ауданның кіреберісіне «Жуалы» стелласы орнатылды
Жуалы – облысымыздың оңтүстік-батысында, Жібек жолы бойында орналасқан аудан. Бұл жердің қасиеті кезінде желмаясын мініп жерұйықты іздеген Асан қайғы бабамыздың өзін тамсандырған. Табиғаты тамаша, топырағы шүйгін көрікті мекенге ақын бабамыз: «Басқаның бәрін қисаң да, Жуалыны қимайсың, Өңгеріп алып кетер ем, Ат сауырына симайсың», – деген екен. Осы бір шумақтың өзі Жуалының биік бағасын беріп тұр емес пе?!. Аудан шекарасы шығысында Қаратау сілемдерінің Алатауға жапсарлас бөлігінен бастау алатыны белгілі. Бұрын осындағы ауданның басталар тұсы – Күйік асуында «Жуалы ауданы» деген белгімен көрсетіліп тұратын. Ал жаңа «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы ашылғалы бері ол белгі ескі жолдың бойында қалып қалған. Жақында, бұл олқылықтың орны толып, облыс орталығынан ауданға баратын жаңа жолдың Күйік асуынан асар тұсында еңселі де әдемі «Жуалы» стелласы орнатылды. Бой көтерген жаңа нысанның биіктігі – 8, ұзындығы 12,5 метрді құрайды. Оның құрылыс жұмыстарын «Жасыл ел Жуалы» кәсіпорны жүргізген. Қысқа ғана мерзімде бой көтерген көрсеткіштің абаттандырылуы мен компазициясы көз тартады. Атап айтар болсақ, нысанның дәл ортасының биік тұсында ауданның эмблемасы орнатылса, оң жақ бөлігінде тақтайшада қазақ халқының ежелгі тарихынан, ұлттық болмысынан сыр шертетін кескіндер, ою-өрнектер бейнеленген. Желмая мінген Асан қайғы бабамыздың, даңқты батыр Бауыржан Момышұлының және өзге де ат үстіндегі батыр-билердің бейнесі көрініс тапқан. Сондай-ақ, Асан қайғы бабамыздың жоғарыда біз келтірген өлең жолдары да жазылған. Қалай дегенде де, Күйік асуына көтерілген жолаушы алдымен тау бөктерінде ақ тастармен қаланған «Жуалы» жазуын көзі шалары анық. Осыдан-ақ, олар ауданның шекарасына қадам басқандарын түсінеді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында тамаша тарту болған ажарлы нысан мерейлі ауданның сәні мен сымбатын жарастырып, жолаушыларға тамаша әсер қалдыратыны сөзсіз.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді