Бағлан Тазабеков жетекшілік ететін «Тазабек әулеті» шаруа қожалығының сауын биелері қазір Жақсылық ауылының төр жағындағы ескі «Ақжар» жұртында. Қожалықты оның майдангер әкесі Медербек ақсақал тоқсаныншы жылдардың соңында ашқан. Медербек ақсақал 89 жасында қайтыс болды. Қымыздың ебін білетін Қымбаткүл апамыз да 83-ке келгенде көз жұмды. Ақылы дария атамыздың соңында қалған сегіз ұл-қызынан қазір 39 немере-шөбере өрбіп отыр. Ауылда қалған ұлдың үлкені Дүйсенқұл қазір зейнетте. Медеті – Құланда бір компанияның президенті, ал Бағланы қара шаңырақта қалып, әке ісін жалғастыруда. «Орнында бар оңалады» деген осы да. Оның үстіне, Медербек әулетіне Айнұрдай көргенді келін түскен екен. – Осы ауылға әпкем Айгүл де келін боп түскен. Екеуміз де Алматыдағы «ЖенПИді» бітірдік. Ол аудандық кітапханада бөлім меңгерушісі, мен Қ.Сұлтанбеков мектебінде ұстазбын, – дейді Айнұр. – Сіздің «қымыз саууды қайдан үйрендіңіз?» деген сауалыңызға жауап берейін. Біздің әкеміз Сейсенбек пен шешеміз Панзакүл де мал баққан кісілер. Қорағатының «Қарақыстақ» жайлауында мал бағып отырғанда, шешем бие сауатын, сонда өткен-кеткен жолаушы біздің желіден аттап кетпейтін. Аттан түсіп қымыз ішетін, ол кезде ақты сату деген ұят болатын, қазір ғой бәрі саудаланып кеткені. Бие сауып, қымыз ашытуды сол кезде шешемнен үйрендім. Біздің қымызды жұрт мақтайтын. Төрт түнеген бесті қымызды да, тұңғыш сауылған ту қымызды да, тіпті уыз, сірге қымызды да қалай дайындайтынын Айнұрдан жақсы білетін ешкім жоқ. Біреулер ащы қымызды «Түу, керемет екен» деп ішіп жатады. Ал шынтуайтына келгенде, бал татыған жуас қымызға не жетсін, шіркін?! Осындайда Ақтамберді жыраудың: Арудан асқан жан бар ма, Жылқыдан асқан мал бар ма, Биенің сүті – сары бал, Қымыздан асқан дәм бар ма? – деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Айнұрдың әншілігі де керемет. Әйтпесе, жетінші сыныпқа енді іліккен Зілхан есімді қызы халықаралық ән байқауының бас жүлдесін жеңіп ала ма?! Бағлан ғой бір үйір жылқыны өзінің үлкен ұлы Аманбекпен және бажасы Нұрлыбектің баласы Нұржігітпен бірге күнұзақ сауады. Олар күніне 30 литр, ал жаз мезгілінде 4,5-5 тонна қымыз өндіреді. Бағлан бажасы екеуі бұл кәсіппен 2009 жылдан бері айналысып келеді. – Біз биелерді күндіз сауамыз да, түнде бағамыз, әйтпесе малдың қоңы түсіп кетеді. Құлындарды көлеңкеге байлап, алдына жоңышқа, жем салып қоямыз. «Ақжардағы» баздың жанында аздаған жоңышқалығымыз бен бау-бақшамыз бар. Әйтеуір, екі отбасының күнкөрісіне жетеді, – дейді Бағлан. Қазір аңыздағы шөп піскен мезгіл. Бұл кезде бие сүті қойылып, маңыздана түседі. Мұны үлкендер сары қымыз дейді. Қазір жұрт ауырмаудың жолын іздеп жүр. Саумалдың сал ауруына, жүрек пен асқазан жарасын, бауырды емдеп жазуға тигізетін дауасы мол. Бұл өзі буын мен қаназдыққа да бірден-бір ем екенін ел енді-енді түсіне бастады. Бүгінде бие байлап отырған жылқылы ауылға келетіндердің қарасы көбейді. Оның үстіне, Бағланның қымызының дайындалу технологиясы мүлде бөлек. Дәмі тіл үйіреді, ішсең жеңіл, жуас қымызды тек Жақсылық ауылынан табасыз.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Т. Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді