«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өркениетті ұлт өнерімен бағаланады

Өркениетті ұлт өнерімен бағаланады
Автор
Қай кезеңде, қай елде болсын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеті өрге өрлеген елдің еңсесі биік болатыны анық. Мұндайда дана халқымыз: «Өнер – ұлттың жаны» деп рухани құндылықтың қоғам өзегі екендігіне баса мән береді. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі саналатынын ұдайы айтып келеді. Осы бағытта облысымызда мәдениет саласына жасалып жатқан қамқорлық пен қолдау ұлттық өркениетті дамытуға ден қойылғандығын танытып отыр

Облыстық халық шығармашылығы орталығы кешенді мәдени-рухани іс-шаралар өткізіп, өңір халқының рухани сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыстар атқаруда. Бұл бағытта өткен жылы орталық жоспарға сай және жоспардан тыс жиырма сегіз мәдени іс-шара өткізді. Оның ішінде он алтысы мәдени-көпшілік іс-шара болса, екеуі семинар, екеуі поэзиялық кеш, бір республикалық айтыс және жеті фестиваль мен конкурс бар. Бұл бастамалардың әрқайсысы өңірдің мәдени өміріне серпін беріп, халықтың өнерге, ұлттық дәстүрге деген ықыласын оята түсті деп сеніммен айта аламыз.

Өткен жылдың ең айшықты оқиғаларының бірі – облысымыздың 85 жылдық мерейтойын атап өту. Осы бағытта өңірде кең көлемді мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, халық руханиятының көкжиегі кеңейе түсті. Мерейтой аясында облыс аудандарында «Мәдениет – асыл қазынам» атты аудандық мәдениет күндері өткізіліп, аудандар арасындағы рухани байланысты нығайтты. Жыр алыбының атымен аталған Жамбыл өңірі – еліміздегі алғашқы тұлға есімі берілген облыс саналады. «Атыңнан айналайын Әулиеата, атыңды мен алды деп болма қапа» деп көзі тірісінде-ақ аймаққа аты беріліп, туған жеріне жырмен тағзым еткен Жамбыл Жабаев есімін ұлықтау бүгінгі өскелең ұрпақтың еншісіндегі абыройлы міндетке айналған. Бұған жыл сайын Жамбыл жерінде өткізілетін республикалық ақындар айтысы дәлел бола алады.

Облыс әкімдігінің қолдауымен ағымдағы жылда дәстүрге сай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық ақындар айтысы жалғасын тапты. Әулиеата жері ұлттық кино өнерінің де алтын қорына талай олжа салған қасиетті мекен. Облыс аумағында Жамбыл Жабаевтың өмірінен сыр шертетін «Жамбылдың жастық шағы», «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмдерімен қатар, қазақ киносының жауһарларының бірі саналатын «Транссібір экспресі» фильмі де түсірілген. Бұл қатарға Нұртас Адамбайдың «Тараз», Алишер Утевтің «5:32» кинокартиналарын қосуға болады. Бұл қазақ киноиндустрия саласындағы облысымыздың айшықты рөлі бар екендігінің айқын дәлелі. Аймақтың бұл бағыттағы әлеуетін арттыру мақсатында Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ы. Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде «Кино әлемінің онкүндігінің» салтанатты ашылуы өтті.

Кеш барысында Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген Жандос Құсайыновтың «Жамбыл. Жаңа дәуір» көркем фильмі көрермен назарына ұсынылды. Онкүндік аясында мемлекеттің қолдауымен түсірілген «ДосМұқасан», «Қажымұқан», «Тайқазан хикаясы», «Боксер» тағы басқа кинолары өңір көрермендерінің назарына жол тартты. 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күнін орай салтанатты іс-шара кең ауқымда өтіп, мәдениет саласының ардақты өкілдеріне айрықша құрмет көрсетілді. Айтулы күні Байзақ ауданының көркем табиғат аясында, ашық аспан астында өткен басты ісшараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, сала қызметкерлеріне деген ыстық ықыласын білдірді. Өңір басшысы, құттықтау сөзінде мәдениет – халықтың рухани байлығы мен болмысының алтын діңгегі екенін атап өтіп, осы бағытта қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегіне жоғары баға берді.

Аймақ басшысы мәдениет пен өнерді өркендету жолында жүрген бірқатар қызметкерлерге мерекелік марапаттарын табыстады. Сондай-ақ, осы күні облыстық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев пен облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай да өз әріптестеріне жылы лебіздерін білдіріп, сала үздіктеріне құрмет көрсетті. Мерекелік күннің аясында ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған ауқымды іс-шаралар өтті.

Кітапсүйер қауымға арналған рухани көрмелер, тарихи жәдігерлердің экспозициясы, балаларға арналған «Балауса» циркінің жарқын қойылымдары көрермендерді тәнті етті. Сонымен қатар ұлттық спорт ойындарынан сайыстар өткізіліп, көпшілік назарына қазақ халқының ерлік пен төзімділікті дәріптейтін дәстүрлі спорт түрлері ұсынылды. Мереке мезіретінде Тараз қаласындағы «Jenis arena» спорт алаңында мәдениет қызметкерлері арасында кіші футболдан жарыс өтті. «Спорт – денсаулық кепілі» ұранымен өткен бұл ерекше шараның басты мақсаты – мәдениет саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды салауатты өмір салтына тарту, спортқа баулу, сондай-ақ әріптестер арасындағы бірлікті нығайту. Жарысқа басқармаға қарасты мекеме қызметкерлері қатысып, өзара бақ сынап, араларынан мықтыны анықтады. Ауыл – қазақ мәдениетінің мәйегі.

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің бастамасымен ауыл мәдениетін дамыту басты назарда. Осы мақсатта 2024 жылы облыста 98,5 штат бірлігіне 114 үйірме жетекшісі жұмысқа қабылданып, 184 жаңа үйірме ашылды. Бұл үйірмелерге 2322 бала мен жас жеткіншек тартылып, шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік алды. Бұл ауыл өнерпаздарына берілген үлкен қолдау. Ауылдық мәдениет ошақтарына әдістемелік көмегі зор «Ауыл-Club» облыстық Art-тимбилдингі өтті. Бұл – ауыл өнерпаздарына көрсетілген зор қолдаудың, ауыл мәдениетінің дамуына бағытталған тың серпілістің айқын көрінісі.

Биылғы «Ауыл-Club» облыстық Art-тимбилдингі өзінің ерекше форматы, мазмұндық байлығы және шығармашылыққа толы атмосферасымен көптің көңілінен шықты. Майтөбе ауылының маңында өткен бұл шара ауылдық клубтардың басын қосып, тәжірибе алмасудың жаңа алаңына айналды. Art-тимбилдингтің алғашқы күні ерекше қарқынмен өрбіді. Әр аудан киіз үй тігіп, оның маңын өз өңірінің мәдени болмысын айшықтайтын ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен, бұйымдармен безендірді. Таңнан түске дейін үш аудан, түстен кейін тағы үш аудан сахнаға шығып, өз өнерін ортаға салды. Бұл күні әр өңірдің мәдени тынысы, өнерпаздарының таланты, шығармашылық ізденісі айқын көрінді. Ән өнерінің мәртебесін арттыруға бағытталған тағы бір жоба «Күзгі әуен» классикалық өнер кеші биыл Халықаралық мәртебеде жалғасын тапты. Әсем әуен мен сырлы сазға толы кеште Қазақстанның халық әртісі, опера өнерінің мақтанышы Нұржамал Үсенбаева, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртістері Заира Раимбекова, Айзирек Момунова, Айбек Саралаев, халықаралық байқаулардың лауреаттары – өзбекстандық Дамир Рахмонов, қырғызстандық Эльгиз Бейшенбаев, алматылық Дамир Садуахасов, сондай-ақ Тараздық таланттар – Бахром Муминов пен Диас Әбілеков әлем және қазақ классиктерінің таңдаулы шығармаларын орындап, тыңдарман жүрегін баурады.

Осылайша Тараз төрінде үшінші рет өткізіліп отырған дәстүрге айналған мәдени іс-шара биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өтіп, түрлі елдің майталман өнерпаздарын тоғыстырды. Сонымен қатар биыл облыстық көркем өнерпаздар ұжымдарына «Халықтық» және «Үлгілі» атағын беру мақсатында жабық көрсетілім өтті. Атап айтсақ, Байзақ ауданынан – «Кенен сазы» фольклорлық ансамблі, Шу ауданынан – «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі, Меркі ауданынан – «Асыл мұра» фольклорлық-этнографиялық тобы, Мойынқұм ауданынан – «Омаровтар» отбасылық ансамблі, Т.Рысқұлов ауданынан – «Пірімқұлов» отбасылық ансамблі мен «Эльбрус» қарашай фольклорлық ансамблі, Қордай ауданынан – «Ромашки» балалар вокалдық ансамблі мен «Нұрсұлтан» би ансамблі, сондай-ақ Тараз қаласынан – «Талант» студенттік театры өз өнерлерін ортаға салды.

Көрсетілім соңында комиссия төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Рига Талғатқызы қатысушылардың еңбегіне жоғары баға беріп, бірқатар ұсыныстарын айтып, ұжымдарға шығармашылық табыс тіледі. Көрсетілім нәтижесі Мәдениет және ақпарат министрлігінің шешімімен алдағы уақытта жарияланбақ. Мәдениет пен өнер – халқымыздың болмысын, еліміздің тарихы мен бірегейлігін айшықтайтын киелі ұғым.

Тәуелсіздігіне тәубе етіп, даму мен тұрақтылықты мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр. Жеке адамның, ұжым мен қоғамның, мемлекеттің мәдениеті жоғары болса, еңсесі биік, рухы асқақ болмақ. Сондықтан қашанда өңір мәдениетін қолдау маңызды міндеттердің бірі болып қала бермек.

 

Ғани САДЫРБАЕВ

облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры

Ұқсас жаңалықтар