Қаладағы кітап дүкендерін басқа тілдегі әдебиеттер басып кетті – Несіпбек Айтұлы
- author «Ақ жол»
- 2 тамыз, 2016
- 292
«Мемлекеттік тілдің мәртебесі жоғарыламай, қазақ әдебиетінің көсегесі көгермейді». Кітап дүкендеріндегі қазақ тілді шығармалардың мардымсыз сатылымы мен арзымайтын қалам-ақыны алға тартқан ақын-жазушылар осылай деп қынжылды. Өйткені көркем туындылары аз таралыммен шығарылып, сауда сөрелерінің оннан бір бөлігінен ғана орын тиеді.
«Көшпенділер» трилогиясы, «Абай жолы» романы және Абайдың қара сөздері. Ұлттың ұлы мұрасына айналған бұл шығармаларға сұраныс азайған емес. Яғни, өткен ғасырда жарық көріп, оқырман қауым тарапынан жоғары бағаланған әдеби туындыларды өскелең ұрпақ та зор құлшыныспен оқиды. Бірақ дүкендерге олардың саудасынан гөрі шетелдік шығармалар көп пайда әкеледі. Бір ғана мысал. Елдегі ең ірі дүкендер желісінде сатылатын 80 мыңнан астам кітаптың оннан бір бөлігі ғана – қазақ тіліндегі туындылар.
«Қалалық жерлердегі кітап дүкендерін көбіне басқа тілдегі әдебиеттер басып кетті. Қазақстанда кітап шықпай жатқан жоқ. Менің мына кітабым шықпай қалды деген жазушы жоқ шығар. Бірақ кітаптардың тиражы аз. 2000 данамен шығады. Оның барлығы кітапханаларға кетеді», - дейді Қазақстан жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Несіпбек Айтұлы.
Кітап дүкендерінде классикалық қазақ әдебиеті көп сатылса, публицистикалық туындылар керісінше жоқтың қасы. Бар болғанымен, басым бөлігі шет тілінде жарық көрген. Балаларға арналған танымдық және фантастикалық жанрда жазылған шығармалар да саусақпен санарлық. Демек қазір заманғы әдебиетті ана тілінде оқимын деушілерге таңдау жоқ.
«Орыс тіліндегі оқырмандардың қолында таңдау көп қой. Көптеген қазіргі заманғы әдебиеттің бәрі орыс тілінде шығады. Оны салыстыру қиын. Әрине орыс тіліндегі сатылымдар жоғары. Қазақ тіліндегі кітаптарға сұрау көп. Сондықтан бірте-бірте санын өсіреді деген сенімдемі», - дейді кітап дүкенінің бас мерчендайзері Олжас Әйкенов.
Ақын-жазушылардың айтуынша, қазақ тіліндегі кітаптарды сауда сөрелерінде көбейту үшін, ең алдымен, оқырман қауымның қатарын арттыру керек. Ал қазіргідей көпшіліктің бар назары ғаламторға ауған шақта, бұл оңай шаруа емес. Десе де, мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша әдеби орта ұсынған 500 000 кітапты басып шығарады. Дәл осындай қағидамен былтыр 380 түрлі туынды жарық көрсе, биыл 230-на қазынадан 1 миллиард теңге бөлінді.
«Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың 79 пайызы қазақ тілінде басылады. Біз енді 18-ші жылдан бастап, нақтылай заңды түрде қаламақыны заңдастырамыз. Бір баспа табаққа 32-50 мың теңгеге дейін төленетін болады деп», -деп мәлім етті ҚР МСМ Әкімшілік департаментінің директоры Еренай Дәржібаев.
«Біздің жеткіншектердің көп тіл білуіне қарсы емеспін. Бірақ, ең алдымен, мемлекеттік тілді, қазақ тілді орнықтырып алмай, әдебиетті көгертеміз, кітап саудасын жүргіземіз деу таяздықты білдіреді. Елбасы айтты ғой, қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін. Біз алдымен мемлкеттік тілді қалыптастыру үшін Қазақстанда тұратын халықтарды мәжбүрлеу міндет емес. Бірақ қазақты мәжбүрлеуге болады», - дейді Қазақстан жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Несіпбек Айтұлы.
Жалпы елімізде қазіргі заман әдебиетін жазушы талантты тұлғалар жетерлік. Басым бөлігі көркем шығармаларын бар болғаны 2 мың тиражбен жарыққа шығарып, аймақтық кітапханаларға таратады. Іздеген оқырман тек сонда барып, рухани әлеуетін арттырады. Ал ауылдық жерлерде кітап дүкендері мүлдем жоқ.
Ақпарат көзі: BNews.kz
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді