«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақбұлымның алмасы

Ақбұлымның  алмасы
ашық дереккөз
Ақбұлымның алмасы

есіл жағасындағы ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне жөнелтіледі

img_5720Ақбұлым ауылындағы алма бақтың кіреберісіндегі жолдың топырағы тобықтан есіліп жатыр. Кей жердегі айқыш-ұйқыш түскен ауыр жүк көліктерінің сайраған ізі мен шашылған алмалар, бақ ішіндегі адамның қауырт қимылы жиын-терін науқанының қызып тұрғанын айтқызбай-ақ сездіріп тұр. Біз ат басын бұрған «Мафиз» шаруа қожалығы да иелігіндегі 10 гектар алма бақтың жемісін жинау үстінде екен. Көп жемісті көтере алмай, алма ағаштарының бұтағы иіліп, жерге жеткендей. Ағаш жәшікке қатталып салынған алқызыл алмалар көз тартып, жесең дәмі тіл үйіреді. Мұнда алманың «Голден Делишес», «Айдаред» секілді түрлері өсіріледі екен. Аталған шаруа қожалығының басшысы Мафиз Латипов бағбандықпен айналысқанына 16 жыл болғанын айтады. – Кеңестік кезеңде атағы жер жарған осы Ақбұлымның алма бағы алғаш тәуелсіздік алған жылдары тып-типыл болып оталып еді. Еліміз жаңа заманға бет бұрған уақытта көпшілік мемлекеттің ұстанған бағытын түсінбей, пайға алған жерінің тоз-тозын шығарды. Өз үлесіндегі бақшаның ағаштарын қырқып, отын етіп жақты. Осы ауылда ең бірінші болып 2000 жылдары 4 гектар жеріме сырттан жоғары сұрыпты алма көшеттерін алдырып, отырғыздым. Сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов бастаған облыс, аудан басшылары ісіме қолдау білдіріп, қызу қуаттады. Кейінірек тағы 6 гектар жер қостырып алдым. Т.Рысқұлов, Жамбыл, Жуалы секілді маңайдағы аудандардан алма өсіруді жаңадан қолға алған азаматтар қолқалап, ақыл-кеңес сұраумен болды. Тіпті, олардың бақшасына барып, білгенімді үйреткен кездерім де бар. Алма ағашы «ұйқысынан оянбай» тұрып, артық бұтақтарын кесіп, гүлдеген сәттен бастап алма биті мен гүлжегіші, алмажегіші секілді зиянкестерден сақтау үшін жылына 4-5 мәрте дәрілеу, суару, күзде, көктемде минералды тыңайтқышпен үстеп қоректендіру, түбін қопсыту жұмыстарын уақтылы жүргізіп отыру қажет. Себебі, бақ та бала секілді айрықша күтімді қажет етеді. Кейінгі кезде бағбандықты балам Мизам мен Рызматқа тапсырдым, – дейді ол. Жиын-терінге 10 шақты адам жұмылдырылады. Оларға 20 күндей күніне 2 мың теңгеден ақы төленетін көрінеді. Өнім түсімі гектарына 20 тоннадан айналып отыр екен. Бұл жерде алманың әр килограмы – 100 теңгеден. Негізгі тұтынушылар: Алматы, Қарағанды, Астана қалалары. Бақтағы негізгі жұмыстар адамның қолымен және бір жүк көлігі, бір шынжыр табанды трактордың көмегімен атқарылады. Алма өсірудің әдіс-амалын жетік меңгерген Мафиз ақсақал жеміс-жидек, көкөніс сақтайтын қойма керек екенін тілге тиек етті. Өйткені, біздің өнімді нарықтан Қырғызстаннан келетін арзан жемістер ығыстыратын секілді. Сондықтан, ол жемісті қысқа сақтауды жөн көріп отыр екен. Бірақ, жекеменшіктің иелігіндегі қоймалардың белгілеген ақысын шаруалардың қалтасы көтермейді. Жол бастаушымыз аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маман-агрономы Амангелді Әбдібеков Ақбұлым ауылындағы 167 шаруа қожалығының 57-сі алма өсірумен айналысып отырғанын айтады. – Мұндағы 150 гектар алма бақтың берген өнімі орта есеппен 10 тоннадан айналуда. Алма ағашына бұрынғыдай субсидия төленбейді. Әйтсе де, минералды тыңайтқыштардың отандық өніміне 50 пайыз жеңілдік жасалған. Жанармай да май құю бекеттерінен кепілді бағамен босатылады. Осы айдың аяғына таман Астана қаласында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне осы Ақбұлымның алмасын апару жоспарланып отыр, – дейді ол.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар