Жуалы ауданындағы Қошқарата ауылының тұрғындары 180 орындық жаңа мектептің тура Білім күнінде ашылғанын жақсылыққа балап отыр. Сәулетті білім ошағында білім алатын болғандарына әсіресе оқушылар қуанып жүр. Жүздері бал-бұл жайнаған жеткіншектердің таңертеңнен ауылдың әр тұсынан қолдарына гүл ұстап ауыл шетіндегі әсем де көркем жаңа мектепке бет алғанына қарап тұрудың өзі бір ғанибет екен. Білім күніне орай өткізілген салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков арнайы келіп қатысып, тұрғындарға деген игі ниетін жеткізді. – Бүгін – ерекше күн. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында дәл 1 қыркүйек – Білім күні 180 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп отыр. Бұл – Елбасы Жолдауында нақтыланған міндеттердің іс жүзіндегі көрінісі. Жалпы, тәуелсіздік алғалы облыста 92 білім нысаны салынса, бұл іс бүгінде жалғасын табуда. Облыста апатты жағдайдағы, үш ауысымда оқитын, ыңғайластырылған жайға орналасқан мектептер мәселесі кезең-кезеңмен шешілуде. Оқушыларға есігін айқара ашып отырған жаңа мектеп – солардың бірі. Қуаныштарыңыз құтты болсын, баршаңызға жақсылық тілеймін, – деді Бекболат Серікбекұлы. Салтанатты шарада ауыл ақсақалы Керейбек Нысанбеков шалғайдағы шағын ауылға осындай көркем мектеп салып бергені үшін облыс басшыларына алғысын жеткізді. Осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының, ауылға деген тұрақты қамқорлығының жемісі екенін атап айтты. Мектеп құрылысын жүргізген «Жігер-2004» ЖШС басшысы Айбек Елекбаев мектеп директоры Жанар Өтегеноваға салтанатты жағдайда мектептің символдық кілтін тапсырған соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, аудандық ардагерлер кенесінің төрағасы Жарас Мұратай, ауылдың қадірменді қариясы Андасбек Мырзалиев мектептің алқызыл лентасын қиды. 180 орындық Абай атындағы орта мектеп заманауи үлгіде салынған. Ауласы кең, бір шетінде футбол, баскетбол, волейбол, құм төселген ойын аландары бар.
Сәбит Күзембаев, журналист.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді