Мәдениет саласын тың серпілістер күтіп тұр
Биылғы 6 шiлдеде Қазақстанның ұлттық музейi ашылады. Ол еліміздегі барлық мұражайлардың басын бiрiктiретiн орталыққа айналмақ. Бұл туралы ОКҚ брифингiнде ҚР Мәдениет министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлiмдедi.
«Ол дүниежүзiндегi ең iрi музейлердiң бiрi болмақшы. Оның ерекшелiгi көне дәуiрден бүгінге дейінгі Қазақстан тарихын қамтымақ. Онда археология, XV ғасырдағы Қазақстан, тәуелсiз Қазақстанның жетiстiгi, сақ пен ғұн дәуiрiндегi артефактiлер сынды 14 зал жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, музейде Астана қаласының тәуелсіздік жылдарындағы елiмiздiң спорт, ғылым, бiлiм, өнеркәсiп және тағы да басқа салалардағы жетістiктерi көрсетiледi, – дедi А. Мұхамедиұлы. Брифинг барысында 2017 жылы жаңа үлгiдегi қазақ мемлекетiн құрған Алашорда үкiметiнiң 100 жылдығына орай дайындық шаралары туралы сауалға байланысты министр Алаш қозғалысын, өзге де тарихи оқиғаларды болсын кеңiнен насихаттау қажеттігін айтты. «Бұл – бiздiң егемендiк алуымызға бiрден-бiр қозғаушы болған оқиға, оған арналып орталық музейден арнайы жеке бөлiм ашылмақ. Өз тарихын бiлмеген халықтың келешегi бұлыңғыр. Сондықтан Алаш қозғалысының 100 жылдығын атап өту – бiздiң мiндетiмiз», – деді ол.
Мәдениет саласындағы тағы бір жағымды жаңалық, 2016 жылы Қазақстанда Орталық Азиядағы ең ірі ұлттық хореографиялық академия ғимараты бой көтермекші. Оқу орнының ашылуы 2016 жылдың сәуіріне жоспарланып отыр. Осылайша, мамыр айында оқушыларды қабылдау басталып, қыркүйек айында оқу орны іске қосылуы тиіс.
Жиын барысында Мәдениет министрі Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының биыл жаңа ғимаратқа көшетіндігін алға тартты. Сонымен қатар, хореография академиясын, орталық музейдi салып бiткен соң, бiрiншi кезекте театр мәселесі тұр. «Астанамызда үлкен театр салынады. Ол – Елбасының назарында. Тiптi, осы мәселеге қатысты бiрнеше отырыс та болды», – дедi А. Мұхамедиұлы.
Назгүл Әбушәріпқызы,
«Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді