Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры М. Ескендіров туралы бір үзік сыр
Өңір экономикасының басты тірегі – химия саласында Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған тұңғыш қазақ азаматы Сартай Есімханов еді. Арада қырық жылдай уақыт өткеннен кейін осындай атақ оның ізбасары Мұқаш Ескендіровтің еншісіне тиді. Ол Сартай ағасының ерлігін қайталады! «Қазфосфат» ұжымы мұны айрықша елеулі оқиға, басшыларына ғана емес, өздеріне де көрсетілген зор құрмет, ел экономикасын ілгері бастыру жолындағы ерен еңбектің еленуі, лайықты бағалануы деп қабыл алысқан. Әйтеуір, Мұқаш Зұлқарнайұлының кеудесіне былтыр еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында «Алтын жұлдыз» таққан күн Жамбыл жерінің де жұлдызы жарқырай жанған айтулы сәт ретінде өндірісті өңірдің шежіре-жылнамасына да енді. Әулиеаталықтар химия саласында тер төгіп, еңбек аламанынан топ жарып шығып, маңдайы жарқырай көрінер қаһармандарын ұза-а-ақ күткен-ді. Міне, ондай күн туды! Ендігі жерде Жаңа Жамбыл фосфор зауытының жылнамасына Тәуелсіздік танытқан тұлғалар қатарында Мұқаш бауырымыздың да есімі алтын әріптермен жазылып қалатын болады. Қандай бақытты, мәртебелі сәт десеңізші! Сол, сол-ақ, Тәуелсіздік тудырған тарланымызды тәмам жұрт қолды-аяққа тұрғызбай, аяғын жерге тигізбей көтеріп алды да кетті. Барлығынан бұрын еңбек адамының, «еңбек» ұғымының осыншама қастерлі тұғырға биіктетіліп, асқақтатылғанын айтсаңызшы! Бұл еліміздің дамуының жаңа кезеңі, жаңа тарихы басталғанының да белгісі еді. Қалай десек те, үлкен де, кіші де «Алтын жұлдызды» атпал азаматқа шыңыраудан шыңға бір-ақ шығарар, бақытқа да, байлыққа да бөлер, әлемнің әміршісі – Ұлы Еңбектің өзіндей құрметпен қарап, уәзінді сөздеріне ықыластана құлақ түретін болды. Жұртшылық өкілдерімен, әсіресе, жастармен кездесулерінде қойылатын «Мұндай атаққа қалай қол жеткіздіңіз?» деген бір ғана сұрақтың өзіне еңбек майталманының жөпелдемеде бірден жауап бере алмай, қиналатын кезі де аз болмайды, әрине. Ешкім де Еңбек Ері болып тумайды. Абырой да, құрмет те еңбекпен келеді. Әркім – өз дәуірінің перзенті. Өз заманының талабына өзінше үн қосады, еңбегін арнайды. Сонау бір кезде енді қырық жылдан кейін химия саласындағы айрықша елеулі еңбегі үшін омырауына жарқырата «Алтын жұлдыз» қадайтынын қайдан білсін-ау. Әйтеуір, бала Мұқаштың да сол кезеңнің еңбек майталмандары өнегесін, ерлігін үлгі тұтып, соларға еліктеп өскені анық. Неге екенін, балғын жастың өндіріс саласына бүйрегі бұрыпты да тұрыпты. Осы жолды таңдап, талап арқалап, мақсат тауына бет алған. Алайда, бұл өте ауыр жол еді. Оның қиындығына қыңбай, суығына тоңып, ыстығына күю шарғы бойлылау жас жігітті шарболаттай шыңдай түсті... – Бала кезімнен химия саласында еңбек етуді арман етіп, мектептен кейін бірден Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технология институтына оқуға түстім. Оны бітірген бойда жолдамамен Жаңа Жамбыл фосфор зауытына келіп, ауысым шебері қызметіне орналастым. Әрине, қазір айтуға ғана оңай. Бірақ, осы күнге дейінгі өмір жолымды саралайтын болсам, сан алуан қиындықтарды бастан өткеріппін. Жоспар орындалмай, екі жеті бойы үйге қайтпай, жұмыс орнында түнеп қалатын күндерім де болды. Қиындыққа шыдай алмаған көптеген әріптестерім жұмыстан шығып кетіп те жатты. Мұның бәрі күні бүгінге дейін есімде, – дейді Мұқаңның өзі. 1999 жылы құрылған «Қазфосфат» ЖШС өз жұмысын минералды тыңайтқыштар, сары фосфор мен оның өнімдерін өткеру нарығын қайта қалпына келтіруден бастаған-ды. Бүгінде ол – еліміздің аумағында фосфат өндіріп, оны өңдеп, тұтынушыларға темір жол көлігі арқылы жеткізіп беретін бірегей компанияның бірі. Бүгінде мұнда минералды тыңайтқыш, сары фосфор, химия өнімдерінің 20 түрі өндіріледі. Өнімдер негізінен экспортқа бағдарланған, 94 пайызы шетелдерге өткеріледі. Әзірге негізгі табыстың 60 пайызы сары фосфор сатудан түсуде. Компанияның өнімдері Еуроодақ, ТМД елдеріне, Қытай, Жапония, Иран, Ауғанстан және Үндістанға жіберілуде. М.Ескендіров іргелі өндіріс ошағын басқару тізгінін қолына алған күннен бастап қалайда осы жолда жетістікке жету мақсатынан еш айныған емес. Соншама жылғы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде өндіріс орны аяғына тұрып, ТМД елдері арасындағы химия өнеркәсібінің көшбасшысына айналды. «Енді алға қойып отырған мақсатым – зауытымызды 2020 жылға дейін ТМД елдерінің арасында ғана емес, әлемдегі химия өнеркәсібі саласында жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орындарының алдыңғы қатарына шығару», – дейді ол. Қазіргі таңда «Қазфосфаттың» барлық өндірістік құрылымдарында 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Жұмысшы-қызметкерлердің айлық жалақыларын уақтылы төлеумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайы мен сауықтырылуына да баса назар аударылуда. Бір ғана мысал, серіктестікке қарасты «Көктал» сауықтыру кешенінде жыл сайын кеншілер мен олардың отбасыларынан 2 мыңнан астам адам демалады әрі ем алады. «Жұлдыз» сауықтыру лагерінде де жазғы маусымда 900 бала тынығып, жайдары мезгілді қызықты өткізеді. Сонымен қатар, компания бұқаралық спортты дамытуға да жіті көңіл бөлуде. Осы мақсатта Жаңатас қаласындағы орталық стадион қайта жаңғыртылып, халыққа есігін айқара ашты. Сонымен қатар, Тараз қаласынан заманауи спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде бұл нысанда «қазфосфаттықтар» бос уақыттарын тиімді өткізуде. Кәсіпорын басшылығы кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға айрықша ден қойған. Бұл орайда компания жыл сайын 20-25 миллион теңге жұмсап келеді. Мекеме, сондай-ақ облыс аумағында кең көлемді қайырымдылық және демеушілік жасау шараларын жүзеге асырады. Осы мақсатқа 2013-2015 жылдары 147,8 миллион теңге жұмсаған. Бұл игілікті шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бұл жұмыстар ескерусіз қалмай, халықаралық байқау, көрмелерде бірнеше ондаған марапаттарға да ие болған екен. Оның ішінде «Қазақстанның үздік тауарлары – 2010» өңірлік байқау-көрмесі мен қатарынан екі жыл бойы «Парыз – 2010» және «Парыз – 2011» байқауларында арнайы аталымдар бойынша күміс жүлдегер атанғанын атап өту ләзім. Расында да, «Қазфосфат» ЖШС бүгінде бәсекеге қабілетті өнім өндіре отырып, әлемдік нарықтағы ірі ойыншыға да айналып үлгерді. Компанияның бүгінгі атқарып отырған жұмыстары ауқымды. Алдағы мақсаттары да зор. Таяу жылдарда кәсіпорын бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұл, әрине жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік туғызбақ. Сонымен қатар, мемлекетке де қыруар салық түсімдері құйылады. Әлбетте, ұжымымен бірге Мұқаң да абырой, құрметке бөленуде. Әр жылдарда «Қазақстан Республикасының Құрметті инженері», «Жылдың үздік рационализаторы», «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері», Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының Құрметті азаматы атақтарына, «Құрмет», «Парасат», «Ресей химия индустриясына сіңірген еңбегі үшін» I дәрежелі ордендеріне, «Ерен қызметі үшін», «Ісіне адалдығы үшін» ІІІ дәрежелі медальдеріне ие болуы оның ел мүддесі, халық игілігі жолында төккен терінің өтеуі, еңбегіне берілген лайықты баға екені анық. Кейіпкеріміз Қазақстан халқы Ассамблеясының, ҚР Президенті жанындағы ұлттық инвесторлар кеңесінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, Жамбыл облыстық мәслихатының V және VI шақырылымдарының депутаты, облыстық мәслихаттың өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, көлік, байланыс және кәсіпкерлік салаларын дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде еліміз бен облысымыздың қоғамдық өміріне де белсене араласып, елдік, өңірлік мәселелердің оң шешілуіне тұрақты түрде жанашырлықпен атсалысып келеді. Қысқасы, күндіз-түні тынбай, ат үстінен түспей елге қызмет етуде. Қаһарманымыздың бұл жұрт біле бермейтін бірер қыры ғана. Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында қамтылған жайлар әркезде де маңыздылығын жоймақ емес. Міне, осынау өміршең мәселені елге талдап түсіндіруде өздері де өзгелерге ұстын-үлгі боларлық шеберліктің шыңына көтерілген еңбек үздіктері шын мәніндегі насихатшыларға айналып отыр. М. Ескендіровтің де бұл істен шеттеп қалған кезі жоқ. Сары фосфор цехының ауысым шеберінен «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директорына дейінгі барлық өндірістік сатылардан өткен ол әрбір кездесуінде: «Біздің ізімізді басып келе жатқан жастарға адам үшін барлық игілік тек қана адал еңбекпен келетіндігін баса айтқым келеді» деп өзінің өмірлік тәжірибесін ұдайы үлгі етіп те отырады. Өйткені, ол бақытын еңбектен тапты. Әркезде де үздік әрі үлгілі көшбасшы болу – оның ең басты азаматтық ұстанымы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді