«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таластың табысын тасытатын тірлік көп

Таластың табысын тасытатын тірлік көп
ашық дереккөз
Таластың табысын тасытатын тірлік көп

Талас өңірі, оның орталығы Қаратау қаласы жыл өткен сайын түлеп, түрленіп келеді. Тоқырау заманында көптеген ғимараттары қаңырап қалып, сұрықсыз күйге енген қала бүгінде қайта қалпына келтіріліп, жанданып, жаңару үстінде. Жаңа өндіріс ошақтары, балабақша, мектеп, ауруханалар салынып, халық игілігіне берілуде. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов ауданға арнайы жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көріп қайтты.

Кәрім Нәсбекұлы алдымен Ақкөл ауылының қайта жарақтанған сыртқы су жүйесімен танысып, ауылды таза ауызсумен қамтамасыз ететін құбырды іске қосты. Талай жылдан бері ақкөлдіктердің басты мәселесіне айналған ауызсу жағдайы осы күні толығымен шешілді деуге болады. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Бұл жұмысқа облыстық бюджеттен 347567,0 мың теңге бөлініп, ол қаржыны мердігер «Луговой жылқы зауыты» ЖШС нәтижелі жұмсай білген. Аталмыш серіктестік ауылдың сыртқы су жүйесінің 10,3 шақырым нүктесінен бактериологиялық тазарту ғимаратына дейінгі 18 шақырымдық құбыр тарту құрылысын жүргізген. Өткен жылы қолға алынған жұмыс Конституция және Білім күні қарсаңында пайдалануға берілді. Бұдан соң облыс басшысы осы маңда әзірленген ауыл шаруашылығы техникаларының және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралады. Аймақтың саладағы жетістіктері мен көрсеткіштері көрсетілген көрмені аудан әкімі Болат Рысмендиев таныстырды. Ол биыл лизинг жүйесі бойынша «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы Қызыләуіт ауылдық округіндегі «Найза-қызыл» шаруа қожалығы 1 дана «МТЗ-80» тракторын сатып алғанын, ауданда тамшылатып, жаңбырлатып суару технологияларын енгізу жаңадан бастау алып келе жатқанын жеткізді. Ағымдағы жылы Бостандық ауылдық округінде «Жаңалық» шаруа қожалығы 24 гектар егістік алқапқа, Қаратау қаласының жеке кәсіпкері А.Сейдалиева 1 гектар алма бағына тамшылатып суару технологиясын енгізген екен. Ауданда барлығы 172 шаруа қожалығы бар екенінен хабардар болған Кәрім Нәсбекұлы ұсақ шаруа қожалықтарды ірілендіру жұмыстарын жандандыру керектігін алға тартты.

Аудандағы ірі өндіріс орындарының бірі – Қаратау қаласының шығысында орналасқан «Талас инвестмент компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты натрий цианиді зауыты. Алтын айыру үшін қолданылатын қоспалар дайындайтын кәсіпорынның жалпы жобалық құны 12,9 миллиард теңгені құрайды. Жоба толығымен іске қосылғанда жылына 15 мың тонна натрий цианидін, 500 мың тонна аммоний сульфатын өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда кәсіпорын тәулігіне 30-40 тонна өнім өндіруде. Бұл туралы серіктестік басшысы Бақтияр Алдашов жеткізді. Оның айтуынша, еліміздің ішкі нарығының өзіне жылына 60 мың тонна натрий цианиді қажет десек, зауыт өніміне Ресей мен Қытай мемлекеттері тарапынан да сұраныс түсуде екен.

Қытай өндірісшілері құрастырған өндіріс орны қалдықсыз технологияға негізделген. Кәсіпорынға қажетті шикізат есебіне газ бен кен қоспалары пайдаланылып, одан құрғақ түйіршіктелген натрий цианиді шығарылады. Жоғары температурада ажыратылған аммоний сульфатын тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады екен. – Өндіріс орнының аймақтық экологияға зияны жоқ. Бұл тұрғыда экологиялық сараптама бар. Зауыттағы баротермикалық цехта су бірнеше мәрте сүзіледі. Жалпы, жұмыс үдерісі қатаң бақылауға алынып, апат болдырмаудың жолдары қаралған. Өнімдер осы жерде жасалынған ыдыстарға салынып, контейнерлерге тиеліп, тұтынушыларға жол тартатын болады. Зауытта барлығы 408 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың дені – қала халқы. Оларға әлеуметтік жағдай жасалған. Натрий цианидінің 1 тоннасы 1 миллион теңге тұрады. Біздің өнімдер өзге кәсіпорындарға қарағанда әжептәуір арзан, – дейді Бақтияр Алдашов. Кәрім Нәсбекұлы өндіріс жұмысына сәттілік тіледі. Жалпы құны 3,4 миллиард теңгені құрайтын «Жамбыл Недр» ЖШС жылына 300,0 мың тонна М-400, 500 маркалы цементін өндірумен айналысады. Өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген инвестициялық жоба құрылысына 4 гектар жер телімі бөлінген. Зауытты іске қосқан жағдайда 150-200 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Шикізат көзі ретінде «Ақтау–5» карьерінің әктасы мен топырағын пайдалану көзделіп отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 100 пайызға аяқталып, монтаж қондырғыларының 85 пайызы орнатылған. Серіктестіктің атқарушы директоры Асхат Іңкәрбаев зауыттың құрылыс жұмысына 173 адам тартылғанын, оның 99-ы жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданғанын айтты. Кәрім Нәсбекұлы атқарушы директордан өндіріс орнына инфрақұрылым тартылу жайын сұрады. – Қаратау қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан карьерге электр желілерін тарту үшін 97 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттары облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына тапсырылып, өңірлік үйлестіру кеңесінің оң шешімін алды. Бұдан бөлек, зауыттың инфрақұрылымының жобалары жасалынуда, – деді аудан әкімі Болат Рысмендиев өз жауабында. Сонымен қатар, облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы өз жұмыс сапарында «Каратау ПРО» ЖШС, Қаратау қаласындағы 250 орындық емхананың құрылысымен, Саңырық батыр, Желтоқсан көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарымен және қайта жөндеуден өткен «Игілік» мекемесі мен жаңаша абаттандырылған Орталық саябақпен, сондай-ақ жаңа үлгідегі салынған «Фитнес-клуб» спорттық орталығымен танысты. Ауданда жылына 250,0 мың тонна мәрмәр тасын өңдеп шығаратын «Қаратау ПРО» серіктестігі зауытының құрылыс жұмысы қызу жүргізілуде. Жобаның құны 1143,7 миллион теңгені құрайды. Зауыт іске қосылған жағдайда 200 адам жұмыспен қамтылады десек, қазіргі таңда 60 адам құрылыс жұмысына тартылған. Өңір басшысының ауданға іссапары аудан әкімдігінде өткен актив жиналысында қорытындыланды. Кәрім Көкірекбаев аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. – Естеріңізде болса, өткен жылы осы ауданға атбасын бұрған жұмыс сапарымда бірқатар кемшіліктерге куә болып, кейбір нәтижесіз жұмыстарға сын айтылып, аудан басшылығына нақты тапсырмалар жүктелген болатын. Бүгін сол тапсырмалар жүзеге асырылып, өз нәтижесін беріп жатқанын көріп, марқайып қалдым. Атап айтар болсақ, ауыл шаруашылық саласы бойынша «Құлан», «Сыбаға», «Алтын асық» секілді бағдарламалар арқылы кәсібін, жаңа техникалар сатып алып егістік жұмыстарын жандандырып жатқан шаруа қожалықтары бар екен. Көптен бері түрлі мәселелерге тап болған «Талас инвестмент компани» серіктестігінің зауыты да өз өнімін шығара бастады. Қайта жөндеуден өткен жылыту қазандықтары қысқа толығымен дайын. 22 көше ағымдағы жылы жөндеуден өткізіліп, жыл сонына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан 20 миллион теңге несие алып, оған «Фитнес-клуб» орталығын ашқан Әліпбек Насыровтың бастамасы да сүйсіндіреді. Әйтпесе, ол қаржыға басқа кәсіп ашса да болады ғой. Бірақ, ол халыққа керек дүниеге бет бұрды. Сол үшін оған ризашылығымды білдіремін. Аудан басшылығы құрылысы жүріп жатқан 250 орындық емхананы жыл соңына дейін пайдалануға беретіндіктеріне сендірді. Мұның бәрі қарапайым халықтың игілігі үшін жұмыс жасайтын болады. Десек те, әлі де жұмыстарды ширата түсу керек, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Сондай-ақ, жиынға қатысқан облыс әкімдігінің басқарма басшылары өз салалары бойынша аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсе, аудан әкімінің орынбасарлары да өз кезегінде жұмыстары туралы есеп беріп, баяндама жасады. Облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов жиын соңында сөз алып, ауданда тындырылып жатқан тірліктерге оң бағасын берді.

Жанғазы АХМЕТ,  Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар