«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ӘУЛИЕАТА АЛМАСЫ БРЕНДКЕ АЙНАЛАДЫ

ӘУЛИЕАТА АЛМАСЫ БРЕНДКЕ АЙНАЛАДЫ
ашық дереккөз
ӘУЛИЕАТА АЛМАСЫ БРЕНДКЕ АЙНАЛАДЫ

Қазақстан шетелдерден жылына 150 мың тонна импорттық алма өнімін алады. Себебі, отандық өндіріс оның жалпы тұтыну көлемінің 30 пайызын ғана қамтиды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында былтыр «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында отбасылық интенсивті бақтарды құру бағдарламасын қолға алған болатын. img_1607Бүгінгі таңда Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында мұндай 6 жоба жүзеге асырылуда. Интенсивті бақтардың жалпы алаңы – 350 гектар, қаржыландыру көлемі – 4 миллиард 480 миллион теңгені құрайды. Облыс орталығында біріккен польшалық-қазақстандық инжинирингтік компания «FTC Equity» ЖШС шетелдік серіктестіктерімен бірігіп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Тараз ӘКК» акционерлік қоғамдарының қолдауымен өткен аптада ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік семинарда осы мәселе жан-жақты талқыланды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке, Польша мемлекетінің «ARNO» тәлімбағының басшысы Рышард Новаковский, Су шаруашылығы институтының профессоры Вальдемар Тредер, ауыл шаруашылық кеңес беру орталығының директоры, бақтарды химиялық қорғау бойынша маман Адам Фура, агроном-тәлімгер Походыла Каземиж, итальяндық «Helio Group» компаниясынан Андре Ринальди және облыстық басқармалардың басшылары мен мамандары, қаржы құрылымдарының жетекшілері, жеке инвесторлар, бағбандар қатысты. Семинар жұмысына қатысушылар алдымен Жамбыл ауданындағы «Шайқорық бауы» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысымен жан-жақты танысты. Кооператив төрағасы Алтайыр Досумбеков 10 жеке кәсіпкермен бірігіп, кооператив болып ұйымдасып, тірлік етіп жатқанын әңгімеледі. Іргелі шаруашылық құрылымында 120 гектар жер бар. Оның 75 гектарына «Голден делишес», «Айдаред» және «Гала» тұқымды алма көшеттерін егіпті. Алғашқы өнім көңіл қуантады. Гектарына 20 тоннадан айналған. Техниканың барлығы – шетелдікі. А.Досумбеков өңірлерден келген әріптестерімен өз тәжірибесімен бөлісті. Шетелдік қонақтар жамбылдық бағбандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Аталған агроқұрылымның қала іргесіндегі Құмшағал елді мекенінде 3 мың тонна өнім сақтайтын қоймасы бар. Өнімді негізінен Астана және Алматы қалаларына жөнелтеді екен. Онда басқа өңірлерге қарағанда тәтті жемістің бағасы қымбаттырақ екен. «Шайқорық бауының» алмасын Тараз қаласы мен аудандардағы сауда орындары сөрелерінен де көруге болады. 1 гектар алқапты 2 адам қарайды. 50 адам тұрақты жұмыс істейді, ал науқандық жұмыстар кезінде кооперативте еңбек ететіндер саны артады. Еңбек ететіндердің барлығы да Шайқорық ауылы мен осы маңдағы елді мекендердің тұрғындары екен. Кооператив төрағасы алдағы уақытта алынған өнімді ұқсатып, өңдейтін кәсіпорын ашуды жоспарлап отырғанын айтып қалды. 1 гектар жерге алма егіп, өсіру үшін 7 миллион теңге шығын шыққанымен, одан бір маусымда 50 тоннаға дейін өнім алуға болады екен. «FTC Equity» ЖШС басшысы Азат Макенов халықаралық деңгейдегі шараға қатысып отырған шетелдік қонақтарға, қолдау-көмегін көрсеткен құрылым басшыларына алғысын жеткізіп, алдағы уақытта атқаратын жұмыстарынан қысқаша хабардар етті. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров Қазақстанда 2014 жылдан бастап «Агробизнес – 2020» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын, оның басым бағыттарының бірі – интенсивті алма бақтарын құру және дамыту екенін атап көрсетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің аймақтардың ерекшеліктері тізбесіне сәйкес, алма бақтарын құруға жарамды деп Жамбыл, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстары бекітілгенін сөз етті. – Интенсивті бақтардың ерекшелігі – заманауи технологияларды пайдаланып, өнімділікті арттыру, өнімнің өзіндік құнын төмендету. Ол үшін 50-80 гектарға тамшылатып суару және тыңайтқышты жеткізу бойынша бірыңғай жүйе орнатылады. Қор қаржыландырған жобалардың барлығы отбасылық болып табылады. Себебі, бақ бірнеше телімдерге бөлініп, бір отбасыға 5 гектардан лизингке беріледі. Осылайша бір жоба бойынша 10-15 отбасы жұмысқа тартылып, табыс табуға қол жеткізеді, – дейді. Шайқорық ауылындағы жоба 1 маусым күні іске қосылып, лизинг алушыларға пайдалану үшін берілген екен. Жобаның құны – 709 миллион теңге, толық қуаттылығында жұмыс істеген жағдайда 3 мың тоннаға дейін өнім өндірмекші. Қор басшысының айтуынша, тағы да елімізде 2020 жылға дейін отбасылық интенсивті бақтардың жалпы аумағын 1290 гектарға дейін ұлғайтып, алма өндіру көлемі 77 мың тоннадан асады деп күтілуде екен. Мемлекет ауыл шаруашылық тауарын өндірушілерді ынталандыру мақсатында инвестициялық шығындардың 40 пайызын субсидиялауды да жүзеге асырмақ. Бұдан соң Рышард Новаковский мен Вальдемар Тредер, Адам Фура, Походыла Каземиж, Андреа Ринальди бақтарда кездесетін ауру түрлері, олардан арылу жолдары, су үнемдеу, күн көзінен сақтану, тағы басқа мәселелер туралы кеңестер берді. Семинарда жеміс-жидек өндірісіне қатысты басқа да келелі мәселелер қозғалды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабай.

Ұқсас жаңалықтар