«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көгадырды төрт түлікке толтырған

Көгадырды төрт түлікке толтырған
Ашық дереккөз
Көгадыр ауылындағы «Еламан» шаруа қожалығының төрағасы Данияр Керімқұлов егін шаруашылығын дамытумен қатар, төрт түлікті түлетуге мән беріп отыр.

– Шаруа қожалық әкем Миятхан Қожахметовтың жетекшілігімен 2003 жылы құрылған. Қазіргі таңда, иелігімізде 550 гектар жер бар. Оның ішінде 460 гектар алқапты жайылымдық құрайды. Ал 90 гектарға бидай, арпа дақылдарын орналастырдық, – дейді ол.

«Еламан» шаруа қожалығының негізін қалаушы Миятхан Қожахметов 1942 жылы Көгадыр ауылында дүниеге келген. Өзінің туған жеріне деген терең сүйіспеншілікпен, ол ерте жастан-ақ ауыл шаруашылығының қадір-қасиетін түсініп, еңбекке бел буып кірісті. Ол еңбек жолын «Көгадыр» кеңшарында қойма меңгерушісі болып бастаған.

Бұл кезеңде ол жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарап, қойманың тәртібін сақтап, өнімдердің жоғалмауын қамтамасыз етуді басты міндеті етіп алды. Кейінірек, «Жігер» өндірістік кооперативінде бригадир қызметіне көтерілді. Өзінің ерен еңбегімен көпке үлгі бола білген Миятхан Қожахметов сан жылдар бойы мал бағып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор үлес қосты. Жас та болса әке жолын қуып, егінмен қатар мал шаруашылығымен айналысып отырған ұлы Данияр Керімқұловтың шаруашылығында бүгінде етті бағыттағы 65 бас асыл тұқымды «Ақбас» сиыры және 12 бас жылқысы бар. 2018 жылдан бастап қожалық тізгінін өз қолына алған Данияр шаруашылық жұмысын жандандыра түсті.

«Таңмен өріп, кешкі салқынға жайылған мал жылдам қоңданады. Сиырдан ет пен сүтті жақсы өтуі үшін жақсы күтім қажет. Жылқы түздің малы болғандықтан үнемі қадағалап отырмасаң болмайды», – дейді ол.

Халқымызда «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген мағыналы сөз бар. Жаратқаннан ізін жалғастырар перзент сұраған ата-ананың барша үмітін аясына сыйдырған сөз құдіретіне қалайша тәнтілік танытпассың?!

 

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

журналист.

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар