Академик Өмірбек Жолдасбековтің ескерткіші бой көтерді
«Ол кісімен ұзақ жылдар бойы қызмет бабымен жиі кездесіп, көп мәселелерді ақылдасып шешуші едік... Өмекеңнің терең ақылы мен парасаты, халқының қамын ойлайтын азаматтығы ұдайы сезілетін. Халқы да оны осындай жақсы қасиеттері үшін қатты қадірлейтін. Көзінің тірісінде ол елінің, халқының құрметі мен махаббатын бір кісідей-ақ сезініп өтті».
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті.
Ел ғылымының дамуына зор үлес қосқан белгілі академик-ғалым Өмірбек Жолдасбековті халқымыз жақсы біледі. Қазақстан ғылымын қалыптастыруда қажырлылықпен қызмет еткен айтулы тұлғаның туғанына биыл 85 жыл толып отыр.
Осыған орай Тараз қаласындағы Ө. Жолдасбеков атындағы №50 орта мектепте академик-ғалымға арналған ескерткіш-бюстің салтанатты ашылуы болды. Салтанатты жиынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепберген ашып, жүргізді. Оған облыстағы зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, ардагерлер және ұстаздың шәкірттері мен өзге облыстардан қонақтар қатысты. Ардагер журналист Баттал Жаңабайұлы, еңбек ардагері Жақсылықбай Тәжібаев және облыстық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев ескерткіш-бюстің алқызыл лентасын қиып, ғалымның рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Ұлт білімі мен ғылымының жанашыр тұлғасы ретінде ел есінде сақталған Өмірбек Арысланұлының саналы өмір жолынан естелік айтқан қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын: «Өмірбек Арысланұлы – қазақ ұлтының жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы ең ірі тұлғаларының бірі. Оған туған халқы, қала берді әлем ғалымдарының бәрі мойындаған ғылыми еңбектері негіз. Мемлекет және қоғам қайраткері Қазақстанның Жоғары Кеңесіне бірнеше мәрте депутат болған. Осы кезеңдерде қаншама маңызды заңдар қабылданды. Міне, сол құжаттардың бәрінде Өмірбек Арысланұлының қолтаңбасы қалды. Бұл кісімен ҚР Парламенті Мәжілісінде бірге қызмет ету бақытына ие болдым. Сол жылдары тәуелсіз Қазақстанның мыңға тарта заңы болды. Жас мемлекеттің дамуына зор еңбек сіңірген тұлғалардың бірі. Бұдан басқа, математика ғылымында өзіндік мектебін қалыптастырған оның еңбектері бүгінгі ұрпаққа мұра боп қалды. Сондықтан да, академикке деген құрмет жалғаса беру керек», – деп ғалым-ұстаздың азаматтығын жас ұрпаққа үлгі етті. Ұстаздың ұлағатын көріп, академиктің ағалық қамқорлығын сезінгенін жеткізген Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы Дария Қожамжарова: «Өмірбек Жолдасбековтің қайраткерлігі ғана емес, егемендік алғаннан кейінгі жылдары ғылым-білімнің өркендеуіне қосқан үлесінің өзі бір төбе. ҚазҰУ-ға 16 жыл ректорлық еткен жылдары университеттің рейтінгісін жоғары деңгейге көтерді. Сондай-ақ, аталған білім ордасында алғаш рет қазақ тіліндегі тарих факультетін ашып, қазақ халқының тарихы әлі толық зерттелмегенін, төл тарихымызды зерделеуге бізге сенім артатынын айтқаны бар», – деп естелігімен бөлісті. Расында, академик Ө.Жолдасбековтің есімі еліміз үшін тың ғылыми бағыттармен, жаңашыл мамандар даярлаумен, сүрлеуі соны ғылыми орталықтардың ашылуымен, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясының құрылуымен тығыз байланысты. Ғалым өзінің өмірлік жолын машиналар мен механизмдердің ғылыми теориясын зерттеуге арнады. Сонымен қатар, Өмірбек Жолдасбеков ең алғашқы болып қазақ тілінде машинатанудың терминологиялық сөздігін жасады. Осы салада жазған 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 18 монография, 30 оқу құралы, 120 авторлық куәлік пен шетелдік патент бар. 24 ғылым докторын және 90-нан астам ғылым кандидаттары Өмекеңнің тәрбиесі мен батасын алған. Кейінгі ұрпаққа осындай ерен еңбегін мұра қып қалдырған ғалымның атымен аталатын білім ошағының 11-сынып оқушысы Ақбота Сағынбекова: «Қазақтан шыққан тұңғыш математик-ғалым атындағы мектепте оқитынымды мақтан тұтамын. Ол кісінің атында жыл сайын оқушылар арасында ғылыми конференциялар болады. Былтыр сол білім жарысында бірінші орынды жеңіп алдым. Алдағы уақытта Өмірбек Жолдасбековтің еңбектерін зерттеп, мен де сол кісі сияқты математик болуды армандаймын», – деді. Жиын соңында мектеп оқушылары академик-ғалымға арналған жыр шумақтарын оқыды. Сондай-ақ, «Бақ сарайы» мейрамханасында ғалымның рухына арнап Құран оқылып, ас берілді.
Шынар АСАНҚЫЗЫ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Суретті түсірген Алмаз Орманов.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді