«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Астанадағы академиялық орыс драма театры әулиеатада

Астанадағы академиялық  орыс драма театры әулиеатада
ашық дереккөз
Астанадағы академиялық орыс драма театры әулиеатада

Жамбылдық театрсүйер қауым жуырда облыс сахнасынан Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының өнеріне куә болып, қойылымдарын тамашалай алады. Бұл қуанышты жаңалықты жамбылдық БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихатында аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі және директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Хасенов жеткізді. Байырғы өнер ордасының тарихы терең Тараз төріне гастрольдік іссапармен келіп, өнер көрсетуі – өңірлердің мәдени байланысын арттырып қана қоймай, екі театр әртістерінің, шығармашылық ұжымның тәжірибе алмасуына да септігін тигізері хақ. Театр гастрольі Таразда қыркүйектің 28-29 күндері өтеді деп жоспарлануда. Екі күн ішінде драма театр ұжымы тараздықтардың назарына үш бірдей спектакльдерін ұсынбақ. Атап айтар болсақ, жергілікті көрермендер облыстық қазақ драма театрының сахнасынан У.Шекспирдің «Ромео және Джульеттасын» Нұрлан Асанбековтің сахналауында, М.Булгаковтың «Мастер және Маргаритасын» Гүлсина Мерғалиеваның қоюында және А.Анатольеваның «Снежная Королева» атты балаларға арналған ертегісін көре алады. – Театрымыздың тарихына үңілсек, сонау 1899 жылы негізі қаланған М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры биыл өзінің 116-маусымының шымылдығын ашпақ. Бүгінгі таңда театрымызда Наталья Косенко, Сергей Матвеев, Владимир Иваненко, Виктор Житков, Нина Дроботова, Зинаида Абаназиди, Наталья Матвеева, Людмила Крючкова, Роман Чехонадский, Маргарита Мухаметдиева, Александр Корженко, Лариса Лебедева, Светлана Фортуна, Иван Анопченко, Денис Анников, Игорь Седин тәрізді өнер шеберлерімен бірге жас талантты әртістеріміз өз өнерлерін көрсетпек. Қазіргі таңдағы театр репертуарында отандық және әлемдік драматургияның жауһарына айналған 30-ға жуық кешкі қойылымдар мен жас көрермендерімізге арналған 10-нан аса әуенді ертегілеріміз бар. Мен өзім киелі Тараз өлкесін, Жамбыл жерін жақсы көремін, қастерлеймін. Өзімнің алғашқы еңбек жолым осы өңірден бастау алған. Сондықтан, ары-бері өткенде осында атбасын бұрып тұруды жөн санаймын. Театрымыздың Таразға гастрольдік сапарының өзі осы тарихи шаһарға деген құрметіміздің бір белгісі дер едім. Біз тараздық талғампаз көрермендерге ең танымал, әлемдік деңгейдегі үздік туындылардың бірі саналатын қойылымдарды ұсынбақпыз, – деген өнер ордасының басшысы Еркін Хасенов бұл шара театрдың 116-маусымының ашылуымен қатар өрбитінін жеткізді. Ендеше, тараздық өнерсүйер қауым, түрлі халықаралық байқауларда биік тұғырдан көрініп жүрген М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының өнерін тамашалауға асығыңыздар!

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар