«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үдемелі индустриялық–инновациялық даму бағдарламасы: не бар, не жоқ?

Үдемелі индустриялық–инновациялық  даму бағдарламасы: не бар, не жоқ?
ашық дереккөз
Үдемелі индустриялық–инновациялық даму бағдарламасы: не бар, не жоқ?

Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің кезекті мәжілісі өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған «Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы» облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев хабарлама жасады.

Бағдарлама аясында облыста «индустрияландыру картасына» жалпы құны 597,2 миллиард теңгені құрайтын 41 инвестициялық жоба еніп, қосымша 8,2 мыңнан астам жаңа, тұрақты жұмыс орындары ашылатынын мәлім еткен баяндамашы бұл бағытта мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды атап көрсетті. Бағдарлама қабылданғалы бері 27 инвестициялық жоба іске қосылыпты. Оның жалпы сомасы 100,5 миллиард теңгені құрап, 4000-ға жуық тұрақты жұмыс орындары ашылған. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылатын 8 мың жұмыс орны өңірде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, сонымен қатар, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді. Бюджетке түсетін салық түсімдері артып, облыс тұрғындарының біліктілік деңгейі жоғарылайды.

– Бұдан басқа, енгізілген жобаларда Қазақстанда бұдан бұрын шығарылмаған өнімнің бірнеше түрін өндіру көзделген. Атап айтқанда, энергияны сақтайтын жарық диодтық шырақтары, парфюмерия өндірісіне арналған сафлор майы, бір рет пайдаланатын медициналық бұйымдары, натрий, гексаметафосфаты, полиметалдан жасалған құрылыс материалдары және тағы басқа да өнімдер бар. «Индустрияландыру картасының» өңдеу өнер-кәсібіндегі жалпы өңірлік өнімнің үлесі 2012 жылы 153,9 миллиард теңгені құраса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 179,4 миллиард теңгеге өсіп, 4 жоба жоспарлық қуатын игерген. 2014 жылдың қаңтар-сәуір айлары бойынша облыста аталған 27 жобаның 15-і жобалық қуатын игерді. Қалған 11 жобаның 7-еуі әртүрлі себептермен жоспарлы қуатына жетпеді. Мұндай жағдайдың қалыптасуына жоба әзірлеушілердің тарапынан жоспарлы қуатты игеру кестесінде жұмыстың маусымдық болатындығын, профилактикалық жұмыстарына байланысты өндіріс тоқтатылатындығын және шикізатты ескермегендігі себеп болып отыр, – деді Ғ. Есқалиев. Одан әрі ол әртүрлі себептермен жоспарлы қуатында істей алмай отырған 7 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің атын атады. Мәселен, Қордай ауданындағы «Үміт-Қордай» ЖШС сүттің аздығынан бар болғаны жоспарлы қуатының 30-ақ пайызын қамтуда. Сонымен қатар, облыс орталығындағы 5 жобаның жоспарлық қуатына шығуында күрделі мәселелер туындаған. «Тараз металлургия зауыты» ЖШС былтырғы сәуір айынан бастап жұмысын тоқтатқан. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса керек. Облыс әкімдігімен келісілген іс-шара жоспарына сәйкес кәсіпорынды іске қосу алдағы шілде айында көзделуде. Осы жобалар Тараз қаласы әкімдігі тарапынан тиісті деңгейде бақылауда болмай және дер кезінде шара қолданбағандықтан жоспарлық қуатына шықпаған. Облыс әкімінің орынбасары Тараз қаласы әкімінің салаға жауапты орынбасарына тәртіптік шара қолдануды сұрады. Ал, «АСІG» акционерлік қоғамының цемент зауытының құрылысы кәсіпорын акционерлері қаражатының жетпеуінен бір жылдан бері жұмыс істемеген. Қазір жаңа инвестор 8 миллион АҚШ долларынан астам қаржы салыпты. Қытайдан 53 маман келіп, монтаждау жұмысын бастапты. Тағы да 30 маманның осы айдың соңында келуі күтілуде. Облыстық әкімдіктің ықпал етуімен шикізат беріліп, инфрақұрылым тартылған. Ғ. Есқалиев «индустрияландыру картасы» аясында биыл жалпы сомасы 25,4 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, 1147 тұрақты жұмыс орны ашылатынына назар аудара келе, екі жоба жалпыұлттық телекөпір арқылы Елбасына таныстырылатынын жеткізді. Қалған 5 жобаны жүзеге асыру – екінші жартыжылдықтың үлесінде екен. Облыс әкімі жобалардың жүзеге асырылуы Елбасының сарабдал саясатының арқасында мүмкін болғанын атап көрсетті. Сондай-ақ, «осы отырған азаматтардың барлығының үлесі бар» деп, ризашылығын білдірді. Дегенмен, Кәрім Нәсбекұлын 12 жобаның қашан 100 пайыз қуатында жұмыс істейтіні алаңдатты. «Тараз қаласындағы «ПОШ-Тараз» ЖШС-на «Тараз-ӘКК» арқылы 465 миллион теңге қаржы бердік. Оны Елбасына көрсеттік, бұл қашан жұмыс істейді? Қаржысын қашан қайтарады? Жуалы ауданында неге бірде-бір жоба жоқ?» Облыс әкімін мазалаған осындай сұрақтар негізінен жауапсыз қалды. Одан әрі облыс әкімі Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеевтің назарын мынадай мәселелерге аударды. Ауданға жасаған сапарын еске алып, «жұмыс істеймін деген азаматтар да, құлшыныс та бар, соларды неге жұмысқа тартпасқа? Жуалыда өндіріс болмағанымен, ауылшаруашылық саласы кеңінен дамыған, ел мал ұстап, бау-бақша өсіріп, егін егіп, жермен айналысқысы келеді. Тұрғындардың жұмыс істеулеріне жағдай жасап, жұмылдыру керек. Сол сияқты Меркі ауданының да табиғаты жақсы, жері шұрайлы» деп аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың назарын да осындай мәселелерге аударды. Меркіде өндіріс орындары аз шоғырланбаса да көрсеткіші төмен екенін атап өтті. Егер жұмыс осылай кете беретін болса жауаптыларға тиісті шара қолданылатынын жеткізді. Облыс әкімі аппаратының басшысы Рахметілдә Рахманбердиев «Қазақстан Республикасы Президентінің, Президент әкімшілігінің, ҚР Үкіметінің және жоғары мемлекеттік органдар мен облыс әкімінің, облыс әкімдігінің актілері мен тапсырмаларының орындалуы туралы» хабарлама жасады. Мемлекеттік қызмет жүйесін кәсібилендіру, оны модернизациялау – қазіргі мемлекеттік қызметтегі талаптардың басым бағыттары екенін атап көрсеткен ол ҚР Президентінің 14 Жарлығы, Елбасының қатысуымен өткен 6 хаттамадағы 81 тапсырма, Мемлекеттік хатшының 3 өкімі, Үкіметтің 79 қаулысы мен облыс әкімдігінің 16 қаулысының бақылауға алынғанын еске салды. Сонымен қатар, есепті жылы облыс әкімдігі мәжілістерінде, аппараттық кеңестерде 72 хаттама дайындалып, орындаушыларға берілген 640 хаттамалық тапсырма бақылауға алыныпты. Одан бөлек, облыс әкімінің 4 шешімі, 521 өкімі және облыс әкімдігінің 435 қаулысы рәсімделген. Алайда, мемлекеттік органдар тарапынан тапсырмалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуы кейбір жағдайларда ескерілмей қалады екен. – Мысалы, талдау көрсеткендей, облыс әкімдігінің 3 қаулысы мен 1 хаттамалық тапсырмасы толық орындалмаса, 1 қаулы мерзімінен кешіктіріліп орындалған. Атап айтқанда, облыс әкімдігінің 2013 жылғы 4 наурыздағы «Облыстағы ветеринарияның жай-күйі туралы» №39 қаулысы 3-тармағының 6) тармақшасына сәйкес, өткен жылы жоспарланған «беккери шұңқырларының» құрылыстары Байзақ, Жуалы, Қордай, Т. Рысқұлов, Сарысу, Талас аудандары мен Тараз қаласында бүгінгі күнге дейін басталмаған. Сол сияқты, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында әр тоқсан сайын Тараз қаласынан кем дегенде 20 жобадан, аудандардан 5 жобадан ұсыну туралы тапсырмасы да орындалып жатқан жоқ. Айталық, биыл жыл басынан бері Тараз қаласы 24 жоба, Шу мен Байзақ аудандары 2 жобадан, Жамбыл, Қордай, Талас аудандары 1 жобадан ғана ұсынса, қалған аудандар бірде-бір жоба ұсынбаған, – деді облыс әкімі аппаратының басшысы. Мемлекет тарапынан бөлінетін қыруар қаржыны ел игілігі үшін жұмсауға тиіс қала, аудан әкімдері өрт қаупі кезеңіне әзірлікті де ұмыт қалдырған. Байзақ, Жамбыл, Меркі, Т. Рысқұлов аудандарының әкімдеріне шалғай орналасқан 5 мыңнан астам адам тұратын елді мекендерде өрт деполарын ұйымдастыру тапсырылыпты. Алайда, күн ысыса да өзекті мәселе әлі күнге шешімін таппаған. Облыстағы 7 жекеменшік су қоймасы мен бөгеттерін коммуналдық меншікке алу мәселесі де шешілмеген. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы өткен жылдың мамыр айында жіберілген аппараттық кеңес хаттамасын сонда көзге ілмегені ме, қалай? Бұл – былтырғы жағдай. Биылғы 4 айда да осы мәселеде атқарылып жатқан жұмыс мардымсыз сияқты. Мәселен, облыс әкімінің шағын сүт фермаларын, жанұялық мал бордақылау алаңдарын салу жөніндегі тапсырмасы баяу орындалуда. Бірер күннен кейін жаздың алғашқы айы, одан кейін шіліңгір шілдеде күн күйіп тұрғанда жұмыс қалай өнсін? Тамызда жиын-терін басталады. Сондықтан аудан әкімдері мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы бұл маңызды мәселені шұғыл қолға алмаса, ертең кеш болады. Одан кейін Мойынқұм ауданының әкімі Болат Мәдікенов мәжілістің күн тәртібіне шығарылған мәселелер бойынша сөз алып, өздерінде атқарылып жатқан тірлікті баян етті. Облыс әкімі өз өңірімізде көмір бола тұра, қатты отынды сырттан тасымалдайтынымызға ренішін білдірді. Бір кезде ауданды басқарғанда сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовпен келісіп, 89 миллион теңгеге білім беру мекемелерін Мойынқұмның көмірімен қамтамасыз еткенін еске алған Кәрім Нәсбекұлы, екібастұздық және өзіміздің көмірді 50 пайыздық үлеспен пайдалану керек екенін аудан әкімі Б. Мәдікенов пен өз орынбасары Ғ. Есқалиевке нықтап тапсырды. Малайзия мемлекеті облысқа ауылшаруашылығы саласына 350 миллион доллар бөлгенін атап көрсетіп, бұл қаржыға мүйізді ірі қара мал сатып алынатынын жеткізді. Облыстың өзі өңірді ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігі бар екенін, Тараз қаласы және аудандық мәслихаттың хатшылары да өздерінің аймақтарындағы жұмысқа жауапты екендерін ескертті. Кәрім Нәсбекұлы мәжілісті қорытындылай келе, орынбасарларына, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына күн тәртібіне шығарылған мәселелер бойынша нақты міндеттер жүктеп, кемшілікке жол берген лауазымды тұлғалардан түсінік алынып, тәртіптік жазаға тартылатынын ескертті. Облыс әкімдігі мәжілісінің күн тәртібіне шығарылған барлық мәселе қаралып, тиісті қаулы қабылданды.

Амангелді ӘБІЛ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар