келешекте осы аумақтағы кен орындарынан жыл сайын 500-550 миллион текше метр табиғи газ өндірілетін болады
Қанат ҚҰРМАНӘЛИЕВ, «Амангелді ГАЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры.
Жаңа ғасырдың алғашқы жылдарында, нақтырақ айтсақ, 2003 жылдың күзінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Амангелді газының алауын салтанатты жағдайда тұтатқаны жамбылдықтардың әлі күнге есінде. Бөркін аспанға атып, шат-шадыман қуанған ағайын осынау зор қуаныш азаттықтың жемісі екенін біліп, тәубе дескен. Одан бері де тәуелсіздіктің 13 жылы өтіпті. Бұл – бір мүшел жас. Осынша уақыт ішінде талай ауыл тұрғындары от жағып, күл шығару машақатынан құтылып, «көгілдір отынның» рахатын көруде. Аймақты «көгілдір отынмен» қамтамасыз етіп отырған іргелі кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігі қайнап жатыр. Ертеңі де жарқын. «Амангелді» және «Жарқұм» кен орындары биыл да қабылдаған жоспарларына сәйкес, газ және газ конденсатын өндіруін одан әрі жалғастыруда. Қазір «Амангелді» кен орны 30 ұңғымен қамтамасыз етілген. Осыдан екі жыл бұрын алауын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев тұтатқан «Жарқұм» кен орнында 4 ұңғы ашылған. «Амангелді» кен орнындағы алау газын кәдеге жарату және сұйытылған пропан-бутан қоспасын алу» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Осының нәтижесінде алау газдың жағылымы зиянды заттар және шығарындылардан барынша төмендетілді. 2016-2020 жылдар аралығында жобалық көрсеткіштерді орындау мен шикізат қорын дамытуды қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қабылдадық. 2016-2017 жылдарда қосымша 5 пайдалану ұңғысын бұрғылау белгіленген, осының нәтижесінде «Амангелді» кен орнында 2017 жылы газдың жылдық өндіру көлемі 16,0 миллион текше метрге артады. Алдағы жылдың төртінші тоқсанында «Айрақты» кен орнын тәжірибелі-кәсіптік пайдалануға беру жобасы табысты өткізілсе, кәсіпшілік бойынша газ өндірудің жылдық көлемі 354,8 миллион текше метрді құрайды. Ресурстық негізін және газ қорын көбейту мақсатымен кәсіпорынның келісімшарттық аумақта геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Қазіргі уақытта «Батыс Сұлтан құдық» перспективалық құрылымында тереңдігі 4250 метр іздестіру ұңғымасын бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы «Анабай» кен орнында бағалау жұмыстары басталады деп күтілуде. Егер өнеркәсіптік газ қорлары табылып жатса, 2020 жылы тәжірибелі-пайдалану жоспарланып отыр. Келешекте қысқа мерзімде кен орындарын пайдалануға беру нәтижесінде жыл сайын өндірілетін газ көлемі 500-550 миллион текше метрді құрайтын болады. Бұл дегеніңіз – жергілікті тұрғындар үшін жүздеген жұмыс орны. Жоспарланған геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесіне қарағанда шикізат қорының мөлшері 13-15 миллиард текше метрге өседі деп күтілуде. Дегенмен, Шу- Cарысу өңірінің алқабы әлі де толық зерттеле қоймаған. Келісімшарттық аумақтың кешенді зерттеуін жан-жақты жүргізген жағдайда шикізаттық болжам қорлары одан да жоғары болуы мүмкін. Алдағы уақытта Оңтүстік аймақтарын энергетикалық ресурстармен жоғары деңгейде қамтамасыз ету негізінде келісімшарттық аумақты және жанындағы перспективалық аймақтарда алдыңғы қатарлы технологияларын қолданумен кешенді іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу көзделген.
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді