиындықтардан өтті. Дегенмен, әрбір түйткілді жағдай сала мамандарына алға ұмтылуды үйретті. Күрделі жағдайдан шығудың жолдарын іздеуге ұмтылдырды. Соның нәтижесінде емдеу ісінде жаңа технологиялар қолдануға көштік. Жаңа жүйеге бет бұрдық. Бұл қадам өз кезегінде жемісін берді. Соның арқасында біршама белестерді бағындырдық. Тәуелсіздік жылдарында облыстық денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі еселеп өсті. Мәселен, 2005 жылы 9,2 миллиард теңге бөлінсе, биылғы бөлінген қаржы 40 миллиард теңгені құрады. Яғни, 11 жылдың ішінде 4,4 есеге артып отыр. Ал бұл өз кезегінде медициналық қызметтің сапасын арттыруға серпін берді. Ауруханалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Елді мекендерде жаңа емдеу мекемелері бой көтерді. Облыс орталығында жекеменшік денсаулық сақтау нысандары ашылып, қызмет көрсетуде бәсекелестік пайда болды. Тәуелсіздік жылдарында өңіріміздегі емдеу мекемелерінің басым көпшілігі жаңарды. Оған мына дерек дәлел бола алады. 1991 жылдан 2009 жылға дейін 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтерсе, 2009 -2015 жылдар аралығында 92 нысан ел игілігіне пайдалануға берілген. Облыста «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында құны 18,8 миллиард теңгені құрайтын 6 денсаулық сақтау нысаны салынды. Олар –Тараз қаласындағы облыстық қан орталығы (жалпы сметалық құны – 4 005,9 миллион теңге), 500 келушіге арналған №5 қалалық емхана, (сметалық құны – 2 456,6 миллион теңге), Шу ауданындағы 150 келушіге арналған аудандық орталық ауруханасы (сметалық құны – 3 740,9 миллион теңге), 200 төсектік облыстық балалар ауруханасы (сметалық құны – 4 674,0 миллион теңге), 200 төсектік қалалық балалар ауруханасы (сметалық құны – 4 803,1 миллион теңге), Жамбыл ауданы Аса ауылындағы 250 келушіге арналған аудандық орталық емхана (сметалық құны – 3 287,9 миллион теңге). Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген маңызды. Мемлекет, жалпы қоғам үшін дерттің алдын алу тиімді. Әлеуметтік мәні бар аурулардың салдарымен күресу қаржылық жағынан да тиімсіз. Өйткені, уақытша еңбекке жарамсыздық кез-келген саладағы жұмыстың өнімділігін төмендетеді. Елбасымыздың профилактикалық шараларды күшейтуге мән беруі де сондықтан. Аурудың алдын алу үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру қажет. Бастапқы көмек көрсететін емдеу мекемелерінің желісін көбейту де маңызды. Сол үшін республикалық «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана салу» жобасы жүзеге асырылды. Облысымызда аталған жоба шеңберінде 26 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Қазірге дейін соның құны 1,8 миллиард теңгеге шақталған 25 мекеменің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Биыл Меркі ауданы, Меркі ауылындағы жалпы сметалық құны 1,8 миллиард теңге болатын 250 келушіге арналған аудандық емхана құрылысын жалғастыруға республикалық және облыстық бюджет есебінен 1,06 миллиард теңге бөлінді. Оның 932,0 миллион теңгесі игерілді. Емхана алдағы күндерде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Елді мекендердегі емдеу мекемелерінің жаңаруы алдымен материалдық-техникалық базаны жақсартуға мүмкіндік берді. Соның арқасында ауыл тұрғындары көптеген медициналық талдамаларды аудан орталықтарындағы емханалардан-ақ тапсыра алатын болды. Нәтижесінде қауіпті ауруларды ерте сатысында анықтай алатын жағдайға жеттік. Атқарылған мақсатты шаралардың арқасында өлім-жітім көрсеткіші 1992 жылмен салыстырғанда 24,0 пайызға (1992 жылы – 7,9, 2016 жылы – 6,0), аналар өлімі (1992 жылы – 33,5, 2016 жылы – 17,2) 48,6 пайызға, нәресте өлімі (1992 жылы – 33,5, 2016 жылы – 10,3) 69,2 пайызға төмендеді. Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына енгізудің негізгі тұжырымы ретінде ұсынылған «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы негізгі міндеттердің бірі – қазіргі заманғы және тиімділігі жоғары денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру. Яғни, денсаулық сақтау саласында бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу үшін қоғамдық денсаулық сақтаудың барлық деңгейіне тиімді менеджмент енгізу, соның ішінде жаңа медициналық технологияларды жасау мен практикаға ендіру талап етіледі. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының кепілдемесіне сәйкес, денсаулық сақтау саласына тап осындай жоғары сапалы ғылыми-зерттеулер мен инновацияларды енгізу тұрғындардың ұлттық деңгейдегі де, ғаламдық ауқымдағы да денсаулық жағдайларын жақсартуға бағытталуы тиіс. Ал бәсекеге қабілеттілік қандай жағдайда анықталады. Әрине, бәсекелес орта болғанда. Осы тұрғыдан алғанда біздің өңірімізді медициналық қызметтің сапасын арттыру үшін нағыз бәсекелі орта деуге болады. Облысымызда жоғары медициналық қызмет көрсететін жекеменшік клиникалар бар. Мәселен, жүрек дертіне шалдыққандар облыстық ауруханадағы арнайы бөлімшеге немесе білікті кардиохирург Сейтхан Жошыбаевтың «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығына», «Жүрек» клиникасына қайырыла алады. Емдеу-диагностикамен айналысатын жекеменшік медициналық орталықтар да көп біздің облыста. Тоқырау жылдарындағы күрделі мәселенің бірі маман тапшылығы болатын. Кадрлық зәрулік ауылдық жерлерді былай қойғанда, облыс орталықтарында да өткір күйінде қалған. Бүгінде бұл түйткілдіңде түйіні тарқатылғандай. Өңірде денсаулық сақтау саласындағы маман-кадрлардың тапшылығы біртіндеп шешілуде. Былтыр облысқа 85 жас маман келді. Оның 56-сы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен елді мекендерге жіберілді. Аталған бағдарлама бойынша 52 маманға республикалық бюджет есебінен 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтермеақы төленіп, жергілікті бюджеттен 300,0 мың теңге көлемінде қаржылай көмек алған. Сарысу ауданының Жаңатас қаласына және Талас ауданының орталығы Қаратау қалаласына келген жас мамандар қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етілді. Біз облысқа жас мамандарды тарту үшін жоғары медициналық оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Бұл қадамымыз нәтижесіз емес. Биылдың өзінде облысқа 22 жас маман келуі – соның дәлеліндей. Келген мамандардың 16-сы ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарында жұмысқа орналастырылды. Оларға республикалық бюджет есебінен 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек, баспана алуға немесе салуға 1500 айлық есептік көрсеткіш есебінде әлеуметтік несие беріледі. Нақтырақ айтсақ, жергілікті бюджет есебінен 800 000 теңге мөлшерінде қаржы бөлініп, баспана мәселесі қарастырылған. Саладағы түйткілді мәселелер білікті кадрлардың тапшылығынан туындайтыны белгілі. Жалпы, медицина үздіксіз дамушы сала болғандықтан, мамандардың біліктілігін арттырып отыру – аса маңызды іс. Біздің өңірімізде дәрігер мамандардың біліктілігін көтеру ісі дұрыс жолға қойылған. Кадрлардың біліктілігін арттыруға «003» бағдарламасы бойынша 2015 жылы 69 миллион 646 мың теңге қарастырылса, ал биыл 52 миллион 624 мың теңге қаражат бөлінді. Былтыр «003» бағдарламасы шеңберінде Санкт-Петербург қаласында – 3, Курган қаласында – 2, Москвада – 2, Лондонда 4 дәрігер біліктілігін арттырып келді. Облыстық перинаталдық орталығы базасында «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен Литва Республикасының мамандары мен оқытушылары «Қауіпсіз ана болу» заманауи позицияларына сәйкес перинаталдық көмек көрсетуді жетілдіру» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді. Ана мен бала денсаулығын арттыру жолдарын үйреткен курста өңір бойынша 23 маман оқыды. Елбасының қолдауымен емдеу, алдын алу мекемелерінің заманауи үлгіде бой көтеруі, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында жасалып жатқан қамқорлықтар тұрғындардың орташа өмір жасының ұзаруына әсер еткенін жоққа шығара алмаймыз. Біздің мемлекетімізде қашан да қоғамның басты байлығы саналатын адамға, адамдар денсаулығын сақтауға баса назар аударылады. Еліміздегі денсаулық сақтау саласының өрлеу және нығаю тарихы еліміздің даму тарихын көрсетеді. Мемлекет басшысы әр жылғы Жолдауларында тұрғындардың денсаулығын жақсартуға баса көңіл бөліп отырады. Бұл бағытта дамуға қажетті алғышарттарды жасап та берді. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында да сала ісіне серпін беретін нақты қадамдар көрсетілген. Биылдан бастап «2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламада көрсетілген міндеттерді басшылыққа ала отырып, біз дамудың нақты индикаторларына қол жеткізу үшін бірыңғай ұлттық денсаулық жүйесі аясында әрі қарай мақсатты түрде жұмыс жүргізе беретін боламыз. Адам мамандығының құлы болмай, оның еңбегінің құны болмайды. Біздің басты құндылығымыз – халық денсаулығын арттыруға бағытталған істер.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді