Бүгін – 29 мамыр, 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылады
Ең бастысы – теңізге жол ашылады
Мұратқали СӘРСЕНОВ, «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев саяси көрегендігі және тың идеяларымен әлемдік қауымдастықта мойындалған саяси тұлға екендігін тағы бір дәлелдеді. Бүгін Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің халқы ғана емес, әлем назары Астанаға ауады. Өйткені, үш мемлекеттің Президенттері Еуразиялық экономикалық одақ шартына қол қояды. Нұрсұлтан Әбішұлы осыдан 20 жыл бұрын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық кеңістікте интеграциялық бірлестік құру жөнінде бірегей бастаманы көтерген болатын. Одан бері өткен екі онжылдықта Елбасының стратегиялық идеясы кезең-кезеңмен жүзеге асырылып, пісіп-жетіліп, шартқа қол қоятын күн де келіп жетті. «Қазфосфат» өндірген өнімін әлемнің 33 мемлекеті, оның ішінде одақтық шартқа қол қоятын Ресей мен Беларусь мемлекеттері тұтынады. Бұл жері бай, елі дарқан Сарысу және Талас аудандарының аумағынан өндіріп жатқан біздің өніміміз екені көңіл қуантады. Одақтық шартқа қол қойылғаннан кейін үш елдің арасында бұрыннан бар байланыс, одан сайын нығая түседі. Ең бастысы – теңізге, оның ар жағында экспортқа даңғыл жол ашылады. Сарысу ауданы.
Кәсіпкерлерге зор мүмкіндік
Асан ҚОШМАМБЕТОВ, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.
Қазақстандық демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына байланысты қазақстандықтарға арнаған Үндеуінде: «...Бүгінгідей Отанымыз үшін аса маңызды осы бір тарихи сәтте, біз барша қазақстандықтарды Елбасы саясатының төңірегіне топтасуға, ал Үкімет пен атқарушы органдар жүйесін ел Президентінің мемлекеттік бағдарын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз етуге шақырамыз» деді. Біздің облыстың кәсіпкерлері де осы Үндеуге үн қоса отырып, үш мемлекет үшін де ортақ тарихи сәтті асыға күтті. Бүгінде шағын және орта бизнес кеңінен қанат жайып, өркендеп жатса, ол бірінші, Елбасының осы салаға жасап отырған қамқорлығының арқасында мүмкін болғанын кәсіпкерлеріміз жіті түсініп, әрқашан Мемлекет басшысының идеяларына, ұсыныстары мен бастамаларына қолдау көрсетіп отырады. Өнімдерін облыстан тысқары өңірлерге, тіпті, алыс-жақын шетелдерге шығарып жатқан кәсіпкерлеріміз үшін Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы Ресей мен Беларусь мемлекеттерін тіпті жақындата түседі. Іргелі екі елдің де өнімі бізге іркіліссіз жететін болды.
Өңір өркендейді
Марк ВЕКСЛЕР, «Құрылыс Полимер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарушысы.
Бүгін міне, тәуелсіз еліміздің тарихындағы айтулы сәттің куәсі болғалы отырмыз. Тамырлас, тағдырлас үш ел – Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшылары ел ордамыз Астана қаласында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қояды. Уақыт сынынан өтіп, әбден пісіп-жетілген интеграцияның біздің еліміз үшін де берер жемісі аз емес. Экспорттық әлеуетіміз артып, экономикамыз нығаяды. Отандық кәсіпорындардың бәсекелестік қабілеті мен өнім сапасы артады. Бұл одақ осы жағынан өте тиімді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Қазақстан 2050 жылға қарай өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиіс» деп айрықша атап өткен болатын. Бұл міндет Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру арқылы орындалады. Елімізде, оның ішінде облысымызда бағдарлама аясында көптеген серпінді жобалар ел игілігіне айналуда. Былтыр осы бағдарлама аясында біз де жаңа серіктестіктің тұсауын кестік. Бағытымыз – Тараз қаласында полимерден құрылыс материалдарын өндіру, мақсатымыз – ел экономикасының дамуына, шағын және орта бизнестің өркендеуіне өз үлесімізді қосу. Полимерден құрылыс материалдарын өндіретін зауытты салуға 1,8 миллиард теңге жұмсалды. Бүгінде мұнда 130-дан астам адам жұмыс істейді. Ол толық қуатында істегенде жұмысшылардың саны 300-ге жетеді. Кәсіпорын өндірген өнім еліміздің және шетелдердің құрылыс индустриясына, ауылшаруашылығында кеңінен қолданылады. Өндірісте 16 жаңа желі жұмыс істейді. Мұнда ТМД аумағында өндірілмейтін бірқатар тауарлар шығарылады. Мәселен, армирленген пленка тек қана Оңтүстік Кореяда және Чехияда шығарылады. Ал, автомобиль жолдары құрылысына қолданылатын жалпақ дәнекерлейтін геоторлар әлемде бірінші рет осында өндірілуде. Жол құрылысын жүргізу кезінде осы технологияны қолдану шығынды 20 пайызға азайтады, жөндеуаралық мерзімі 3-5 жылға ұзарады. Зауыт шығаратын өнім құрылыста қымбат металл, ағаш, темірбетон, шағал, цемент, асфальтбетонды алмастырады. Энергия тұтынуды азайтып, құрылыс қауіпсіздігін еуропалық деңгейге жақындатады. Біз нарықтық сұранысқа сай, өнім өндіру көлемін ұлғайта береміз. Ал, енді Еуразиялық экономикалық одақ идеясының іске асырылуы бізді едәуір қанаттандырып қана қоймай, алдымыздан жаңа мүмкіндіктер ашатын болады.
Жаңа дәуірдің басы
Қайрат Терлікбаев, Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.
Еуразиялық экономикалық одақ интеграцияның дамуын жеделдетеді. Бұл 168 миллион тұтынушысы бар нарықтық байланыстардың ашылуына алғышарт жасайды. Сол себепті де үш елдің арасындағы келісімшарт жобасы бойынша өткізілгелі отырған келіссөздерге еліміздің Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ғана емес, барлық қазақстандықтар зор қызығушылық танытып отыр. Палата кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды десек, енді ол Ресей, Қазақстан, Беларусь елдері арасындағы еңбек нарығының жақсаруына да өзіндік үлесін қосады деп ойлаймын. Елбасы: «әуелі – экономика, сосын саясат» демеп пе еді. Ендеше, үш ел Президенттерінің Еуразиялық экономикалық одақ құру шартына қол қою сәті келді. Бұл меніңше шешуші сәт. Темір жол – экономиканың күретамыры. Тасымалданатын барлық жүктің ауыртпалығы осы болат жол бойында еңбек ететіндерге түседі. Біздің кәсіпорын биыл 233,5 километр жолды күрделі және орташа жөндеуден өткізеді. Осы төрт айдың өзінде біз 281 миллион теңгеден асатын жұмыс атқарып, рельс дәнекерледік. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы магистралдық жүйелерді қалпына келтіру жөнінде біздің зауыт жұмысшыларына күрделі міндеттер қойып отыр. Меніңше, бұл біз үшін аса жауапты тапсырма. Енді үш ел арасындағы тауарлы өнімдердің алыс-берісі көбейеді. Тұрар Рысқұлов ауданы.
Өрісіміз кеңейеді
Бақтияр Алдашов, «Талас инвест компани» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.
Бүгін Елордада Беларусь, Ресей, Қазақстан Президенттері Еуразиялық экономикалық одақтың шартына қол қоймақ. Бұл тарихи қадам Қазақ елі үшін үлкен саяси жеңіс деп есептеймін. Өйткені, қай уақытта да экономикалық-әлеуметтік мәселені бірлесе шешкен тиімді екендігі мәлім. Оның үстіне, бұл мемлекеттермен біздің тарихи байланысымыз ежелден-ақ қалыптасқан. Шартқа қол қою арқылы еліміздің сыртқы сауда өрісі кеңейіп, қазақстандық тауарлардың еш кедергісіз нарыққа түсетіндігі даусыз. Әсіресе, кәсіпкерлердің қолы ұзарып, мүмкіндігі арта түседі. Қазірдің өзінде Қаратау қаласындағы соғылып жатқан «Талас инвест компани» ЖШС-ның өнімдеріне Ресей зауыттары қызығушылық танытуда. Енді алыс-берісіміз, барыс-келісіміз дами беретіндігіне дау жоқ. Сондықтан мен бұл қадамды тарихи оқиға деп қабылдаймын. Талас ауданы.
Экономикалық бірлестіктің берері көп
Самат Жұманов, «Казгранит» корпорациясының «Аль-басар» ЖШС директоры.
Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдері арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ құру – әлемдік сауда-саттық саласында тарихи оқиға болмақ. Үш мемлекетке де тиімді экономикалық ынтымақтастыққа бастайтын бұл қадам – болашақта кез-келген дағдарысқа төтеп беретін алып күш. Еліміздің қашанда «экономика қағидатын» берік ұстануы белсенді даму жолына түсіріп, бізді жедел дамушы мемлекеттердің бестігіне қосты. Ал, сауда айналымының ауқымын кеңейтсек, дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарымыз жолында адаспайтынымыз анық. Жер қойнауы қазынаға толы Қазақстан әзірге шикізат өндіру бойынша көш бастап тұрмағаны белгілі, алайда, экономикалық интеграция қайта өңделген және дайын тауарлардың экспортын көбейтуге және ірі инвестициялар тартуға жол ашпақ. Мұның көптеген маңызды нәтижелерін санамағанда, ең алдымен жұмыссыздықты жоюға септігі мол екендігінің өзі көңіл қуантады. Төрт жыл қатарынан Мойынқұм ауданының төңірегінде гранит қазып, оны өңдеумен айналысып келе жатқан «Казгранит» корпорациясының «Аль-басар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік үлесі біртіндеп өсіп келеді. Елімізді сапалы әрі сәнді гранит тасымен қамтамасыз етіп отырған зауыт Ресей мемлекетімен байланыс орнатып үлгерді. Ал, саудадағы түрлі тосқауылдарды түріп қоятын экономикалық интеграциядан біздің күтеріміз көп. Себебі, бұл зауыт өнімдерінің экспорт мөлшері мен ауқымын едәуір еселемек.
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді