Облыстық мәслихаттың экономика, қаржы, бюджет және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары Гүлсін Орынбаеваның төрағалығымен өткен комиссия отырысында облыс әкімдігі қаржы басқармасы басшысының орынбасары Батырхан Әкек пен облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Мырзақасым Байбеков 2013 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы және облыс бойынша тексеру комиссиясының атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Баяндамашылардың келтірген деректері өткен жылы бюджет кірістерінің 2012 жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға ұлғайып, 160 миллиард 551 миллион, ал шығындардың 8,7 пайызға артып, 161 миллиард 492,5 миллион теңгені құрағандығын айғақтайды. Жыл аралығында үнемдеу есебінен 276,6 миллион теңге қаржы игерілмей қалған.
Есепті жылда облыстық бюджетке жалпы сомасы 143 миллиард 951 миллион теңге мөлшерінде трансферттер түскен. Аталған қаржының 582,5 миллион теңгесі Тараз қаласы мен аудандардың, 56 миллиард 292,6 миллион теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттердің, 87 миллиард 075,8 миллион теңгесі мемлекеттен алынған субвенцияның үлесіне тиесілі. Облыстық бюджеттің шығындарын құрайтын 20 миллиард 740,1 миллион теңге білім беруге, 35 миллиард 633 миллионы денсаулық сақтауға, 4 миллиард 569,4 миллионы әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға, 17 миллиард 230,3 миллионы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, 8 миллиард 091 миллионы мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке, 74 миллиард 952 миллион теңгесі басқа салаларға бағытталыпты. Сондай-ақ, қарыздарды өтеу бойынша жоспардағы 682,6 миллион теңге сомасындағы республикалық бюджет алдындағы жергілікті атқарушы органның борышы толығымен өтелген. Экономика, қаржы, бюджет және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы күн тәртібіндегі мәселені талқылай келе, 2013 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы және облыс бойынша тексеру комиссиясының атқарған жұмыстары туралы облыс әкімдігі қаржы басқармасының және облыс бойынша тексеру комиссиясының есебін мақұлдау және оны бекіту үшін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына ұсыну жөнінде қаулы қабылдады. Сонымен бірге комиссия отырысында Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеевтің аумақтағы 19 елді мекенді газдандырудың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін бюджеттен 103 миллион теңге қаржы бөлінуіне ықпал етуді сұрап, облыстық мәслихат хатшысының атына жазған хаты қаралып, талқыланды.
Сапарғали ӘЛІБАЙ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді