Тілшілеріміз Риоға табан тіреген былғары қолғап шеберлерімен тілдесті

Тілшілеріміз Риоға табан тіреген былғары қолғап шеберлерімен тілдесті
ашық дереккөз
Тілшілеріміз Риоға табан тіреген былғары қолғап шеберлерімен тілдесті
Төрткүл дүние тағатсыздана тосқан жазғы Олимпиада ойындарының басталуына небәрі екі күн қалды. Қазір алты құрлықтың алыптары Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласына ағылуда. 206 елдің ұл-қыздары арасында қазақ елінің үздіктері де бар. Біздің атлеттерге олимпиадалық қалашықтың бел ортасынан орын тиді. Қазақстандық делегацияның қасына футболдан Еуропаның жаңа чемпиондары Португалия мен вице-чемпиондар Франция орналасыпты. Олимпиадалық ойындардың отаны Грекия да қазақ елімен көрші тұр. Шығыста іргелес жататын Қытай да қоңсы қонды. Өзбекстан мен Қырғызстан және Моңғолия спортшылары да бір үйге жиналған. «Хабар» агенттігінің түсіру тобы қазақы қасиетпен спортшыларға сәлем беріп, жағдай сұрасып қайтты. Біздің арнамыздың тілшілері делегация басшысы, спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовпен жолығып, құрама командадағы соңғы жаңалықтармен танысты. «Шеф де миссионның» айтуынша, қазақстандық делегацияда 170 адам бар, оның 104-і – спортшылар. Бүгінге дейін 50 атлет олимпиадалық қалашыққа жайғасып үлгерген. Қалғаны кестеге сай енді келеді. Алғашқылардың бірі болып Риоға боксшылар табан тіреген болатын. Біздің тілшілер былғары қолғап шеберлерімен тілдесіп те үлгерді. Әділбек Ниязымбетов, Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері: - Бірер күннен кейін көптен күткен Олимпиадамыз да басталады. Жатқан жерлеріміз жақсы. Бәрі тамаша деп ойлаймын. Ауа райы да жақсы. Мына жақта еуропалық тағамдар көп, сондықтан өзіміздің тамақтарымызды алып келдік. Енді тек дайындалу ғана қалды. Берік Әбдірахманов, әлем чемпионатының қола жүлдегері: - Бізді жақсы қарсы алды. Әуежайда күтіп алар кезде ешқандай кедергі де, кемшілік те болған жоқ. Барлығы жақсы болды. Тез қарсы алып, тез орналастырды. Жататын жерлері де жақсы. Ақпарат көзі: www.24.kz 

Ұқсас жаңалықтар