Экономикалық интеграция ұлттық мемлекеттілікті нығайтады
- author «Ақ жол»
- 28 мамыр, 2014
- 246
Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан басшысының Еуразиялық одақ құру туралы идея көтергені белгілі. Осы бағытты ұстана отырып біз экономикалық интеграцияны тереңдету жолымен тоқтаусыз алға басудамыз.
Бүгін Елбасының стратегиялық болжамы іс жүзінде өмірге ене бастады деп батыл айтуға болады. Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікті табысты құра отырып, біз енді Еуразиялық экономикалық одақ құрудың табалдырығында тұрмыз.
29 мамырда үш мемлекет басшыларының Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартқа қол қоюы жоспарланып отыр.
Бұл оқиғаға дайындық жұмыстары әлдеқашан-ақ басталған болатын. Сонау 2011 жылдың қарашасында Қазақстан, Белоруссия және Ресей президенттері 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін Кеден одағының және Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік туралы халықаралық келісімшарттардың кодификациясын аяқтау және соның негізінде Еуразиялық экономикалық одақ құру міндетін белгілеген еді.
Содан бері жан-жақты қамтылған Шарт жобасын дайындау, жетілдіру және келісу бойынша өте ауқымды жұмыстар жүргізілді. Құжат қазіргі уақытта қол қоюға дайын.
Құрылғалы отырған Еуразиялық экономикалық одақ туралы төмендегі жәйттерді атап көрсеткім келеді. Бүгінде қоғамда Ресеймен және Белоруссиямен интеграциялануға байланысты мемлекеттік егемендікті сақтау жөнінен сауалдар орын алды. Сол сияқты әлдебір КСРО-ны қайта қалпына келтіру туралы да пікірлер айтылуда. Осыған орай, мынадай жәйттерді түсіне білген абзал.
Бірінші, Еуразиялық экономикалық одақ саяси бірлестік болып табылмайды. Шарт тек экономикалық ықпалдастық мәселелерін ғана қамтиды. Келіссөздер барысында біз одақты саясиландыруға және оның мәселелері шеңберінде ұлттық өкілеттіліктер мен мемлекеттік егемендікті қозғайтын мәселелерді талқылауға жол бермеу туралы ұстанымды қорғап қалдық. Біздің әріптестеріміздің ұсыныстарына қарамастан, біз денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет, азаматтық, құқықтық көмек, шекараларды қорғау, ортақ парламент, жалпы көші-қон, қорғаныс, қауіпсіздік сияқты Тараптардың экономикалық емес салалардағы қызметтестік туралы нормаларын қарастырған жоқпыз. Олар шарт жобасында жоқ.
Екінші, Еуразиялық экономикалық одақты құру КСРО-ға қайта оралу емес.
Тараптардың теңдік, тең құқылық және ұлттық мүдделерін ескеру қағидаттары барынша қамтамасыз етілген.
Шарт жобасында барлық деңгейлерде стратегиялық маңызды шешімдер қабылдаған кездегі консенсус тетігі айқын көрсетілген, ол басқа да шаралармен бірге қандай да бір мемлекеттің үстемдік құру мүмкіндігіне жол бермейді.
Мәселен, іс жүзінде ұлтүстілік орган болып табылатын Комиссия Алқасында шешімдерді консенсуспен және білікті көпшілікпен қабылдау тетігі ескерілген. Неғұрлым сезімтал мәселелер бойынша шешімдер консенсуспен қабылданады да, қалғандары бойынша үштен екі дауыспен білікті көпшілік тәсілімен қабылданады.
Оның сыртында алқа қабылдаған кез келген мәселеге шешімдер тек консенсуспен ғана қабылданатын Комиссия Алқасының тосқауыл қою мүмкіндігі бар. Тіпті, Комиссияның бұл шешімдерінің өзі, олар жекелеген мемлекеттің мүдделеріне сәйкеспеген жағдайда, мемлекет басшылары деңгейіндегі Үкіметаралық және Жоғары кеңестерде қайта қаралуы ықтимал.
Және ең соңғы инстанция, кез келген даулы мәселе құрылатын Одақ Сотында қаралатын болады.
Осылайша шешімдер қабылдау кезінде барлық қатысушы мемлекеттердің мүдделерін міндетті түрде ескеру қағидаты қамтамасыз етіледі.
Үшінші, Шартқа сәйкес, біздің үшінші бір мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен келісімшарт жасасуымызға ештеңенің де тыйым салмайтынын атап көрсетудің де маңызы зор.
Қазақстан жүргізіп отырған аса маңызды көпвекторлы сыртқы саясат қағидаты сақталады және оны болашақта дербес жүргізу немесе өзгерту мүмкіндіктері талассыз күйде қалады.
Төртінші, Қазақстан Одақ органдарында тиісті деңгейде көрініс таппақ.
Одақта екі тұрақты жұмыс істейтін орган – Еуразиялық экономикалық комиссия мен Сот болады, оларда да тараптар теңдігі қамтамасыз етілмек.
Комиссия екі деңгейден – Кеңес пен Алқадан тұрады. Кеңесте премьер-министрлердің үш орынбасарлары болады. Алқаға «үштік» мемлекеттердің әрқайсысынан үш өкілден енеді.
Одақ Сотында да солай, оған мемлекеттердің әрқайсысынан үш судьядан тағайындалады.
Егер Комиссияның, сондай-ақ Одақ Сотының құрылымдық бөлімшелеріне келер болсақ, біздің ұсынысымыз бойынша, Шартта олардың бірдей өкілеттілік қағидатын сақтауды ескере отырып, директор және директордың орынбасарлары лауазымдарын Тараптар өкілдері иеленетін болады. Қалған қызметкерлер Тараптардың осы органдарды қаржыландыруға үлестік қатысуына тепе-тең жағдайда тағайындалмақшы.
Біздің еліміздің экономикасы үшін үлкен мүмкіндіктер ашатын тең құқылы экономикалық әріптестіктің қағидатты жаңа деңгейіне шығып отырғанымызды атап көрсеткім келеді.
Еуразиялық экономикалық интеграция үдерісінің қазірдің өзінде Қазақстан экономикасында оң сипатты алға басулар туындатқанын сеніммен айтуға болады.
Осылайша, Кеден одағы құрылған сәттен бері Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне құйылған тікелей шетел инвестицияларының көлемі екі есе дерлік өсіп, 2009 жылғы 1,8 миллиард доллардан 2012 жылы 3,4 миллиард долларға жетті. Бұл ретте тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 28 миллиард долларды құрап, 34 пайызға өсті. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының айтарлықтай артып отырғандығын көрсетеді.
Егер саудаға келер болсақ, 2013 жылы Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен арадағы тауар айналымы 24 миллиард доллардан асып түсті.
Бүтіндей алғанда, Кеден одағы жұмыс істеген бүкіл кезеңде, 2009 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Кеден одағы бойынша әріптес елдермен арадағы тауар айналымы 88,3 пайызға ұлғайды.
2010 жылдан 2013 жылға дейінгі кезеңде тауар айналымы өсуінің орташа жылдық қарқыны 18,4 пайызды құрады.
Осы орайда біз сауда бәсекесінде ұтылысқа шығып жатырмыз деген сияқты мәлімдеулерге сенудің қажеті жоқ. Бізде кондитер бұйымдары мен шоколад экспорты 3 есеге ұлғайса, трансформаторлар экспортының көлемі 11 есеге артты. Ал Ресей мен Беларусьқа біздің шағын тонналық жүк көліктерін жеткізіп беру көлемі 17 есеге ұлғайып отыр. Сол сияқты цемент экспорты да 16 есеге өскен. Бұл тек аз ғана мысалдар.
Бүтіндей алғанда, Кеден одағы құрылғаннан бергі кезеңде әріптес елдерге экспорт көлемі 62,7 пайызға ұлғайды. Кеден одағы елдеріне шығарылған экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген тауарлар үлесі 44 пайыздан 54 пайызға дейін өсіп шықты. Бұл өте тамаша тенденция және біз оны болашақта да сақтай бермек ниеттеміз.
Өндірістік көлік құралдарын, қара металдан жасалған дайын бұйымдарды, пластмассаны, резинаны, қағазды, тұрмыстық техниканы өндіруде де оң тенденциялар байқала түсуде.
Ресей мен Белоруссия кәсіпорындарының қысымына және олардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттеріне отандық өндірісшілер қарсы тұра алмай, рыноктан ысырылып қалады деген қорқыныш та жоқ емес.
Дегенмен, Еуразиялық экономикалық одақтың шарттық-құқықтық базасының экономикалық қызмет үшін бірдей бәсекеге қабілетті жағдайларды қамтамасыз ететінін атап көрсеткім келеді. Бұл қазақстандық кәсіпкерлердің мүдделеріне заңсыз қысым жасау мүмкіндіктері жоққа шығарылады дегенді білдіреді.
Баршаға белгілі, ішкі индустриялық бағдарламаны жүзеге асыруды қамтамасыз ету Қазақстан үшін басымдыққа ие. Осыған байланысты Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберіндегі бұрынғы бар уағдаластықтарды қайта қарадық және Комиссиямен алдын-ала келіспей-ақ ерекше өнеркәсіптік субсидиялар (жекелеген кәсіпорындарға немесе кәсіпорындар тобына қолдау көрсету) қолдану құқына қол жеткіздік.
Сонымен бірге, біз экономикалық одақ шеңберінде өнеркәсіптік кооперацияларды да дамыта беретін боламыз. Бұл Қазақстанның ірі бірлескен өндірістер құруына және өндірістік-кооперациялық тізбекті дамытуына жағдай жасайды. Болашақта ол біздің ірі кәсіпорындарымызға халықаралық рыноктарда әлемдік өндірісшілермен бәсекеге түсуге мүмкіндіктер береді.
Сондай-ақ, Қазақстанның 2016 жылға қарай халықаралық қағидаттарға негізделген ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету есебінің жаңа әдістемесін әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізгенін де атап өтпекпін.
Қазақстан негізгі өткізу рыноктарынан шалғай жатқан және теңіз порттарына тікелей шыға алмайтын ел болып табылады. Осыған орай қазақстандық экспорттаушылардың әріптес елдердің көлік инфрақұрылымдарына қолжетімділігіне жол ашу біз үшін өте маңызды. Мұндай мүмкіндік көліктік шығындарды қысқартуға, соған сәйкес қазақстандық өнімдердің үшінші елдер рыноктарындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасайды.
Автомобильмен жүк тасушыларға мүше-мемлекеттердің әрқайсысының ішкі рыноктарына қолжетімділік туғызу сатылап жүзеге асырылатын болады. Бұл мәселе 2015 жылдың 1 шілдесіне дейін әзірленіп, дайын болатын Тасымалдарды бейтараптандыру бағдарламасында көрініс таппақ. Осы бағдарлама шеңберінде бейтараптандыру жұмыстары 2016 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта жүзеге асырылатын болады. Қазақстан 2025 жылы қолжетімділікке ие болмақ.
Сондай-ақ, біз мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ рыногын қалыптастыру 2025 жылға дейін сатылап жүзеге асырылатын болады деген ұйғарымға келдік. Оның нәтижесінде өзара саудада экспорттық кедендік баж салықтары мен шектеулер қолданылмайтын болады. Оның сыртында газ тасымалдау инфрақұрылымдарына жол ашылмақ.
Бүтіндей алғанда, мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ рыногын сатылап құру және газ тасымалдау инфрақұрылымдарына қолжетімділік туғызу тұжырымдамаларды, бағдарламаларды және тиісті келісімдерді бірізділікпен талдап, әзірлеу негізінде жүзеге асырылатын болады.
Ортақ электр энергиясы рыногын Белоруссия, Қазақстан және Ресей электр энергияларының ұлттық рыноктарын интеграциялау жолымен 2019 жылға қарай құру жоспарланып отыр. Ортақ электр энергиясы рыногын сатылап құру шеңберінде ортақ электр энергиясын құру тұжырымдамасы мен бағдарламасы әзірленіп, оларды мемлекет басшылары деңгейінде Жоғары экономикалық кеңес бекітетін болады. Тұжырымдамалар мен бағдарламалар бекітілгеннен кейін мүше-мемлекеттер ортақ электр энергиясы рыногын құру туралы (2019 жылдың 1 шілдесіне дейін) халықаралық келісімшартқа қол қояды.
Біз дәрілік құралдардың ортақ рыногы 2016 жылдан бастап жұмыс істейді деп ойластырып отырмыз. Бұл орайда қазақстандық тарап бұл рынокты тиісті фармацевтикалық тәжірибелер негізінде құру қажеттігін қорғап қалды. Тиісті келісімдерге 2015 жылдың 1 қаңтарынан кешіктірілмей қол қойылуы тиіс.
Қазақстандық бизнес үшін жұмыстың тағы бір мейлінше жаңа бағыты – ол отандық рыноктан 26 есе асып түсетін Ресей мен Беларусьтің мемлекеттік сатып алулар рыногы екенін де естен шығаруға болмайды. Бұл ретте әңгіме жыл сайынғы 198 миллиард доллар туралы болып отыр. Бұл отандық тауар өндірушілерді дамыту үшін көзге ұрып тұрған әлеует.
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қызмет көрсетулер рыногын да сатылап құру қарастырылған.
Бейтараптандыруды мемлекет басшылары деңгейіндегі шешімдерге сәйкес «Жол картасы» негізінде жүзеге асыру ұсынылып отыр. Сондай-ақ, осы келісімшартта бейтараптандыруға жатпайтын қызмет көрсетулер секторы тізімін тікелей қамту жөнінде де өзара келісімге келгенімізді айта кетпекпін.
Осылайша Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстан экономикасы үшін өте үлкен экономикалық мүдделер ұсынады.
Біз елдің одан әрі дами түсуі үшін өткізу рыноктарын кеңейте түсу қажеттігін түсінуіміз керек. Еуразиялық экономикалық одақ – бұл өте тамаша әрі мінсіз нұсқа.
Шарт жобасымен жұмыс істеген барлық уақыттар бойында біз 800 мыңнан астам кәсіпкерлерді біріктіретін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тұрғысындағы бизнес қауымдастықпен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істедік және барлық ережелерді бірлесе отырып қарадық.
Еуразиялық интеграцияның Мемлекет басшысы белгілеген Қазақстанды 30 әлемдік көшбасшылар қатарына шығару жөніндегі стратегиялық міндетті жүзеге асыруға көмектесетінін атап көрсеткім келеді.
Ойымды түйіндей келіп, Мемлекет басшысының экономикалық интеграция ұлттық мемлекеттілікті нығайтуға, экономиканы дамыту арқылы Қазақстанды бұрынғыдан да гөрі тұрақты етуге жағдай жасайды деген сөзін еске сала кетпекпін.
Бақытжан САҒЫНТАЕВ,
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.
(«Егемен Қазақстан», 28.05.14 ж.)
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді