Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 49-қадамында жаңа нормативтерді қабылдау, инновациялық технологиялар мен материалдарды қолдану, құрылыс қызметі нарығындағы қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретіні көрсетілген. Кейінгі кезде бұл бағытта елімізде елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мердігер компаниялар құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар жүйесін енгізуге күш салуда. Талас ауданында 2006 жылы құрылған «Талас құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысты белгіленген мерзімде пайдалануға беру, оның сапасын арттырудың алуан жолдарын қарастыруда. Мұның өзі нәтижесіз емес. Біз нысандарды салып өткізген кезде жұмысшы және мемлекеттік қабылдау комиссиялары жақсы баға беруде. Серіктестік облыс аумағында әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізеді. Бірқатар мамандарымыз электр желісін тартады және қазандықтарды табиғи газға ауыстырады.
Компанияда білікті мамандар жұмыс істейді. Біз мемлекеттік сатып алу конкурстарында ұтып алған және тапсырыс берушілеріміздің нысандарының құрылысын іргетасынан бастап, инженерлік-коммуникациялық жүйесіне дейін жүргізіп, пайдалануға береміз. Қосалқы мердігерлерді қатыстырмаймыз. Бір қолдан шыққан ғимараттың артықшылығы көп болатыны айтпаса да түсінікті. Материалдық-техникалық базамызды нығайтып отыруға ерекше көңіл бөлеміз. Жыл сайын 2-3 жаңа техника сатып аламыз. Қазір 40 техникамыз бар. Жетпіс адам тұрақты жұмыс істейді. Жаз кезінде олардың саны 100-ден асады. Кейінгі кезде тапсырыстың азайғанына, қаржылық қиындықтарға қарамастан бірде-бір жұмысшыны қысқартқан жоқпыз. Қазір тапсырыс берушілер бәсекеге қабілетті, әлеуетті компанияларды таңдайтыны белгілі. Бізге жеке компаниялардан тапсырыс түсіп тұрады. Өткен жылы Байзақ ауданындағы Түймекент ауылындағы 300 орындық мектептің жұмысын ұтып алған болатынбыз. Жобалық-сметалық құны 694 миллион теңге ірі нысанды үстіміздегі жылы кестеде белгіленгеннен 1 ай ерте пайдалануға бердік. Бүгінде ғимарат ел игілігіне айналып, шәкірттерді шексіз қуанышқа бөлеп отыр. Компания жылына 700 миллион теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстарын игере алады. Біз биыл да бұл межеден төмендемеуді ұйғарып отырмыз. Осы жылы Сарысу ауданының Өндіріс ауылындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткіздік. Бұл мақсатқа 55 миллион теңге бөлінген болатын. Білім ордасының есік-терезелері мен шатыры ауыстырылды. Едені қайтадан құйылды. Күрделі жөндеу жұмыстарына өзіміздің құрылысшыларымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жергілікті жерден 10 адам тартылды. Қазір құрылысшыларымыздың бір бөлігі Меркі ауданындағы төрт орта мектептің қазандықтарын табиғи газға ауыстыруда. Бұл жұмыс үстіміздегі жылдың 15 қазанына дейін толық аяқталады. Тараздағы «Жамбыл гипс» зауыты электр жүйесін орнатуға тапсырыс берді. Сондай-ақ, «Қаратау ПРО» және Мойынқұмдағы «Жамбыл цемент компания» ЖШС-нан жаңа ғимараттар құрылысын жүргізуге тапсырыс алдық. Біз келісімшартта көзделгендей оларды да уақтылы және сапалы орындауға күш саламыз. Серіктестік осыдан бес жыл бұрын ИСО-9001 сапа менеджменті жүйесін енгізген болатын. Біз осы сертификатқа сай екенімізді екі жыл бұрын тағы да дәлелдедік. Қазақстандық үлес 80 пайызды құрайды. Кейінгі кезде аса қажетті деген бірқатар құрылыс материалдарын өзімізде өндіруге ізденіс жасалуда. Мұның өзі жұмсалатын шығынды азайтуға игі ықпалын тигізері сөзсіз. Кәсіпорында құрылысшылардың барлығы кем дегенде 3-4 мамандықтан игерген. Көп мамандарымыз кірпіш қалау, сылақ жүргізумен қатар, ғимараттардың шатырын жаба алады. Дәнекершілер электр және газға қатысты жұмыстарды жетік меңгерген. Мұның өзі бізге сырттан маман тартпауға игі ықпалын тигізуде. Олардың арасында өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтын экскаваторшы Мұрат Келгенбаев, шебер Жамбыл Нұрмашев, инженерлер Ернат Галаев, Әлия Байбекова және Әділ Бақыттың есімдерін ерекше атап өткен жөн. Қазір мамандарымыздың бар күш-жігерлері қолға алған нысандардың құрылысын белгіленген мерзімде пайдалануға беруге жұмылдырылған.
Асан АЙТҚҰЛБЕК, «Талас құрылыс» ЖШС-ның атқарушы директоры.
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді