Күні кеше Армения астанасы Ереван қаласында өткен «ТЭФИ – Достастық» халықаралық телевизиялық фестивалі өз мәресіне жетті. Бұл фестиваль жыл сайын ТМД елдері мен жақын орналасқан елдердің арасында өткізіледі. Ол достас елдерде бірыңғай ақпараттық кеңістікті құруға, ТМД және басқа да шет елдер арасындағы хабар таратушылар мен журналистердің ынтымақтастығын жолға қоюға бағытталған. Биыл бұл байқауға 10-нан астам елдің 20 телекомпаниясынан 28 жұмыс ұсынылыпты. Алтыншы рет ұйымдастырылған халықаралық фестиваль «Жаңалықтар – біздің мамандығымыз» тақырыбында өткен. Кәсіби журналистердің беделді байқауында «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының облыстағы филиалы – «Қазақстан – Тараз» телеарнасы төл туындысымен қатысып, «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасы аталымы бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Арнаулы лауреаттық марапатқа ие болған телеарнаның жас журналисі Анастасия Сулейманованың авторлығымен әзірленген сюжеттің түсірілімі, мазмұндық сипаты, көркемдігі және өзекті тақырыпты қозғауы әділқазылар тарапынан оң бағаланды. Әрине, бұл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңындағы телеарна ұжымының ортақ жеңісі және отандық телевизияның табысы екендігі сөзсіз. Сондай-ақ, «Қазақстан – Тараз»-дың халықаралық байқаудағы тұңғыш жеңісі аймақтық телеарна тарихының жарқын беттерінің бірі болып қалады. Айта кетейік, «ТЭФИ – Достастық» халықаралық телевизиялық фестивалі 2011 жылы ТМД-ның 20 жылдығына орай құрылып, алғашқы күннен бастап-ақ ТМД-ға мүше мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры мен Баспасөз және бұқаралық коммуникация федералдық агенттігінің қолдауына ие болып келеді.
«Ақ жол-Ақпарат».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді