«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақта ет, сүт кластерінің даму деңгейі қандай?

Аймақта ет, сүт кластерінің даму деңгейі қандай?
ашық дереккөз
Аймақта ет, сүт кластерінің даму деңгейі қандай?

Биыл облыста егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 594,1 мың гектарды құрап, былтырғыдан 5,5 мың гектарға артқан. Жиын-терін қорытындысында масақты дақылдардың гектар қайтарымы 23,6 центнерден айналып, барлығы 591,6 мың тонна астық бастырылыпты. Бұл тәуелсіздік жылдарында ақ егістен алынған ең жоғары өнім болып отыр. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Е. Анабеков тарата айтып берді. Ал өңірдегі ет, сүт кластерлері­нің дамытылуы қандай деңгейде? Еркебұлан Даниярбекұлының айтуынша, Меркі ауданында жаңазеландиялық «Fonterra» және даниялық «Arla» бағдарламалары негізінде құрылған «Меркі өнімдері» өндірістік кооперативі өңірімізде сүт кластерін дамытудың алғышарты ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру ісінің «алғашқы қарлығашы» болып отыр. Кооператив аясына қазірдің өзінде 42 шаруашылық біріктірілген. Аталған агроқұрылым төңірегіне алдағы уақытта иелігінде 70-тен 200 басқа дейін асыл тұқымды сауын сиыры бар тауарлы сүт фермалары топтасады деп күтілуде. Осы мақсатта сүт бағытындағы 1000 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын сатып алуды қаржыландыратын шағын несиелеу мекемесі құрылған. Сүт бұлағын селдету ісіне 5-10 адамнан тұратын аулалық қосалқы шаруашылықтар да өзіндік үлестерін қосатын болады. Бұл тұрғыда оларға мал сатып алуына облыс әкімдігі тұрғындарды жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар және облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясындағы бірлескен жобасының шапағаты тимек. Сондай-ақ, қуаттылығы күніне 50 тоннаға дейін сүтті қайта өңдеу зауытының құрылысына жер телімі бөлініп беріліп, жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Ал ет, сүт өндірушілердің дайын өнімдері жинақталып, бір қолдан – арнайы ветеринарлық пункттер арқылы өткерілетін болады. Бұл өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігі сақталуына елеулі ықпалын тигізетіні анық. Е. Анабеков, сондай-ақ қазірге дейін 53 мың тонна ет өндіріліп, жоспар былтырғыдан 1,9 пайызға артқанын жеткізді. Ет өндірушілерді қолдау мақсатында жыл басынан бері 26,7 миллион теңге көлемінде субсидия төленіпті. Соңғы төрт жылда облыс аумағынан 24 бордақылау алаңы іске қосылып, бесжылдық жоспардың мерзімінен бұрын асыра орындалуы да салада едәуір алға басу барын айғақтай түседі. Аталған нысандар 20 мың бас мүйізді ірі қара малын бордақылауға мүмкіндік береді. Оның ішінде төртеуі экспортқа бағытталған, бір мезгілде 3 мың басқа дейін мал бордақылау әлеуетіне ие. Мұндай нысандар құрылысын Меркі мен Мойынқұм аудандарында да салу көзделуде. Жалпы бордақылау алаңдары арқылы жыл басынан бері 380 тонна сиыр еті экспортқа шығарылған. Еркебұлан Даниярбекұлы саладағы басқа да жетістіктерге тоқталып, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға да тұшымды жауаптар қайтарды.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар