«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мемлекет тік тілдің мерейін асырды

Мемлекет тік тілдің мерейін асырды
ашық дереккөз
Мемлекет тік тілдің мерейін асырды

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік нышаны» атты байқау өтті. Оған аталмыш акционерлік қоғамның облыстағы «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру», «Халыққа қызмет көрсету орталығы» және «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаменттерінің қызметкерлері қатысты. Барлығы 9 үміткер бақ сынаған байқау «Ұлтты күшейтудің бірінші тетігі – тіл» деген айшықты айқындаманы алға тарта отырып, департамент қызметкерлерінің арасында өзара қарым-қатынасты нығайту, олардың мемлекеттік тілді сауатты қолдану мәртебесін көтеру, тіл мәдениетін арттыруға негізделді. Байқау бес кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерін таныстырса, екінші айналымда Отан, тіл, туған ел тақырыптарында мақал-мәтел, нақыл сөздерді жатқа айтудан сынға түсті. Сондай-ақ, үшінші кезең өнер сайысы деп аталып, қатысушылар өлең, монолог оқып, ән салып, би биледі. Интеллектуалды сұрақтарға жауап берген төртінші айналымда үміткерлер Қазақстан тарихы, ел Тәуелсіздігі, мемлекеттік тіл туралы орамды ойларын ортаға салды. Соңғы айналымда олар байқау шартына сай орыс тілінде берілген мәтінді қазақшаға сауатты аударудан жарысты. Аталмыш бес кезең бойынша өзара сайыста барын салған қатысушылар озық шығуға тырысты. Тартысты өткен байқау қорытындысы бойынша, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің қызметкері Айжан Баялиева жеңімпаз атанса, «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» департаментінің маманы Жансерік Иманқұл екінші орыннан көрінді. Ал «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің өкілі Дария Әзбергенова үшінші орынға лайық деп табылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтар және дипломдармен, қалған қатысушалар Алғыс хатпен марапатталды.

Науаткүл КЕРІМБАЕВА, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ облыс бойынша филиалы – «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» департаментінің Персоналмен жұмыс жасау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің аудармашысы.

Ұқсас жаңалықтар