Өркен жайған өңір
экономикасының даму серпіні қандай деңгейде? Саяси-әлеуметтік ахуал тұрақты Ел өмірінде орын алған саяси-әлеуметтік өзгерістер осы жиында нақты көрініс тапқанын айта кету керек. Алтыншы шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының алдында өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев стратегиялық жоспарлар және аумақтық даму бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы туралы есеп берді. Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндаған облыс әкімі биылғы аса маңызды саяси оқиға – Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы болғанын атап өтті.
– Облыстық атқарушы органдар Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы мен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында айқындалған міндеттерді басшылыққа ала отырып, жұмыс жүргізуде. Есепті кезеңдегі маңызы жоғары саяси оқиға – Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы да Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт жоспарын тиімді жүзеге асыру мақсатынан туындаған болатын. Бұл сайлауда өңір тұрғындары саяси белсенділіктерін танытты. Жамбылдықтардың белсенділігі 82,66 пайызды құрап, республикада жоғары көрсеткіш көрсетті.
Сонымен қатар, осы кезеңде орын алған еліміздегі елеулі оқиғалардың бірі – Қазақстанның тұңғыш рет Орталық Азия мемлекеттері арасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің 2017 – 2018 жылдарға уақытша мүшесі болып сайлануы болғанын айтуымыз керек. Бұл – тәуелсіз Қазақстан үшін ерекше, маңызды, тарихи оқиға. Әлем елдерінің мемлекетіміздің халықаралық аренадағы толағай табысын, бейбітшілік жолындағы еңбегін жоғары бағалауы деп білеміз, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Өндірісте өсім бар Есепті кезеңде облыстың әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени салаларында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Нәтиже де жоқ емес.
– Дағдарыс жағдайына қарамастан, өңірде өндірілген өнім көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызға артып немесе 220,5 миллиард теңгені құрады. Жалпы өнім көлемі әр тұрғынға 198,2 мың теңгеден айналып, өткен жылдың тиісті кезеңінен 10 пайызға артып отыр.
Бірінші жартыжылдықта өңірде негізгі көрсеткіштердің біршама артып отырғаны байқалады. Есепті кезеңде 162,4 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға артып отыр. Қайта өңдеу саласы бойынша азық-түлік (141,1 пайыз), жеңіл өнеркәсіп (104,2пайыз), мұнай өнімдерін өндіру (175,0 пайыз), металл емес өзге де минералды өнімдер (101,2 пайыз) және металл өңдеуде (135,0 пайыз) оң нәтижелер бар. Экономиканы тұрақтандыру мен дағдарыс салдарын жеңілдетуге бағытталған шаралар дер кезінде қабылданбағанда өңір экономикасына едәуір соққы болар еді.
Есепті кезеңде ірі кәсіпорындар жұмысын реттеу мен өндіріс көлемін арттыруға атсалысу мақсатында өңірде жұмыс істейтін компаниялар арасында жалпы сомасы 59 миллиард теңгені құрайтын тауар айналымы, қызмет көрсету мен басқа да жұмыстарға байланысты 227 меморандумға қол қойылды. Ірі кәсіпорындарға («Қазфосфат» ЖШС, «Тараз металлургия зауыты» ЖШС) қолдау ретінде электр энергиясы тарифі мен темір жол тасымалы коэффициентін төмендету жұмыстары жалғасуда.
2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста жалпы құны 555 миллиард теңгені құрайтын 29 жоба жүзеге асырылуда. Олар пайдалануға берілгенде 6 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Егер өткен жылы жалпы сомасы 31 миллиард теңгені құрайтын 425 жаңа жұмыс орны бар 6 инвестициялық жоба жүзеге асса, биыл 380 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз ететін 8 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аталған жобалар құны 16,8 миллиард теңгені құрайды.
Осы жылдың бірінші жарты жылдығында 3,7 миллиард теңгенің 3 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 175 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл жүзеге асырылатын жобалар қатарында «ЦАСК» ЖШС Меркі филиалы, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС, «ОңтүстікХалалТағамдары» ЖШС, «KazMiya» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар зауыты» Тараз филиалы, «Жамбылгипс»АҚ, «Багул» ЖШС, «КазУпак Трейд» ЖШС бар.
Айта кету керек, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 2015 жылы пайдалануға берілген екі зауыт туындаған бірқатар мәселелерге байланысты осы жылдың үшінші тоқсанынан бастап өнім өндіре алмайды. Олар «Жамбыл Недр» ЖШС және «Әулиеата феникс» ЖШС.
Сонымен қатар, 2014 жылдан бастап «ЕвроХим Удобрение» ЖШС Жаңатас қаласының аумағында қуаттылығы жылына 1,4 миллион тонна минералды тыңайтқыш шығаратын химиялық зауыт құрылысын жүргізуде. Құны 356,5 миллиард теңге жоба аясында 2 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Сондай-ақ, «Тараз химия паркі» еркін экономикалық аумағында 128 миллиард теңге инвестиция тартылып, 5 жоба қолға алынуда. Онда 1000-нан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Экономикалық аумақ жұмысы аяқталуға жақын. Қытай компаниясымен бірлесе отырып, Қордай ауданында құны 2,3 миллиард АҚШ доллары тұратын титан-магнетитті тау-кен комбинатын салу жоспарлануда. Талас ауданында натрий цианидін шығаратын отандық химия саласында теңдессіз саналатын «TalasInvestment Company» ЖШС салынды. Экономикалық дағдарысқа қарамастан, кәсіпорын 30 миллион теңге тұратын 30-35 тонна натрий цианидін өндіреді, – деді өңір басшысы. Жамбыл жері «Жасыл аймаққа» айналады – Мемлекет басшысы жариялаған 5 институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 35-36 қадамдарын орындау мақсатында Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды облыс тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жыл басынан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Елбасы Жарлығына сәйкес қоғамда пікірталас тудырған Жер заңнамасына енгізілген өзгерістердің жекелеген баптарын көпшілікке түсіндіру үшін облыстық қоғамдық кеңес аудандарды аралады. Облыс әкімдігі жанынан 18 адамнан тұратын жұмысшы топ құрылып, қоғамдық кеңеспен бірлесе, елді мекендерде 35 мыңнан астам адам қамтылған 530 кездесу өткізді. Облыс бойынша 89 спикердің тізімі жасақталып, бұқаралық ақпарат құралдарында 20-ға жуық мақала жарияланып, жергілікті телеарналардан сұхбаттар берілді. Бүгінгі күнге Сall-орталықтарына барлығы 221 сұрақ түсті, оның 144-і – облыстық орталыққа, 77-сі аудандық және Тараз қалалық орталықтарына жолданған. Оларға заң шеңберінде тиісті жауаптар берілді.
Облыстың жер қоры 14,4 миллион гектарды құрайды. Жер деген – үлкен капитал. Оны барынша тиімді әрі толыққанды пайдаланудың экономикалық маңызы зор. Десек те, облысымызда әлі де пайдаланусыз жатқан жер телімдері бар, – деді облыс әкімі.
Мәліметке сүйенсек, түгендеу жұмыстарының нәтижесінде облыста пайдаланусыз жатқан 591 мың гектар ауыл шаруашылық жерлері бары анықталды. Оның 547 мың гектары немесе 93 пайызы мемлекет иелігіне қайтарылып, 538 мың гектары экономикалық айналымға қайта қосылған.
Жердегі экологиялық ахуал бүгінде жаһандық мәселеге айналған. Экологиялық апаттардың алдын алу үшін облысымызда елді мекендерді көгалдандыру арқылы жасыл белдеулер жасаудың кеңейтілген іс-шара жоспары әзірленіпті. Іс-шараға сәйкес, елді мекендер айналасынан «жасыл аймақтар» құру бойынша 161 гектар жерге 168 мың түп тал отырғызылса, елді мекендердегі білім және денсаулық сақтау нысандарының ауласын, көшелер мен саябақтарды көгалдандыру үшін 206 гектарға 173 жарым мың түп әртүрлі жеміс-жидек талдар отырғызылған. Облыс әкімінің айтуынша, 2016-2017 жылдары Тараз қаласы мен аудандарда 1456 гектар «жасыл белдеулер» жасау көзделуде. Бұл өз кезегінде химия өнеркәсібіне бейімделген біздің өңірдің экологиялық жағдайын қалыпты деңгейде сақтауға мүмкіндік бермек. Шаруалар нарық талабына сай еңбек етуде Бүгінде шаруалар нарық талабына сай еңбек ету қажет екенін түсінгендей. Соның нәтижесі шығар, есепті кезеңде ауыл шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнім көлемі 47,2 миллиард теңгені құраған (2015 жылдың бірінші жарты жылдығында 42,3 миллиард теңге). Оның 936,0 миллион теңгесі өсімдік шаруашылығына, 46,2 миллиард теңгесі мал шаруашылығына тиесілі.
Әрине, өнім көлемінің артқаны көптеген шаруа қожалықтардың интенсивті шаруашылықты таңдауы және мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қолдау көрсетілуіне байланысты екені анық. Биыл осы мақсатта жалпы 10 миллиард теңге бөлінген (республикалық бюджеттен – 4,7 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен – 5,3 миллиард теңге).
Биыл шаруалар үшін қолайлы жыл болды. Жауын-шашынды күндер көп болып, топыраққа ылғалдың мол түсуінің арқасында 1 гектардан алынған өнім өткен жылмен салыстырғанда 7,5 центнерге артық болды. Түсім гектарына 23,4 центнерді құрады. Бүгінге дейін егін орағына түсетін егістік алқабының 248 мың гектарының 234 мың гектары орылып, жалпы түсім көлемі 548 мың тоннаны құрайтын масақты дәнді дақылдар жиналды. Жалпы түсімі 600 мың тоннадан асады деп күтілуде. Былтыр 474,4 мың тонна болған.
Егін шаруашылығында су тапшылығы жылдан-жылға айқын сезілуде. Облыс әкімі бұл тығырықтан шығудың жолы су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу бағытындағы жұмыстарды жандандыру екенін айтады.
– Егіншілік саласында су және ылғал ресурстарын үнемдеу технологияларын енгізу басты назарда болуы тиіс. Нөлдік және минималдық технология 2015 жылы 25 мың гектарға енгізілсе, үстіміздегі жылы жаңа технологияға көшкен алқап аумағы 26 мың гектарға жетті. Былтыр 8,1 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілген, ағымдағы жылы оның көлемі 11,9 мың гектарды құрады. Сондай-ақ, 2247 гектарға жаңбырлатып, 1520 гектарға тамшылатып суару технологиясы енгізілді.
Егістік алқаптарына тамшылатып суару технологияларын енгізген жерлерде дақылдардың өнімділігі бір гектардан орташа есеппен 2-3 есеге артатыны іс жүзінде дәлелденген. Биылғыдай жауын-шашынды күндер келер жылы қайталанбауы мүмкін. Сондықтан, шаруашылықтар ағын суға тәуелді және су тапшы жылдары өнім көлемі азайып кететінін естен шығармағаны абзал, – дейді Кәрім Нәсбекұлы.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Шу ауданында көкөніс кластерін құру үшін ауқымды жұмыстар қолға алынғаны көпшілікке мәлім. Жобаны жүзеге асыру мақсатында «Тасөткел» магистральды каналының оң жақ жағалауындағы жерлерде тамшылатып суару технологиясын енгізу мақсатында 76 миллион теңгеге 26 шақырым электр жүйесі жүргізілген болатын. Осы жылы да электр жүйесі құрылысының жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға аудандық бюджеттен қосымша 20 миллион теңге бөлініпті.
Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, биыл осы алқаптардың 1205 гектарына көкөніс, 990 гектарына бақша, 105 гектарына мал азығы дақылдары егіліпті. Көкөніс сақтау мәселесі де шешімін тауып жатқан көрінеді. Ауданда барлығы 26 мың тонна көкөніс сақтауға мүмкіндігі бар қоймалар жұмыс істеуде (200-ден 1500 тоннаға дейін сақтау қуаты бар 7 көкөніс қоймасы және 19 мың тонна сыйымдылығы бар 1 қойма). Құны шамамен 850 миллион теңгені, жалпы сыйымдылығы 5 мың тоннаны құрайтын 2 көкөніс қоймасы да пайдалануға берілер күн жақын.
Шаруалардың ісі алға басқанының бір көрінісі осы шығар, бүгінде өрісіміз малға, шарамыз майға толы. Облыста есепті кезеңде мал шаруашылығының барлық түрі бойынша өсімге қол жеткізіліп, асыл тұқымды малдың үлесі артқан. Бұған мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға баса көңіл бөлінуі тікелей себеп болуда. Биылдың өзінде мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру мақсатында 2 798,0 миллион теңгенің бөлінуі – соның дәлелі. «Лида-1300» – Шуда құрастырылатын комбайн Облыста ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту жұмыстары да жүйелі жолға қойылған. Бүгінгі күнге 766 миллион теңгеге барлығы 131 техника жаңартылса, оның 56-сы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке алынған. 75-ін шаруашылықтар өз қаражаттарына сатып алған.
Өңір басшысы биыл Шу локомотив жөндеу зауыты базасында беларусьтық «Лида-1300» комбайндарын құрастыру басталғанын айтты. Қазіргі уақытта комбайндарды құрастыруға арналған машкомплекттердің 4-бірлігі жеткізіліп, бір бірлігі сатылуға дайын, ал қалған үшеуі құрастырылу үстінде екен. Екі жақты келісім бойынша бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. «Лида-1300» комбайнын лизингпен шаруашылықтарға «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 7 жылға рәсімделуде. Алғашқы жарнаның (15-25 пайыз) орнына инвестициялық субсидия төленеді. 4 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда Экономиканы әртараптандыруда сала мамандары Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілген міндеттерді басшылыққа алып, жұмыс жүргізуде. Мәселен, Ұлт жоспарының 60-қадамын жүзеге асыру үшін облыста сүт кластерін дамытудың жаңазеландиялық «Fonterra» және даниялық «Arla» бағдарламалары бойынша 42 шаруашылық біріккен «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Алдағы уақытта өндірістік кооператив төңірегінде асыл тұқымды 70-тен 200 сауын сиыры бар сүт тауарлы фермалары құрылмақшы.
Ұлт жоспарының 61-қадамын орындау мақсатында өңірде 4 ірі инвестициялық жоба қолға алынған. Атап айтсақ, Жамбыл ауданындағы құны 3 миллиард теңгені құрайтын, «Халал» стандарты бойынша жылына 1757 тонна ет өнімдерін өндіру жобасы, Меркі ауданында малайзиялық инвестордың қолдауымен іске қосылатын 3 мың мүйізді ірі қараға арналған «Agrostanferms» ЖШС бордақылау кешенінің құрылысы, «Агро фирма Түрікпен» ЖШС-ның 3 мың мүйізді ірі қара малға арналған бордақылау кешені және 5 мың мүйізді ірі қара мал шаруашылығы репродуктор жобасының құрылысы, «Халық-Транс-1» ЖШС-ның 1400 мүйізді ірі қара мал шаруашылығы репродуктор жобасының құрылысы жүргізілуде.
– Өздеріңізге мәлім, осы күндері Иран Ислам мемлекетінен бір топ инвесторлар біздің шақыруымызбен келіп, бірқатар аудандардың экономикалық, ауыл шаруашылық әлеуетімен танысуда. Олар облысымызда тамшылатып суғару құралдарын шығаратын зауыт, жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін цех соғуға, өндірістік жылыжайлар, ет, фармацевтика, химия, қызылша өнімдерін өндіруге қызығушылықтарын білдіріп отыр, – деген облыс әкімі мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жекелеген шаруа қожалықтар өз жобасын ұсынып, ауқымды жұмыстарды қолға алғанын айтып өтті. Сондай шаруашылықтардың бірі – Т.Рысқұлов ауданындағы «Құдайберген датқа» шаруа қожалығы. Аталған шаруашылық шөл даладағы 600 қойды бордақылау алаңын іске қосқан. Облыс әкімінің айтуынша, бұл кешен академик Ғ. Қалиевтің «Жайылымды тиімді пайдалану және жаңартылатын энергия көздерін қолдану арқылы Қазақстан мал шаруашылығын дамыту» жобасы бойынша қажетті жабдықтармен, сумен және электр қуатымен қамтамасыз етіліп отыр екен. Осы тәсілмен аймақта 6 мың басқа дейін мал өсіруге болатын көрінеді. Құрылыс қарқын алған Облыста құрылыс саласы қалыпты дамып келеді. Биыл 60-қа жуық нысандардың құрылысын жүргізу мен жаңғыртуға және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 19,2 миллиард теңге бөлініпті. Оның 6,0 миллиард теңгесі – білім, 1,8 миллиард теңгесі – денсаулық сақтау нысандарына, 1 миллиард теңгесі – ауызсумен қамтамасыз етуге, 1,4 миллиард теңгесі тұрғын үй құрылысына қарастырылған.
– Кезекте тұрған азаматтар үшін облыстық бюджет есебінен 824 миллион теңге бөлініп, жыл соңына дейін алаңы 14,7 мың шаршы метр көп пәтерлі 3 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі бойынша 572 миллион теңге бөлініп, 1 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылысы екінші жартыжылдықта аяқталады.
Жеке тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша алты айда 130 мың шаршы метр жеке тұрғын үй пайдалануға тапсырылды, ол өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 121 пайызды құрады. Ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге Ұлттық қор есебінен 2,8 миллиард теңге қаржы бөлініп, 13 жоба мақұлданды.
Жергілікті мәндегі автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеп, күтіп ұстауға биыл 7,2 миллиард теңге бөлінген. Облыстық маңызы бар автожолдарға 3,0 миллиард теңге, аудандық маңызы бар автожолдар мен көшелерге 2,2 миллиард теңге, Тараз қаласының көшелеріне 2 миллиард теңге, республикалық мәндегі жолдарға 1,6 миллиард теңге қарастырылған. Жалпы, жергілікті мәндегі автожол мен көшелерде 143 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қала сыртындағы «Қазфосфат» серіктестігінің зауытына баратын 22,3 шақырым автомобиль жолын мемлекеттік балансқа алып, 197 миллион теңге бөлініп, оның 11,4 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталды.
Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 21,4 миллион теңгеге «Қырғызстан шекарасына Тараз қаласынан оңтүстік айналма автомобиль жолы» құрылысының және 60 миллион теңгеге Айша бибі көшесіндегі 90-жылдардан бері аяқталмаған көпір құрылысының техника-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптамасы алынды. Келесі жылы бұның жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалатын болады (85 миллион теңге қажет). Бұл автожол мен көпірдің салынуы Жібек жолы көшесіндегі жалғыз темір жол асты өткеліндегі жүктемені азайтпақ. Темір жолдың оңтүстік жағында орналасқан Тараз қаласының 4-тен бір бөлігіндегі және Жамбыл ауданының 10 ауылындағы (37,3 мың адам), барлығы 100 мыңға жуық тұрғындардың көлікпен қатынауын жеңілдетумен қоса, транзиттік ауыр жүк көліктерінің қаланы оңтүстік жағынан жылдам және қауіпсіз айналып өтуіне мүмкіндік береді. Онымен қоса, соңғы 7 жылда көлік санының 2 есеге дейін өскенін ескерсек (2008 ж – 116 мың, 2015 ж – 215 мың), бұл жолдың қала экологиясын жақсартуға септігін тигізетінін шамалай беруге болады, – дей келе, Кәрім Нәсбекұлы Тараз қаласында Төле би көшесі мен Жамбыл даңғылының қиылысында 30 миллион теңгеге жүргіншілерге арналған жерүсті өткелін соғу жоспарланып отырғанын, нысан қыркүйек айында іске қосылатынын айтты. «Жасыл экономикаға» жамбылдықтардың үлесі – Облыс экономикасының үлкен саласының бірі – энергетика. Бүгінгі таңда облыстың экономикалық кешені жалпы бекітілген қуаты 1405 МВт-ты құрайтын 11 кешеннен тұрады. Есепті кезеңде тұтынылған электр энергиясының көлемі сағатына 1,6 миллиард кВт-ты құрады. Ал электр энергиясын өндіру сағатына 2,1 миллиард кВт-ты құрады. Электр энергиясына деген сұраныстың артуы облыс тұрғындарының санының артуымен және жаңадан іске кіріскен кәсіпорындарға байланысты. Осыған орай, біздің алдымызда электр қуатын өндіретін көздерді қарастырып, жүзеге асыру мәселесі тұр.
Облыста нақты уақытта қуаттылығы 115 МВт-ты құрайтын 9 нысан қолдануға берілді. Бұл жобаларды «Жасыл экономикаға» және Астана қаласында өтетін ЭКСПО–2017 көрмесіне жамбылдықтардың қосқан үлесі деуге де болады.
Қазіргі кезде облыста жоспарлы түрде тұрғын үй-коммуналдық кешендердің 2016–2017 жылғы күз-қыс маусымдарына жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оған республикалық және облыстық бюджеттен жалпы сомасы 5,4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қалаларда электр, жылу беру, газ, су және кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Энергетика саласының маңызды бөлігі табиғи газбен қамту болып табылады. Бүгінгі таңда облыс елді мекендерінің 42 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Осы жылдың алғашқы жарты жылдығында Меркі ауданының 4 ауылына газ кіргізілсе, тұтынушылардың қаржысына Шу ауданының 4 ауылына газ жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, Тараз қаласына қарасты Шөлдала аумағына 101 миллион теңгеге газ құбыры жүргізілмек. Бюджет кірісі Бірінші жартыжылдықта облыс бюджеті кірістер бойынша 103,8 пайызға орындалып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға артқан. Мемлекеттік бюджетке 34,3 миллиард теңге салық және өзге де міндетті төлемдер түсіп, жоспар 122,4 пайызға орындалыпты. Бюджет шығындары 98,7 пайызды құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 4,5 пайызға артыпты.
Облыстағы инфляция деңгейі осы жылдың маусым айында өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 104,8 пайызды құраған. Сондықтан, өңірдің тұрақтандыру қорына жергілікті бюджеттен 917 миллион теңге бөлініп, нан бағасын тұрақты ұстап отыру үшін тұрақтандыру қорына 1 сұрыпты 5 мың тонна ұн сатып алынған.
Облыста тәулігіне 1600 тонна қант шығаратын екі зауыт үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда қантқа деген сұраныстың артуына байланысты зауыттармен есепті кезеңде 198 мың тонна қант өндірілген. Жұмыспен қамтуға 9,3 миллиард теңге бөлінген Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 9,3 миллиард теңге бөлініпті. «Өрлеу» бағдарламасы да жүзеге асырылған. Соның арқасында кедейлік шегінен төмен тұратын тұрғындар 17,6 пайызға азайған.
Бірінші жартыжылдыққа орташа айлық жалақы 89579 теңгені құрап отыр. Есепті кезеңде 2369 мүмкіндігі шектеулі азамат 182 миллион теңгенің бейімдеу және сауықтыру құралдарымен қамтамасыз етілді. Әлеуметтік салалардың әлеуеті төмендеген жоқ Биыл денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 40 миллиард теңге бөлінді. Оның 34,1 миллиард теңгесі тегін көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуге, 1,8 миллиард теңгесі денсаулық сақтау нысандарын дамытуға жұмсалуда.
– Бүгінде республикалық және облыстық бюджет есебінен Қаратау қаласында және Меркі ауылында 250 орындық аудандық орталық емханалар құрылысы аяқталуда (Пайдалануға беру 2016 жылдың соңына қарастырылған). Байзақ ауданы, Бурыл ауылында және Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дәрігерлік амбулатория, Талас ауданы, С.Шәкіров ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт және Мойынқұм ауданы, Қияқты бекетіндегі медициналық пункт құрылыстары жүргізілуде. Жалпы, бюджеттен 1,3 миллиард теңге қарастырылып, саланың материалдық-техникалық жабдықталу көрсеткіші 73,56 пайызға жетті.
Өлім-жітім саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда тұрақты деңгейде, табиғи өсім көбейді, нәресте өлімі азайды. 3 ана өлімі тіркелді. Соған байланысты ана мен бала өлімін азайту бойынша тиісті шаралар қабылданып, дәрігерлердің жауапкершілігін арттыру бойынша талап күшейтілуде, – дей келе, облыс әкімі өңірде әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Білім беру жүйесін қаржыландыруға биыл 90 миллиард теңге қарастырылған (2015 жылы – 75,5 миллиард теңге). 19 білім нысанының (10 мектеп, 5 балабақша, 2 мектеп пен 1 балабақшаға қосымша ғимарат, 1 мектептің қазандығын қайта жаңғырту) құрылысын жүргізуге 6,0 миллиард теңге бөлініпті (2015 жылы – 7,4 миллиард теңге). Оның 14-і биыл (8 мектеп, 6 балабақша) пайдалануға беріледі, қалған 5-еуінің құрылысы 2017 жылы аяқталмақ. Өңір басшысының айтуынша, 11 тозығы жеткен және 5 үш ауысымды мектеп құрылыстары 2016-2018 жылдары жергілікті бюджет және Ұлттық қор қаржысы арқылы шешілмекші.
– Жыл басынан 6 балабақша ашылып, 390 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында әрқайсысы 280 орындық 3 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1120 орындық 5 балабақша және мемлекеттік жекеменшік-әріптестік негізінде 295 орындық 4 балабақша ашылады деп күтілуде.
Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында мектепке дейінгі білім мекемелерінің желісін жеке секторды тарта отырып ұлғайту жөнінде тапсырма берілген. Бүгінде облыста осы бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. Соның арқасында бүгінгі күні 43 жекеменшік мектепке дейінгі білім мекемесінде 4311 бала тәрбиеленуде. 2015 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 980 орындық 10 балабақша ашылса, ағымдағы жылы олардың қатары 440 орындық 5 балабақшаға артты. Оған шағын және орта бизнес өкілдері, осында отырған депутаттар атсалысуда. Облыстық мәслихаттың депутаттары А.Майлыбаев Тараз қаласында 300 орындық, Г.Нұрымова Қараой ауылынан 280 орындық балабақша ашты. Шуда К.Ким 150 орындық балабақша салуда. Бұл кәсіпкер бұдан басқа жалпы 210 орындық екі балабақша ашқан.
Жалпы, 2010 жылдан бері облыста 42 мектеп, 20 балабақша салынған. Білім саласын дамытуға барлық жағдай жасалуда, – деген өңір басшысы білім беру үрдісінде тәрбиеге баса мән беру керектігін айтып, жыл басындағы келеңсіз оқиғалардың орын алуының себебіне тоқталып, оны отбасылық құндылықтардың бағаланбай келе жатқанымен байланыстырды.
– Осындай келеңсіз оқиғалар салдарынан әлеуметтік желілерде облысымызға қатысты негативті ақпараттар таралғанын білесіздер. Бұны тоқтату үшін өңірімізде көптеген іс-шаралар іске асырылды. Оның бірі – еліміздегі 200-ден аса блогерлердің басын қосқан республикалық «Блогқұрылтай–2016» шарасы. Аталмыш шара аясында әлеуметтік желілерде 500-ден аса посттар жарияланса, интернет сайттары мен блогтұғырлардан өңіріміздің оң имиджін қалыптастыратын 100-ге жуық мақала шықты. Ендігі кезекте жастар саясаты мәселелері, ішкі саясат басқармалары осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, ары қарай дамыту қажет.
Облыс тұрғындарының мәдени, рухани сұраныстарын қанағаттандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәдениет саласын дамытуға жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі жыл санап артып келеді, биыл бұл салаға 4,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында биыл облыстық бюджеттен 243 миллион теңге бөлініп, 29 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – дей келе, облыс әкімі 24-25 қыркүйекте Астана қаласында Жамбыл облысының Мәдениет күндері өтетінін, Астана қаласындағы Ұлттық музейде «Тарихы терең Тараздан тағзым» атты облыстық музейдің көрмесі және «Бейбітшілік және келісім сарайында» облыс өнерпаздарының концерті ұйымдастырылатынын тілге тиек етіп, орынбасары Е.Манжуовқа, мәдениет басқармасының басшысы Д.Бықыбаевқа аталған іс-шараға байланысты жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Облыста бұқаралық спортты дамытуға баса көңіл бөлінуде. Сала мамандары кәсіпқой спортшыларды шынықтырып, үлкен спортқа баулуды да табысты жүзеге асыруда. Соның нәтижесінде облыс спортшылары республика чемпионаттарында 511 медаль алса, халықаралық жарыстарда 129 медальға ие болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде Бейбіт Ыстыбаев үшінші рет «Қазақстан Барысы» атанды.
– Осы күндері Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына облысымыздан алғаш рет 6 бірдей спортшымыз қатысуда. Бұл – біздің өңір үшін бұрын-соңды болмаған үлкен жетістік. Сіздерді жерлесіміз Елдос Сметовтің Олимпиаданың күміс медалін жеңіп алуымен құттықтаймын! – деді Кәрім Көкірекбаев. Мал ұрлығымен айналысқан 4 қылмыстық топ құрықталды Елбасының «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бес институционалдық реформасы аясында ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап, облыста жергілікті полиция қызметі құрылғаны белгілі. Жалпы, 1280 қызметкер жұмыс істейтін жергілікті полиция өзіне жүктелген міндеттерді орындау мақсатында облыс аумағында құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған бірқатар шаралар жүргізуде. Криминогендік жағдайды жақсарту үшін «Құқықтық тәртіп», «Шартты», «Есеп», «Жасөспірім», «Отбасы және мектеп», «Қауіпсіз жол», «Автобус» атты жедел профилактикалық іс-шаралар өткізу нәтижесінде, облыста жалпы қылмыстық құқық бұзушылық 9,3 пайызға төмендеген. Ауыр қылмыстар 1,4 пайызға (581-ден 573-ке дейін), ауырлығы орташа қылмыстар 4 пайызға (5929-дан 5689-ға дейін), онша ауыр емес қылмыстар 36 пайызға (1797-ден 1156-ға дейін), қоғамдық орындардағы қылмыстар 1,6 пайызға (1768-ден 1739-ға дейін) азайған. Бұған құқық бұзушылыққа «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру өз септігін тигізді десек, артық айтқандық емес.
Есепті мерзімде 68935 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 605 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бұзақылық 38 пайызға, тонау 15 пайызға, бөтеннің мүлкін ұрлау 2,4 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, мал ұрлығы 15 пайызға өскеніне қарамастан, оның ашылуы 26 пайызға артты. Мал ұрлығымен айналысқан 4 қылмыстық топ ұсталып, істері сотқа жолданды. 232 бас мал иесіне қайтарылды. Кәсіби мемлекеттік аппарат – Ұлт жоспарының түпқазығы Жергілікті атқарушы органдар бірінші жартыжылдықта барлығы 4,4 миллион мемлекеттік қызмет көрсеткен. Аталған органдар тарапынан бүгінгі күні 174 мемлекеттік қызмет көрсету регламенттері бекітіліп, «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылуына байланысты 63 регламентке өзгерістер енгізілген.
Сессияда аталған мәселеге байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған облыс әкімі: «Жалпы, жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың 2015 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысы республикада 7-орынға ие болды. Облыс тұрғындарының өтініш-тілектері мен мәслихат депутаттарының сауалдары да облыс әкімдігінің тұрақты назарында. Ағымдағы жылы өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі әкімдер 42 мыңнан аса тұрғынның қатысуымен 379 есеп беру кездесуін өткізді. Онда барлығы 1107 ұсыныс айтылып, оның 207-сі бақылауға алынды. Облыс әкімі есебінде көтерілген мәселелердің ішінен 25-і арнайы іс-шаралар жоспарына енгізіліп, бүгінде оның тоғызы бойынша қаржыландыру мәселесі шешілді», – деді. Сонымен қатар облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласында берілген есептерде көтерілген мәселелердің мән-жайын атап өтті.
«100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына сәйкес облыста және барлық аудандар мен Тараз қаласында қоғамдық кеңестер құрылған болатын. Ағымдағы жылдың 6 айында қоғамдық кеңестер 109 отырысын өткізіп, кеңес қарауына ұсынылған 200 құжаттың 194-іне тиісті қорытындылар берген екен. Бірлік бар жерде – тірлік бар Биыл еліміз Ұлт тәуелсіздігінің ширек ғасырлық торқалы тойын атап өтпек. Облыста жыл басынан ұйымдастырылып жатқан барлық жұмыстар Тәуелсіздіктің 25 жылдығының аясында өткізіліп жатқанын айтқан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев осы жылдар аралығында атқарылған негізгі жұмыстарға шолу жасады.
Облыста мерекені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі облыстық жұмысшы топтың құрамы мен облыстық іс-шаралардың жоспары, жыл соңына дейін «оқиғалар қатары» әзірленіп, бекітіліпті.
– 25 жылда жеткен жетістіктер «25 жұлдызды күн» аясында халыққа кеңінен жеткізілетін болады. Еліміздің бейбітшілік пен тұрақтылық жолындағы бағыты әлем үшін үлгі болуда. Мемлекет басшысының бүкіл жаһанды ядролық қарудан бас тартып, бейбіт өмір сүруге шақырған «ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» атты тарихи манифесі – осының айқын дәлелі. Достықтың үйіне, татулық ордасына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актінің жариялануы да біртектілік пен бірліктің жемісі.
Биыл «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешені аумағында бой көтерген «Достық үйі» пайдалануға беріледі, – деген Кәрім Нәсбекұлы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында Тараз қаласы ерекше көркейіп, абаттанып қалғанын, қалада көптеген жаңа архитектуралық нысандар мен скверлер соғылып, көшелер мен тұрғын үйлер жөнделгенін, ендігі кезекте облыстағы шағын қалаларды дамыту ойда барын айтты.
Мәселен, Жаңатас қаласында ресейлік «ЕвроХим Удобрение» компаниясы ірі инвестициялық жобаны іске асыруда. Бұл компания тек өндіріспен ғана айналысып қоймай, Жаңатас қаласының инфрақұрылымын, әлеуметтік саласын дамытуға 40 миллион АҚШ долларын бөлмекші екен. Бүгінге 18 миллион долларын жұмсаған.
Облыс әкімі депутаттарға, кәсіпкерлерге, Қаратау мен Шу қалаларын қолға алу туралы ұсынысын жеткізді. Мысалы, «Қазфосфат» компаниясы Қаратау қаласына, ал «Тараз химия паркі» арнайы экономикалық аймақ компаниялары Шу қаласын камқоршылыққа алса, шағын қалаларымыз айтарлықтай дамып, көркейіп қалар еді деген пікірін білдірді.
«Келесі жылы Астана қаласында ЭКСПО–2017 халықаралық көрмесіне облыс атынан бір кісідей жұмыла атсалысып, жоғары деңгейде өткізуге өз үлесімізді қосуымыз керек деп санаймын» деген ол «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген мақалды мысалға келтіріп, жиынға қатысушыларды жеткен жетістігімізді бағалап, оны сақтау жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Облыс әкімінің баяндамасынан соң жарыссөзге жазылғандар баяндамаға бағаларын беріп, пікірлерін білдірді.
Дастан Айтүленов, Меркі ауданы №22 сайлау учаскесінен сайланған облыстық мәслихаттың депутаты:
– Меркі ауданында өнеркәсіп өнімін өндіру және ауыл шаруашылық саласы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өнеркәсіп өнімі биыл өткен жылдың жарты жылдығымен салыстырғанда 170,8 пайызға орындалды.
Ауыл шаруашылығы бағытында «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағдарламасының 60-қадамын орындап, сүт кластерін ауыл шаруашылық өндірістік кооперациясын құруда, Кәрім Нәсбекұлы, сіздің облыстық бюджеттен жаңа зауыт ғимаратын соғуға және асыл тұқымды сауын сиыр алуға қаражат бөлуге ықпал еткеніңіз бізге үлкен серпіліс берді. Алдағы уақытта бұл мақсатта «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы зауыт қондырғыларын алуға қаржы бөлінетін болады.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2011–2015 жылдарға 450 миллион теңге қарастырылса, биыл ауданға сіздің қолдауыңызбен 428 миллион теңге бөлініп отыр.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында сүт өнімдерінің көлемін арттыру үшін сүт дайындау пункттерінің ашылуына сіздің тарапыңыздан тікелей қолдау көрудеміз. Қазіргі таңда аудан округтерінде 8 сүт дайындау пункттері жұмыс істеуде.
Ауыл шаруашылық саласын дамыту мақсатында жыл есебі бойынша «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары толық орындалатын болады.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында банк несие пайызының бір бөлігін субсидиялау бағыты бойынша жалпы сомасы 388,2 миллион теңгені құрайтын 7 жоба іске асты. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер Б.Рахым
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді