Бүгінде ел тұрғындарының, тіпті, әлем халықтарының назары Астанаға, ғажайып қалада қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына ауып тұр десек, артық айтқандық болмас. Есіл бойындағы ертегі қала шын мәніндегі болашақтың қаласына айналып келеді. Тұрын үйлер қатары жылдан-жылға толысып, кемелдене түсуде. Жерүсті, аспан асты архитектуралық үлгілердің неше алуан түрі көкпен таласып, өзінің сұлулығын, еркін де азат болмысын күллі жаһанға жариялап жар салумен тұрғандай. Әсіресе, «ЭКСПО» қалашығындағы ғажайып құрылыс нысандары көздің жауын алады. Бұдан кейін әлем назары қалай аумасын! Біздіңше, елімізде барлық үлгі, өнеге, өркенді өзгерістер қала, ауылдарымызға осы ел байтағы Астанадан тарап, жұғысты болып жатқандай. Бүгінде барлық ауылдарда дерлік өз «Бәйтеректері» бой көтерді. Астана аттас шағын аудан Қызылордада да, Таразда да бар. «Кішкентай Астаналардың» үлкен Астанаға ұқсағылары да келеді. Тараздағы «Астананың» құрылысы 2007 жылы басталған-ды. Жамбылдық құрылысшыларға қаланың ортасындағы айтақырдан тиісінше инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандары бар жаңа үлгідегі осынау көп қабатты зәулім үйлер қатарын салып шығу үшін екі жылға жуық уақыт қажет болған екен. Ел экономикасы өтпелі кезеңнен өтіп, дамудың даңғыл жолына түскен шақтан бастап көне Тараз шаһары да осылай қайта түлеп, гүлденіп, көркейе түсті. Халықтың саны да өсіп, өнді. Аз уақыт ішінде-ақ тұрғын үйге деген сұраныс еселеп артты. Жамбыл жеріндегі құрылыс саласының қайта жаңғыруы да осы кезеңге дөп келді. Тараз төрінен алғаш жаңа №12, содан кейін №13 шағын аудандардың сұлбасы айқындалып, көне шаһар жаңаша түр, келбетке ие бола бастады. Еңсесі биік үйлеріне үңіле қарасаңыз, олардың әрбір тасынан Елбасы бастаған, халық қостаған үлкен істің ізін көреріңіз анық. Тәуелсіздік жылдарында Тараз қаласында бой көтеріп, символикалық атауға ие болған екі бірдей шағын ауданның бірі – «Бәйтерек», екіншісі – осы «Астана»! 2005-2016 жылдар аралығында аталған аудан аумағында заманауи үлгіде барлығы 31 көп қабатты тұрғын үй – 5 қабатты жиырма сегіз, 9 қабатты үш тұрғын үй, мектеп, балабақша, қолөнер мектебі пайдаланылуға берілді. Қала әкімдігінің құрылыс, тұрғынжай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері де осында орналасқан. Бүгінде шағын ауданда мыңнан астам отбасы тұрады. Олар өздерін «астаналықпыз» деп те санайды. Оған негіз жоқ емес. Мұндағы көкпен таласқан тұрғын үйлердің Астанағыдан бір кемі жоқ. Бас қаланың бір үзігі, бөлшегі де секілді. Тұрғын үйлердің пайдалану алаңы да ауқымды. «Шаршы ұя» әдісімен салынған әрбір төрт тұрғын үйдің ортасында гүлзары, субұрқағы бар демалыс аймағы, балалардың ойын алаңдары жасалған. Былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Сарайшық» сквері тұрғындар игілігіне ұсынылды. Көшелер мен аяқжолдар бойында осыдан бірер жыл бұрын отырғызылған сәндік және жеміс ағаштарының көшеттері балақтап өсіп, жан сергітер жасыл желекке айналып үлгерген. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақ та осы шағын ауданның дәл іргесінде. Онда да Жасыбай көлі, Жұмбақтас макеті жасалып қойылған. Көлшік те, субұрқақ та, «жасыл ну» да бар. Облыстық деңгейдегі басты іс-шаралар көбінесе осында өтеді. Кешкілікте амфитеатр сахнасы төрінен ән төгіліп, күй шалқып, кинофильмдер көрсетіліп жатады. Бірауық демалып, сергігенге таптырмайтын-ақ орын. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында «Гүлденген Қазақстан» мемориалды кешені де «Астана» шағын ауданының қасбетінен еңсе көтеруде. Осынау сәулеттік туындының өн бойында бірлік пен бейбітшілік, махаббат, «Мәңгілік Ел» идеясы, басты ұлттық құндылықтарымыз да көрініс тауып, ел рухын асқақтатуға әбден жарап-ақ тұр. Жалпы, монументтің биіктігі – 15, ал ені 6,25 метрді құрайды. Кешен құрылысына жергілікті бюджеттен 104 миллион теңге бөлінген. Алдағы уақытта Тәуелсіздік тойына тамаша тарту ғана емес, облысымыздың бас ескерткіші де болмақ. Және мұндай мәдени кешеннің «Астана» шағын ауданының іргесінен бой көтергенінің өзі неге тұрар?! Асқақтай бер, «Астана» шағын ауданы!
Нұржан ЖҰМАҒҰЛОВ, Тараз қаласы №1 аумақтық округінің бас инспекторы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді