Орталық Азия елдерінің экономикасы трансшекаралық су ресурстарын пайдаланумен тығыз байланысты. Өңір өзендері мен су қоймаларының қорғалуы толық дерлік реттелген және трансшекаралық өзендер бассейндері басқаруға болатындай су шаруашылығы жүйесіне айналған. Дегенмен, ағын су бағытын реттеп отыратын гидротехникалық құрылғылар 30-40 жыл бұрын салынған, тозығы жеткен. Оның үстіне бөгеттер мен гидротехникалық құрылғылардың техникалық ахуалына бақылау әлсіз. Олардың қалпына келтірілуі баяу. Сондықтан бөгеттер орынды алаңдаушылық пен қауіп төндіріп отыр. Басты себеп қалпына келтіру мен жөндеу жұмыстарының жеткілікті мөлшерде қаржыландырылмауынан, бұл саладағы мамандар құзыретінің төмендігінен. Бұған дәлел – соңғы жылдары Алматы облысының Қызылағаш, Қарағандының Көкпекті ауылдарында болған су тасқынынан орын алған қайғылы оқиғалар. Сонымен қатар Орта Азия елдерінде саладағы қызметкерлердің кадр құрамын күшейту, олардың тұрақтылығына әлеуметтік қолдау көрсету, мүдделі мемлекеттік қызметшілер мен су шаруашылығы ұйымдары қызметкерлерінің біліктіліктерін жетілдіруге көңіл бөлінуі кемшін. Аймақтық «Орта Азиядағы бөгеттер қауіпсіздігі, қызметкерлер құрамын жасақтау және аймақтағы әріптестік» жобасы аясында БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы (ЕЭК) мен Халықаралық Аралды құтқару қоры атқару комитеті «Гидротехникалық құрылғылар қауіпсіздігін» қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін дайындау және жасау» әдістемелік құралын дайындап, жарыққа шығарған. Бұл жұмыс 2011-2015 жылдар аралығында Арал теңізі бассейні Бағдарламасын жүзеге асыруға қосылған үлкен үлес деп бағалауға лайық. Басылымды дайындау мен жарыққа шығаруды Қазақстандағы Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы дирекциясы жүзеге асырған. Ал, БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы 2014 жылдың 9-10 маусымында Алматы қаласында өтетін «Орта Азия мемлекеттері арасындағы қоршаған орта мен су ресурстарын қорғау жөніндегі ақпараттарға басшылық саласындағы аймақтық әріптестікті одан әрі дамыту» аймақтық семинары аясында осы еңбектің тұсауын кескелі отыр. Тұсаукесер рәсіміне Қазақстан мен Орта Азия республикаларының гидротехникалық құрылғыларды пайдалану мен олардың қауіпсіздігіне жауапты әрі мүдделі мемлекеттік ұйымдардың, бөгеттер қауіпсіздігін мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету мәселелеріне және осы саладағы халықаралық әріптестікке қатысы бар ұйымдардың өкілдері қатысатын болады. Тұсаукесер рәсімі Халықаралық Аралды құтқару қоры атқару комитетінің ұйымдастырушылық қолдауымен өткізілмек. Бұл әдістемелік құралда гидротехникалық құрылғылар қауіпсіздігі ықпал ететін факторлар талдауы, сондай-ақ, нысанды жобалау, салу және пайдалану кезіндегі беріктігі мен қауіпсіздігі проблемасын шешуге қатысты мәселелер де қамтылған. Еңбек маман-гидротехниктер үшін тәжірибеде және апаттың алдын алуда көмекші құрал ретінде аса қажет және пайдасы көп.
Ерғали Аманжолов, ҚР Халықаралық Аралды құтқару қоры атқару дирекциясының өкілі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді