Облыстағы 645 ҮЕҰ-ның 70 пайызы тек қағаз жүзінде тіркелген.
Облыс әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес отырысы өтті. Оның жұмысын жүргізген облыс әкімінің бірінші орынбасары – кеңес төрағасы Бекболат Орынбеков өңірдегі ҮЕҰ-ның беталысы оң арнаға бұрылғандығын атап өтті. Алайда, облыста тіркелген 645 ұйымның 170-ке жуығы ғана белсенді жұмыс істейтіні, ал қалғаны, яғни, 70 пайыздайы тек қағаз жүзінде тіркелгені көңіл көншітпей отыр.
Кеңес отырысының күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Шу ауданы әкімінің орынбасары Е.Айманбетов пен Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Б.Есеев аудан әкімдігі кеңестерінің жергілікті әлеуметтік мәселелерді азаматтық қоғам институттарымен бірлесе шешу тәжірибелері мен оның тетіктерін дамыту жолдары туралы, ал, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Г.Зәуірбекова басқарманың ҮЕҰ-мен өзара ықпалдастығы жайлы баяндама жасады.
Облыстық әділет департаментінде Шу ауданынан 32 ҮЕҰ тіркелген екен. Ал, жергілікті жерлерде мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыруға атсалысатын ұйымдар саны – 19. Олардың ішінде жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау, қоршаған ортаны қорғау, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын демеу, демографиялық және гендерлік проблемаларды шешу, кәсіпкерлер мүддесі, ардагерлер жайы, мәдениет, білім, ғылым, азаматтар денсаулығы мәселелері, салауатты өмір салтын насихаттау бағыттарында жұмыс атқаратын бірлестіктер бар. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде былтыр аудандық бюджеттен 3 миллион теңге қаржы бөлініп, жеті әлеуметтік жоба жүзеге асырылған. Биыл бөлінген қаражаттың көлемі артып, 7 миллион теңгеге жетіп отыр. Сондай-ақ, ағымдағы жылға да жеті жоба ұсынылып, қазіргі таңда жүзеге асырылуда. Мойынқұм ауданында жағдай бөлек. Ондағы үкіметтік емес ұйымдардың саны – 13, ал, тұрақты жұмыс жасайтыны біреу ғана. Аймақтағы үкіметтік емес сектордың жұмысын жандандыру мақсатында аудандық мәслихаттың сессиясында, аудан әкімінің ықпалымен бюджеттен 1 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат 4 тақырыптық әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға жұмсалмақшы. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Серікбекұлы Б. Есеевтің келтірген мәліметтеріне қанағаттанбай, қатаң ескерту жасады. Ал, ол бюджеттегі қаражаттың тапшылығын алға тартты. Жиын барысында конкурста жеңіп шығып, жобаларды жүзеге асыру үшін ақшаны иеленген ұйымдардан басқа бірлестіктер де қоғам өмірінде белсенділік таныту керектігі айтылды. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Р. Тұрмаханбетова ұйымдардың жұмысын тек әлеуметтік жобалар арқылы бағалауға болмайтынын мәлімдеді. «Конкурстың аты конкурс. Барлығына бірдей қаражат жетпейді. ҮЕҰ-дар да тендерге қарап қалмай, мәселен, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөнінде қоғамдық тыңдаулар өткізсін. Ұйымдарды осындай жұмыстарға тартуымыз қажет», – деді ол. Ал, Б. Орынбеков жіберілген кемшіліктерді жөндеу үшін баяндамашыға екі ай мерзім уақыт берді. Облыс әкімдігінің білім басқармасы жеткіншектер арасындағы қылмыс, суицид, олардың зиянды әдеттерге бой алдыруы мәселелерін шешуде жастар қоғамдық бірлестіктерімен, ардагерлер кеңесімен бірлесіп жұмыс жасайды. Бұл туралы басқарма басшысының орынбасары Г. Зәуірбекова мәлімдеді. – Юг» ұйымымен бірге жастардың есірткі, темекі және алкогольді ішімдіктерге әуестенуінің алдын алу бойынша жұмыстар атқарып келеді. Сондай-ақ, басқар ма жыл сайын «Болашақ» қоғамдық бірлестігімен бірге адам саудасына қатысты арнайы жоспар әзірлеп, осы бағытта «Адам саудасынан абай болыңыздар!» атты балалар үйлерінде, мектептер мен колледждерде семинар өткізуде. Г. Зәуірбекованың айтуынша, басқарма тарапынан 2014-2015 оқу жылында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша екі бағытқа (кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу шаралары және екінші, ата-аналармен жұмыс істеудің жаңа түрлерін қарастыру) қаржы бөлінбек. Жиын соңында облыс әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің ұйғарымы жария етілді. Онда төмендегі мәселелер атап көрсетілген: облыс әкімдігінің салалық басқармалары өз салалары бойынша жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатулары қажет. Ол үшін сала мәселелері бойынша кездесулер, қоғамдық тыңдаулар өткізу тәжірибеге енгізілуі тиіс. ҮЕҰ-дарға қаржы бөліну мәселесі дұрыс жоспарланып, қарастырылуы шарт. Сондай-ақ, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарларына ҮЕҰ-дардың статистикалық мәліметтері ретке келтіріліп, жұмыс істемейтіндерді тіркеуден шығару бойынша нақты шаралар қолданылсын деген тапсырма берілді. Қаражатты уақтылы және сапалы игеру үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар бойынша конкурстар әр жылдың бірінші тоқсанынан кешіктірілмей өткізілуі, сондай-ақ, тұрғындарды ҮЕҰ-дың жұмысымен таныстыру деңгейін арттыру мақсатында олардың жылдық есебін БАҚ-та міндетті жариялауды енгізу тапсырылды.
Назгүл Әбушәріпқызы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді