Қолжетімді бағаға өткеріледі

Қолжетімді   бағаға  өткеріледі
ашық дереккөз
Қолжетімді бағаға өткеріледі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен дәстүрлі брифингке облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев пен «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгин қатысып, тұрғын үй құрылысы және тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету туралы хабардар етті. Ә.Ахатаев «Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биылға жоспарланған 273,8 мың шаршы метр тұрғын үйдің 1 қыркүйекте 191,2 мың шаршы метрі пайдалануға берілгенін атап көрсетті. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,1 пайызға артық. Жыл соңына дейін кезекте тұрған азаматтар үшін Тараз қаласындағы «Арай» алқабынан және Жаңатас, Қаратау қалаларынан 3 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Басқарма басшысы облыс орталығында «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі бойынша бір тұрғын үй құрылысына 657,6 миллион теңге бөлініп, қаржы толығымен игеріліп, жалпы аумағы 7,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылғанын, сондай-ақ аумағы 11,4 мың шаршы метр екі коммерциялық тұрғын үй пайдалануға берілгенін де еске салды. Ол құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй нысандары туралы да әңгімеледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда өңірде ҚТҚЖБ-ның 22 мың cалымшысы бар екен. Олардың банктегі жинағының жалпы сомасы 8 миллиард теңгеге жетіпті. Облыс әкімдігі мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Құжаттарға сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың бағыты бойынша өңірде құрылыс жүргізу және жалпы аумағы 37 мың шаршы метр, 480 пәтерлі 6 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланыпты. 2017 жылдың тамыз айында пайдалануға берілетін үйлердің әр шаршы метрі 116 мың теңгеден өткізілетін көрінеді. Мұндай мәліметті Е.Шарыгин келтірді. Филиал директоры жергілікті атқарушы органдар арқылы несиелік тұрғын үйге үміткерлерге қойылатын талаптар туралы еске салып, «Өңірлерді дамытудың – 2020» бағдарламасы аясында облыстық әкімдік пен банк арасында «Халықтың барлық санаты үшін тұрғын үй» бағыты бойынша 7 көп пәтерлі тұрғын үйге арналған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын жеткізді. Бүгінге дейін жалпы аумағы 31,6 мың шаршы метрді құрайтын 399 пәтерлі 6 тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Е.Шарыгин жергілікті атқарушы органдардың желісі бойынша салынатын тұрғын үй банк салымшылары арасында 50 де 50 ұстанымы бойынша өткізілетінін, яғни пәтердің 50 пайызы банк салымшыларына, 50 пайызы жергілікті атқарушы органдардың кезегінде тұрғандарға берілетінінен де хабардар етті. Журналистер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар