өңіріміздің кен өндіру орындарындағы қымбат металл қоры жүздеген тоннаны құрайды
Бүгінде бір ғана Қордай ауданындағы «Cеntral Asia Gold Production» ЖШС құрамында алтыны бар кен өндіру және өңдеу ісі бойынша Көкадыр кеніші орнында ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды. Аталған серіктестік қолға алған жобаның жалпы құны 2,1 миллиард теңгені құрайды. Жоба Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша пайыздық ставкасы субсидиялануы қарастырылған. Осының арқасында өңірдің 160 тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасты. Көкадырдың жолы ұзақ әрі күрделі. Оған бару үшін Алға ауылынан бастап таулы өңірмен 25 шақырымдай қия-тасты жолмен жүруіңізге тура келеді. Компания басшысы Азамат Сапарғазиновтың айтуынша, шын мәнінде кеніш орнына апарар тіке жол 20 километр ғана. Алайда, келісілген Көкадыр кеніші аумағында орналасқан жер телімдерінің иелері жолды қоршауға алуы оны едәуір «ұзартып» отыр. Осының әсерінен кенішке автокөліктер айналма жолмен қатынауға мәжбүр. Кәсіпорын басшыларының қымбат металл өндіру жоспарын орындаудан қолы тиіп жатқан жоқ. Толық қуатында жұмыс істеген жағдайда мұнда жоспарға сәйкес жылына құрамында алтыны бар 600 мың тоннаға жуық кен өндіру, өңдеу жұмыстары жүзеге асырылуы тиіс. Серіктестіктің жобалық өндірістік қуаттылығы жылына 500 килограмм катодті алтын немесе Доре құймасын өндіруге мүмкіндік береді. Геология комитетімен келісімшартқа сәйкес кен орнын зерттеу үшін қосымша 120 шаршы километр жер алынды. «Біз өндіріс аумағын кеңейттік. Бұл жобаға құйылған қаржы міндетті түрде өзін-өзі ақтайды деп сенеміз», – дейді А. Сапарғазинов. Көкадыр кенішінің оқшауланған геологиялық алаңы 33 мың шаршы метрді, кен қоры – 6,7 миллион, алтын – 12 тоннаны құрайды. Осыған байланысты жергілікті кеніштегі кен жынысының құрамындағы алтын 1 тоннаға 1,5 грамнан айналатыны анықталып отыр. Кен ашық және жерасты карьерлерінде өндірілуде. Бұдан әрі електен өткізу әдісімен кен өңделіп, катодті алтын немесе Доре құймасы алынады. Кешен мұндай толық өңдеу үдерісін жүзеге асыру әлеуетіне ие. «Кен жыныстары мұнда өте қатты – деп атап өтті еліміздің көптеген кеніш орындарында жұмыс істеген, осы істің танымал маманы, кеніш басшысы Ерлан Зарипов. – Көбінесе бұрғылау-жару әдісіне жүгінуімізге тура келеді. Кен өндіру ісі қыруар тер төгуді қажет етеді. Ал қатардағы жұмысшыларымызға келсек, олардың барлығы да – жергілікті тұрғындар». Кәсіпорында 12 километрлік электр тарату жүйесі, 25 мың кВт қуаттылығына ие қосымша электр стансасы, гидрометаллургиялық цех, сертификатталған зертхана, ұнтақты-агломерациялық кешен, жөндеу-механикалық цех, жинақтағыш-авариялық көлшік, қатты әсер ететін улы заттар мен басқа да өндірістік құралдар сақтауға арналған қойма бар. Мұндағы жұмыс режімі вахталық, жұмысшыларды үш мезгіл ыстық аспен қамтамасыз ету және автобуспен тасымалдау ұйымдастырылған. Кәсіпорын жетекшісі А. Сапарғазинов атап өткендей, «Cеntral Asia Gold Production» компаниясы тікелей жергілікті жерде өндірілген материалдарды пайдаланады. Зауыт басшылығы тарапынан «Құрылыс-Полимер» ЖШС-мен полиэтиленді қаптамалар, Тараз құбыр зауытымен құбырлар жеткізіп беру, ал жуырда ғана іске қосылған Талас ауданындағы «Talas Invest Company» компаниясымен кеннен алтын айыру үдерісінде қажет басты құрамдасының бірі – натрий цианидін алып тұру жөнінде меморандумдарға қол қойылған. 2014 жылы кәсіпорынның ашылу салтанатында өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев жобаның облыс, оның ішінде Қордай ауданы экономикасының дамуындағы маңыздылығын ерекше атап көрсеткені белгілі. Қордай ауданында тіркелген зауыт стратегиялық маңызға ие өнім өндірумен қатар, жергілікті бюджетті салықтар мен басқа да міндетті төлемдер есебінен жылына 200 миллион теңгеге дейін толықтыра алады әрі ондаған жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ететін болады. Облысымыздың оңтүстік-шығысына орналасқан Қордай ауданы – бүгінде ең қарқынды даму үстіндегі өңірлердің бірі. Облыстың миллионнан астам тұрғынының 140 мыңнан астамы осында тұрып, еңбек етеді. Қордайлықтар негізінен тау-кен және өңдеуші өндіріс, мал және егін шаруашылығы салаларымен айналысады. Қордай жері жез, мыс, қорғасын, титан, никель секілді пайдалы қазбаларға да өте бай. Тек құрамында алтыны бар кеніш орындарының өзі мұнда ондап саналады. Олардың қатарында сондай-ақ, Қырғау кен орнын игеру мақсатында іске қосылған «Алатау-Қордай» ЖШС-ның жобалық қуаттылығы жылына 1,5 тонна алтын-күміс қоспасын өндіретін зауыты да бар. Осы секілді айрықша елеулі алтын қоры бар Мойынқұм ауданындағы «Ақбақай» кеніш орны жарты ғасырға жуық жұмыс істеп келеді. «Алтыналмас» АҚ филиалы Ақбақай алтын шығару фабрикасы индустриялық-инновациялық ірі жобалардың бірі болып табылады. Ақбақайдағы кеніш орнында бір жылда өндіріліп, өңделетін құрамында алтыны бар кен 1 миллион тоннаны құрайды. Тұтастай алғанда, облысымыздағы алтын қоры жүздеген тонна деп болжамдалып отыр. Жаңадан барланған кеніш орындары есебінен алтынның болжамдалған қоры одан әрі де ұлғая түседі деп күтілуде.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді