«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Университет те оқып жүр...

Университет те оқып жүр...
ашық дереккөз
Университет те оқып жүр...

Жазғы демалыстан оралған студенттердің шаттыққа толы күлкісі жарқын-жарқын шығады. Өздері бауыр басқан оқу ордасына оралып, достарымен қауышқан жастардың арасында жаңа ортаға таңырқай қарап жүргендер де бар. Олар 1-курстың студенттері. 

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіндегі жаңа оқу жылының басталуына орай ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің аппарат жетекшісі Рахметілдә Рахманбердиев қатысты. Ол жастарды Білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылын табысты өткізуге тілеулестігін білдірді. Биыл аталған университеттің күндізгі бөліміне 1 мың 800 студент қабылданыпты. Жалпы, 2 мың 800 студент осы жоғары оқу орнын таңдаған екен. Бірінші курсқа қабылданған студенттердің саны өткен жылға қарағанда 800-ге артық. Бұл оқу орнының білім сапасы жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын аңғартса керек. Бұған өткен оқу жылында халықаралық және республикалық ғылыми жобалар конкурсында, республикалық пәндік олимпиадаларда студенттердің 21 мамандық бойынша жүлдегер атануы дәлел бола алады. Университет студенттерінің мұндай жетістіктерге жетуінің сыры – оқу ордасындағы оқытушылар құрамы сапасының жақсарғанының көрінісі. Тәуелсіздік алған 25 жылдың бедерінде білім мен ғылым саласына айрықша көңіл бөліп, мектеп пен колледж, университеттердің жаңа білім беру жүйесіне көшуі – жүзеге асырылып жатқан білім беруді дамытудың 2019 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жемісі.

– Біз былтырғы оқу жылын жеміспен аяқтадық. Соңғы уақытта университетте халықаралық байланыс нығая түскен. Бүгінде 62 шетелдік жоғары оқу орны және ғылыми орталықтармен тығыз байланыс орнатылған. Өткен жылы университет тарихында тұңғыш рет қос дипломды білім беру бағдарламасы іске асырылды. Аталған бағдарлама арқылы алғаш рет магистранттар қазақстандық және шетелдік диплом алып шықты. Білім сапасының нәтижесі мен ұлттық рейтинг бойынша ТарМУ екі жыл қатарынан республикадағы жетекші оқу орындарының алғашқы ондығында ұлттық университеттерден кейінгі алтыншы орынды иеленіп отыр. Бұл білім сапасының артуы мен оқытушылар еңбегінің, студенттердің білімге деген құштарлығының жемісі, – дейді университет ректоры Махметғали Сарыбеков. 

Салтанатты жиында мұнай-газ және механика факультетінің студенті Никита Самойленкоға студенттік билет, Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетіне жаңадан оқуға қабылданған Салтанат Букешоваға білім кілті табыс етілді. – Осы оқу орнын таңдағанымды және университеттің білім кілтін маған сеніп тапсырғанын мақтан етемін. Келешекте бәсекеге қабілетті маман болып, алған білімімді ел мүддесіне жұмсайтын боламын, – дейді ол.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар