Вадим Деминов, «Имсталькон» АҚ Жамбыл филиалының директоры.
Осыдан 50 жылдай бұрын Қаратау-Жамбыл аумақтық кешеніндегі химия өнеркәсібін жеделдету мақсатында салынған «Имсталькон» акционерлік қоғамының Жамбыл филилы 1990 жылдардағы экономикалық дағдарыста тоқырауға бой ұсына қоймады. Қайта тәуелсіздік алған алғашқы жылдары зауыт өнім шығару бейімділігін коммерциялық бағытқа өзгертіп, еліміздің әр аймағынан тапсырыстар қабылдай бастады. Соның арқасында, өндіріс орнының әлеуеті артып, металл дәнекерлеу, құрастыру және халық шаруашылығына қажетті түрлі бұйымдар шығару дұрыс жолға қойылды. Мемлекетіміздің әр аймағындағы мұнай өндіру және өңдеу кәсіпорындарының тапсырысымен сұйық заттар құйылатын көлемі 5 текше метрден 20 мың текше метрге дейінгі сыйымдылықтар жасалды. Кәсіпорынның мұнан басқа өзге де бағасы төмен әрі сапалы бұйымдар шығарумен аты шықты. Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Астана қалаларына да барып, металл құрастырмаларының ірі тапсырыстарын орындаған кездеріміз болды. «Имсталькон» акционерлік қоғамы Жамбыл филиалының атағы аспандап, жетістігінің әйгіленуіне Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың идеясынан туындаған, тәуелсіздік нышаны Астанадағы «Бәйтерек» монументінің құрылысына қатысуы себеп болды.
Сәулетті мағынасы мен жасалу жағынан әлем елдерінен оң бағасын алған тәуелсіздік тұғыры металл құрастырмасы мен салмағы 1000 тоннадан жоғары бес жүзге жуық қададан тұрады. Сәулет өнерінің қайталанбас туындысының бірі болып есептелетін монумент Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан. Оның биіктігі – 97, ал диаметрі – 27 метр. «Бәйтеректің» жоғары бөлігінде орналасқан диаметрі 22 метрлік, салмағы 300 тоннаны құрайтын күннің түсуіне қарай өңін өзгертіп отыратын «хамелеон» әйнегінен жасалған алтын түстес алып шар әлемдегі ең үлкен шардың ең биікке көтерілуі бойынша тарихқа енді.
Негізінен, нысаны үш бөліктен тұрады. Жерасты бөлігі ұлттың тамыр жаюын білдірсе, ортаңғысы – өркендеу кезеңінің нышаны. Ең жоғары бөлігінде «Аялы алақан» композициясы орныққан. Одан кейінгі қосымша түрдегі композиция жеке-дара бөлініп, жер бетінде қалықтап тұрғандай әсер береді. Ұшар басында алтын шар орналасқан. Арнайы шынылармен әдіптелген «Бәйтерек» күмбезінің салмағы – 70 тонна. Еліміздің ең биік әрі көрнекі ғимараты саналатын осы «Бәйтеректің» құрылысында жамбылдықтардың да қолтаңбасы бар екенін біз әр кез мақтаныш тұтамыз. Негізінен, металдан, әйнек пен бетоннан жасалған «Бәйтеректі» «Имсталькон» АҚ тұрғызғанымен, біз ұзындығы 90 метрден асатын металл баспалдағын жасап, оны орнатуға белсене атсалыстық. Оның құрылыс жұмысына қатысқан мамандардың көбісі қазір зейнетте. Сол уақытта филиал директоры қызметін атқарған Александр Никулин де бүгінде құрметті демалысқа шыққан. Әйтсе де, ұжым қатары білікті де жас мамандармен толығуда. Елордамыз Астанадағы «Конгресс-Холл» сарайы да біздің металл құрамаларын жасайтын мамандарымыздың туындысы. Кәсіпорын шеберлерінің қолтаңбасы өзіміздің Тараз қаласының кіреберісіндегі бас қақпа мен «Тараз-Арена» спорт кешені секілді сұлулығы көз тартқан көптеген нысандарда да бар. Бүгінде олар ЭКСПО – 2017 көрмесінің алып құрылыс жұмысына қатысуда. Жалпы, зауытта 760 адам еңбек етеді. Мекемеміздің аса білікті әрі күрделі жұмыстарды істей алатын мамандармен толығуына тендер арқылы халықаралық тапсырыстарды жеңіп алуымыз дәлел бола алады. Металл құрастырмаларын жасауда зауыт көрсеткіші жылдан-жылға артып келеді. Бұл – жаңа заманға сенімді қадам басып, өркениет көшінен қалмай, әлем елдерімен иық түйістіре алатын дәрежеге жеткен Тәуелсіз мемлекетіміздің өнеркәсіп саласына деген айрықша қамқорлығының арқасы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді